Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Асыл сөзді іздесең...

Асыл сөзді іздесең...

2020 жылдан бастап 10 тамыз ресми түрде Абай күні мерекесі ретінде атап өтіледі. Айтулы мереке халқымыздың ізгілік пен өркениет өріне басқан қайырлы қадамы болды. Абай тағылымына тағзым ету – Рухани жаңғырудың үлкен кезеңі.

Мереке қарсаңында түрлі іс-шаралар мен арнайы байқаулар ұйымдастырылып, жас­тар мен жасөспірімдер арасында ұлы ақынның шығар­машылығы насихатталады. Осындай игі істің бірін аудандық кітапхана мен «Жалын» сауықтыру лагері бірлесе отырып ұйымдастырды. Жастар ресурстық орталығы қолдау көрсеткен байқау «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе» тақырыбын арқау етті.

Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу әрі ойнай жүріп ойлауын дамытуды мақсат еткен байқауға барлығы жеті оқушы қатысты. Бүгінде «Жалын» сауықтыру лагерінде демалып жүрген оқушылар атаулы байқауға асқан ынтамен дайындалып келіпті.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде оқушылар Абай Құнанбайұлы шығармашылығынан бір ойды алып, өз ойларынша түсіндіріп берді. Сондай-ақ айтылған ойға сәйкес ақынның бір өлеңін жатқа оқыды. Ал қазылар алқасы қатысушыларды сөйлеу мәдениетіне, ойды көркем жеткізуі шебер­лігіне қарап бағалады.

Екінші кезең «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» деп аталды. Аталған бөлімде сайыс­керлер бас ақынның нақыл сөздерін жатқа білетіндерін көрсетті. Яғни қобдишадан таңдап алған қағаздағы нақыл сөзді жалғастыру арқылы тапқырлықтарын танытты.

Әділқазылар сайыс қорытындысын шығарғанға дейін лагерь тынығушыларының арасында әдеби лото ойыны ұйымдастырылды. Мұнда жанкүйерлер мен көрермендер Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беріп, сыйлықтар ұтып алды.

Сайыс қорытындысына сәйкес өлеңді мүдірмей оқып, сұрақтарға түгел жауап берген, өз ойын орамды етіп ортаға салған І.Қосанбай бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орынды Д.Кеңес ұтып алса, үшінші орынға А.Отанова тұрақтады. І.Көшкінбай, А.Алмабекұлы, А.Серікбол, А.Әлімжанқызы ерекше өнер көрсеткені үшін марапатталды. Тағылымды іс-шара соңында Ханшайым есімді кішкентай бүлдіршін Абай Құнанбайұлының өлеңін жатқа оқып беріп, көрерменді тәнті етті. Байқауға қатысқан арнайы қонақтар өнерпаздарға арнайы диплом мен сый-сияпат табыстады.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
09 тамыз 2022 ж. 222 0