Балақайлардың бақытты мекені
Бүгінде үздіксіз білім беру жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, қабілетті ұрпақ ұлтымыздың баға жетпес қазынасы саналады. Осы ретте, жас өскіндердің білімді, тәрбиелі болып қалыптасуы балабақшадан басталады. Ауданда бүлдіршіндерді жастай жақсыға үйретіп, мектепке дайындайтын балабақшалар жетерлік. Солардың бірі – ауданға қарасты Ақжарма ауылындағы «Бүлдіршін» бөбекжай балабақшасы.
Балабақша 1975 жылы типтік жобада салынған. Қос қабатты ғимарат 140 балаға арналған. Бүгінде мұнда 37 қызметкер жұмыс істейді. Бөбекжайда қазіргі таңда 5 топта 120 бала тәрбиеленуде. Ересек топта 50, ортаңғы топта 50 және кіші топта 20 бүлдіршін бастапқы білімді меңгеруде.
– Балабақша жан-жағын енді ғана танып келе жатқан балғындардың білім ұясы саналады. Мұнда берілген тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы әрі бұл мекен жан-жақты тәрбиемен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын. «Бүлдіршін» бөбекжай балабақшасында балалардың бір-бірімен араласып-құраласып, ой-өрістері мен қарым-қабілетін арттыруға баса ден қойылған. Олардың балабақшадан үйренері көп. Себебі дәл осы жас аралығындағылардың оқуға қабілеті жоғары. Оның үстіне бізде біліктілігі жоғары педагогтарымыз көп. Ұжым ретінде «Баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі» қағидасымен келешекке қадам басудамыз, – дейді балабақша меңгерушісі Рабиға Баекеева.
Меңгерушінің айтуынша, балабақшада жұмыс істейтін 37 қызметкердің 16-сы – педагог, 21-і – кіші қызметкер. Педагогтардың сандық сапалы құрамы бойынша жоғары білімдісі – 8, арнаулы орта білімді – 8. Сондай-ақ 5 модератор, 2 педагогтің ІІ санатты біліктілігі бар.
Тіректі елді мекендегі балабақшада оқыту жүйесі «Мектепке дейінгі тəрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» үлгілік оқу жоспары мен үлгілік оқу бағдарламасына негізделген. Мұнда балалардың табысты бейімделуі мен дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Мектеп жасына дейінгі балалар мәдени және гигиеналық дағдыларға, күн тәртібін, ұйымдастырылған оқу қызметін сақтауға, өзін-өзі үйрету дағдыларын қалыптастырып және оларды күнделікті өмірде қолдануға бейімделген. Сондай-ақ әр баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, педагогтар оларды жан-жақты дамытуға арнайы білім беру салаларын кіріктіру негізінде жұмыс істеуде.
– Балабақшада 2021 жылы логопедиялық кабинет жасақталып, пайдалануға берілді. Мұның енді ғана сөйлеуге дағдыланып келе жатқан бүлдіршіндерге септігі зор. Одан бөлек, жұмыс барысында балабақша қызметкерлерінің біліктілігін, кәсібилігін дамыту үшін түрлі сайыстар, тренингтер, дөңгелек үстелдер өткізіліп тұрады. Атап айтқанда, ауылдық мәдениет үйінде «Наурыз» мерекесіне орай өткізілген мекемеаралық жарыста жүлделі екінші орынды иелендік. Балабақшалар арасында ұйымдастырылатын аудандық, облыстық семинар, байқауларға да жиі қатысамыз. Сондай іс-шаралардан жинақтаған тәжірибе арқылы балғындарымыз білімді, тәрбиелі болып қалыптасуда, – дейді Рабиға Сайлаубайқызы.
Білікті педагогтар тәрбиесін көрген балабақша тәрбиеленушілері республикалық, облыстық, аудандық байқауларда белсенділік танытуда. Әрбір қылықтары баршаны сүйсіндіретін бүлдіршіндер түрлі сайыстарда топ жарып, мерейді үстем етіп жүр. Мәселен, Алматы қаласында өткізілген «Бала дарын» республикалық жасөспірімдер байқауында балабақша тәрбиеленушісі Нартай Ақтілек Абай Құнанбайұлының «Күз» өлеңін мәнерлеп оқып, І дәрежелі дипломмен марапатталған. Бұл бөбекжай ұжымы үшін де, ата-ана үшін де зор қуаныш, жетістік.
– Менің немерем Нұрдана осы жерде мектепке дейінгі тәрбие алуда. Ол балабақшада жасына сай базалық білім алып, зейінін қалыптастыруда. Тек бұл ғана емес, саламатты өмір салтына бейімделіп, өнерге де қадам басты. Немерем осында келгелі белсенді. Түрлі тақпақ жаттап, ән айтуда. Апайлары да мейірімді, бізбен де жақсы қарым-қатынаста. Жалпы ұжымның жұмысы көңілімізден шығады, алғыс айтамыз – дейді ақжармалық ардақты ана Марина Тасбергенова.
Білімге деген алғашқы баспалдақты қалыптастыруда «Бүлдіршін» бөбекжай балабақшасының қызметкерлері қажырлы еңбек етіп келеді. Тиісінше, «Бүлдіршіндегі» балғын шақ балабақша тәрбиеленушілері үшін қызықты өтіп жатқанына сенімдіміз. Саналы ұрпақ тәрбиелеудегі ұжым қызметіне зор табыс тілейміз.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ