Бүлдіршіннің бабы балабақшада
"Балабақшадағы тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы" демекші ауылдағы «Балдырған» бөбекжай балабақшасының іргетасы тым ертеректе қаланды. Кейіннен тоқырау заманда балабақша жабылып, ғимараты қаңырап бос қалды. 2005 жылы «Абзал және К» ЖШС қолдауымен жергілікті бюджеттен 1 млн 800 мың теңге қаржы бөлініп балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Сол жылдың қыркүйек айынан бастап балабақша жұмысы қайта жанданып, балаларды қабылдауды бастап кетті. 2014 жылы жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, балабақша қайта жөндеуден өтіп, заманауи талапқа сай жабдықталды.
Қазіргі уақытта балабақшада карантиндік талаптарға байланысты 4 топта 60 бала тәрбиеленуде. Кіші, ортаңғы және ересек топтармен жұмыс жасайтын балабақша негізінен 90 балаға арналған. Мұнда 32 қызметкер жұмыс жасайды. Оның он алтысы педагог қалғандары техникалық қызметкерлер. Оның ішінде психолог, ән-әуез жетекшісі, дефектолог-логопед мамандары бар. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті кабинет ашылып, жұмыс жасауда.
– Мұндай логопункт кабинеті аудан бойынша санаулы балабақшада өз жұмысын жүргізуде. Оның арнайы дефектолог-логопед маманы бар. Кабинет арнайы құрал-жабдықтармен қамтылған. Қазіргі уақытта 20 бала тәрбиеленуде. Ол балалардың көбісінің тілінде мүкістігі бар, тілінің кеш шығуы, әріптерге тілінің келмеуі деген сияқты ақаулар. Қазір балалармен көп сөйлеспейміз, қолына ұялы телефонды береміз, бала да тыныш, өзіміз де жұмысымызды тындырып жүре береміз. Соның әсерінен балалардың тілі кеш дамуда. Балалармен көп сөйлесіп, тығыз қарым-қатынаста болсақ мұндайдың алдын алуға болады, – дейді балабақша меңгерушісі Мирамкүл Әнуарбекқызы.
Балабақша ұжымы бала тәрбиесімен қатар ауылда атқарылып жатқан шараларға белсене араласады. Бірлігі бекем балабақшаның жұмысы алға баса берсін демекпіз!
Айдана ҚАЛИЕВА