Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал еңбегімен абыройға кенелген

Адал еңбегімен абыройға кенелген

Өзі өмірден өтсе де өнегелі ісі мен сүбелі сөзі ұмытылмайтын тұл­­­ға­­­­­­­­­лар болады. Тереңөзектік белгілі өнертапқыш Абадулла (Абат) Сейілов сондай ұмытылмайтын тұлғалар санатынан десек қателеспейміз. Ол ауданның ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар қа­жырлы еңбек етті. Мекеме басқарып, ұжым­ға абыройлы басшы, қоғамға сыйлы азамат болды. Бүгін ардагер аға­лардың ұсынысы негізінде қолға қалам алып, еңбексүйгіштігімен ел құрметіне бөленген азамат туралы жазуды жөн көрдік.

Халық даналығында «Әлемнің әміршісі – ең­бек» деп бекер айтылмаған. Әр азаматтың абы­ройға, беделге адал еңбегімен жететінін ұғын­ған ата-бабаларымыз ұрпағын бала күнінен ең­бексүйгіштікке баулыған. Біздің бүгінгі кейіп­ке­ріміз Абадулла (Абат) Сейіловтің де ата-анасы пер­зентінің адал еңбекті ту етіп, қоғамға пайдасы тиетін маман болғанын қалағаны анық. Ата-ана­ның ақ үмітімен, ұстаздардың адал еңбегімен ұштасқан осынау игі ниеттің арқасында А.Сейілов алдына үлкен мақсаттар қойды. Ол жоспарлары­на ізденісті серік етіп, табанды еңбек етумен жететінін білді. Сөйтіп, аудан орталығындағы №36 орыс орта мектебін үздікке тәмамдаған соң арман қуып, сонау Украинаға аттанады. Жо­лы болғанда Мелитополь қаласының климаты мен Сыр өңірінің ауа райында ұқсастық көп бо­лып, ол үлкен қалаға тез үйренісіп кетеді. Мұн­да ауыл шаруашылығын механизациялау инс­ти­тунда оқып, белгілі ға­лымдар мен тәжірибелі дә­ріскерлерден білім алады. Түске дейін оқуда бол­са, түстен кейін ауыл шаруашылығы саласы бо­йынша түрлі жұмыстарды атқарып, оқу мен тоқуды қатар алып жүреді. А.Сейіловтің бойындағы бұл қасиетті институттың педагогикалық ұжымы жоғары бағалайтын. Алайда ізденімпаз студент институтта оқып жүргенінде әскер қатарына шақырылып, 1968-1970 жылдары азаматтық мін­де­тін орындауға бел буады. Сөйтіп, оқуды 1971 жылы толық аяқтап, еңбек жолын өзі туып өскен Тереңөзекте бастайды. Осы орайда осыдан бірер жыл бұрын кейіпкеріміздің көзі ті­рі­сінде өзімен сөйлесіп, сұхбат құрғанда жалынды жастық шағы мен алғашқы еңбек жолының бас­талған кезеңдері туралы айтқаны ойға оралады.

«Елуінші жылдардың соңы, алпысыншы жыл­дардың басында ел тұрмысы әлі түзеліп кете қой­мады. Мектептегі оқудан босаған жаз айларында аға-апаларымыздың ертелі-кеш еңбек ететінін көретінбіз. Соған сай біз де еңбек етуге ерте бас­тан дағдыландық. Ойлап отырсам, бір жағы күнкөріс, бір жағы шыңдалу мектебі болыпты сол кезеңдер. Мен Тәңірден кейін бір құндылыққа тәу ету керек болса, онда еңбек деген қасиетті сөзге бас иетін едім. Өйткені, бізді ер қылған, елді ел қылған құдірет, ол – еңбек» деген еді А.Сейілов.

Иә, еңбекке шыңдалу мектебіндегі сабақтар А.Сейіловке өмірде көп пайдасын тигізді. Ол бұ­рынғы Тереңөзек ауданының «Қазақ ССР-нің 50 жыл­дығы» атындағы совхозда басталған алғашқы еңбек жолында еңбексүйгіштігінің арқасында тап­сырылған жұмыстарды тиянақты орындап, жақ­сы қырынан танылды. Совхоздың техника қа­уіп­сіздігі жөніндегі аға инженері қызметін абыроймен атқарды. Кейін МТМ меңгерушісі болып жемісті еңбек етті. Ауыл халқы, совхоз ұжымы жас маманның қарым-қабілеті мен кәсіби біліміне риза болатын. Жұмысқа ерте келіп, кеш қайтуды әдетке айналдырған, әр істің бүгіні мен ертеңін бағамдап барып шешім қабылдайтын маманның алғашқы аяқалысы осылай басталған-ды. Кейін ол аудан орталығынан шақырту алып, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас инженер қызметіне тағайындалады. А.Сейіловтің жемісті ең­бек жолының ең нәтижелі кезі осы қызметті ат­қарған уақытында көрініс тауып, оны көпшілік лайықты бағалады. Кейіпкеріміз басқармада еңбек етіп жүріп, біріктірілген агрегат ойлап тапты. Бұрын шаруашылықтарда егін егіліп, ол қамбаға түсемін дегенше бірнеше агрегат пайдаланылған болса, А.Сейілов оның бәрін бір агрегатқа біріктір­ді. Өнертапқыштың бұл еңбегін совхоздар өз қа­же­тіне жаратып, жұмыс барысында пайдаланды. Білім мен біліктілікті ұштастырған ол мұнымен тоқтап қалған жоқ. Егін жинауда қырмандарға аса қажетті механикаландырылған желі ойлап тауып, оны да қолданысқа енгізді. Сөйтіп, кейіпкерімізді жұрт ауданның маңдайалды инженер-механигі әрі өнертапқыш деп құрметтеді. Осылайша, ол адал еңбегінің арқасында ауданның ауылшаруашылық саласын дамытуға, шаруашылықтар жұмысын ме­­ха­ни­каландыруға зор үлес қосты. Кейіннен су ша­руашылығы мекемесінде директордың орынбасары қызметін де атқарды. Су тасқынынан келетін қауіп-қатердің алдын алу бағытында жергілікті ат­қарушы билік өкілдерімен бірге аянбай еңбек етті.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін жер-жерде коперативтер құрыла бастады. Бұл жаңашылдық біздің ауданда да жүзеге асып, 1992 жылы ауданда 4 кооператив құрылып, ет-сүт бағытындағы кооперативке А.Сейілов төрағалық етті. Бұл қыз­метте де ол май зауытын механикаландырып, үнем­делген қаржыдан жұмысшылардың айлығын арт­тырып, Украина, Белоруссия елдерінен ауданға асыл тұқымды малдар әкелді. Білікті азаматтың басшылығымен ауданда жасанды сүт шығарыла бастады. Осы кездерде ауданда ең алғашқы «Шы­рақ» кіші кәсіпорын бірлестігі құрылып, А.Сейілов директоры болып тағайындалды. Мекеме совхоздар мен фермаларды механикаландыру, жөндеу жұмыстарымен айналысты. Ал 1995 жылдан бас­тап кейіпкеріміз «Автодор» мекемесінің директоры қызметін атқарды. Бұл туралы қоғам қайраткері А.Божанова өткен күндерді ой елегінен өткізіп, пікір білдіреді.

«Абат Сейілов бұрынғы Тереңөзек ауданының белді азаматтарының бірі еді. Өзінің мамандығына сай жауапты жұмыстарды атқарды, өзіне жүк­телген міндетті асқан ыждағаттылықпен орын­дай­тын еді. Бір адамға зияны тимеген, «еш­кімнің тауығының аяғы сынбаса екен» дей­тін ақкөңіл, ақеден жігіт болатын. Батпандап кір­ген ауыр нау­қас ертерек төсекке таңды, сон­да да өмірге деген құштарлығын, отбасына, ту­ған-­туыстарына, құда-жекжаттарына, дос­-­жарандарына деген кең пейілін, ыстық ықы­ла­сын бір сәт төмендетпей өмір үшін күресті, ем­делді. Абат ауыр науқаспен қанша күрессе де дерт ақыры алып тынды. Бірақ Абаттың адамгершілігі, адалдығы оны біл­етіндердің есінде мәңгілікке қалды. Жағдайын сұрап барғанымызда қайта ол бізді жұбатып, жі­герлендіріп дем жіберетін. Абат пен Әлияның отбасымен біз жақсы қарым-қа­тынаста болдық, балаларын жақсы көрдік, бәрі де тәрбиелі, білімді, орнықты, ата-анасының мақ­танышы.

Жұмыс бабында Абатпен ол аудандық авто­мобиль жолдары мекемесін басқарғанда көп араластық. Ауданды екі бөліп тұрған Сырдария өзе­ніне салынған қалқымалы көпір осы мекемеге қарайтын. Қыс түсердегі мұз қату кезеңі мен көктемгі сең жүруде қалқымалы көпірді уақытша алып, қайта салу жұмысы қияметтің қияметі еді. Сол ауыр да күрделі, қауіпті жұмысқа Абат жанын аямай кірісетін, күндіз тыныштық, түнде ұй­қы көрмей, қашан көпір салынып, жол реттелгенше жұмыс басында жүретін. Осындай бейнетке толы жұмыс жыл сайын қайталанады, небір қиын сәттерді бастан өткіземіз, әлі күнге дейін естен кетпейтін қауіпті оқиғалар көп болды. Абаттың еңбеккештігі, қарапайымдылығы, ауданға жана­шыр­лығы, жақындарына, дос-жарандарына де­­­­­ген тілек­тестігі ешуақытта ұмытылмайды, оның атқарған ісі, қалдырған ізі өшпейді» дейді Алмагүл Божанова.

Айта кету керек, Абадулла (Абат) Сейіловтің еңбексүйгіштігімен ел құрметіне бөленген азамат болғанын байырғы әріптестері М.Келдібаев, Ә.Телғозиев, А.Құлбаев, Н.Дауылбаевтар зор тебіреніспен әңгімелейді. Ардагерлер білікті ин­женер-механик әрі өнертапқыш болған азамат­тың өзі өмірден өтсе де артында өнегелі істері қалғанын айтады. Ал аудан әкімінің орынбасары, Тереңөзек кентінің әкімі, аудандық ішкі сая­­сат бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған Серік Нұртазаев кішіпейіл, қонақжай, ақ көңіл А.Сейіловтің қай іске де жанашырлықпен атса­лысып, ағалық ақыл-кеңесін айтатын азамат бол­ғанын жеткізді.

– Біз Абат ағамызды бала күнімізден білеміз. Ол кісінің шыққан тегі Ақжарма ауылы болған соң оқушы кезімізде аудан орталығына пәндік олимпиадалар мен спорттық жарыстарға бар­ғанымызда міндетті түрде Абат ағаның үйіне соғатынбыз. «Ағаның үйі ақ жайлау» демекші, кейде берекелі шаңыраққа қона жатып, өзіміздің үйіміздей еркін жүретінбіз. Кейін өсе келе қызмет бабымен араласып, бірге жұмыс істедік. Әсіресе, кент әкімі болған кезімде Абат ағаның ақыл-ке­ңесі мен бағыт-бағдарына көп сүйендім. Ол кездер бірнеше жыл қатарынан ауданды су тасқыны әбігерге салған қиын кезең еді. Соркөлдің табанына жиналған ыза су халықтың ыза-ренішін тудырып, шағым көбейіп, сол жұмысты реттеуге барлық мекеме жұмылдырылды. Осы ретте, су шаруашылығы саласының білікті маманы Абат ағаға қызыл суды «Әйтек» каналына ағызып жіберіп, ыза судан құтылу жолдарын зерттеп, ұсыныс енгізу жөнінде өтініш айтқан едік. Ол кісі бұл мәселенің халық үшін маңыздылығын ескеріп, бірден арнайы техникалар арқылы өлшеу, сызу жұмыстарын жүргізіп, автожолдың төмендеу же­рін уақытша бұзып, «Әйтек» каналына ағызуға болатынын айтты. Сөйтіп, бұл іс аудан әкімінің назарына алынып, облыстық мекемелердің ке­лісімімен ыза судан құтылдық. Кейін жолдың бұзылған жерін қайтадан реттеп, жөндедік. Халық ыза судан құтылғанымызға риза болып, алғысын айтты. Ал біз Абат ағаға қолдау білдіргені үшін рақметімізді жеткіздік. Міне, осындай істердің басы-қасынан табылатын Абат ағамыз қоғамға қажетті істерде уақытпен санаспай еңбек ететін. Ал отбасының шамшырағы Әлия Төлеуова да бас­шылық қызметтерді атқарған, қызмет пен отбасыны қатар алып жүрген ардақты жан. Ол кісі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Қазір ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін көруде, – дейді Серік Нұртазаев.

Осы ретте, А.Сейіловтің «Сырдария ауданы­ның Құрметті азаматы» Әлия Төлеуовамен бірге ұл-қыз өсіріп, ұлағатты ұрпақ өрбіткенін айта кеткеніміз жөн. Өнегелі өмір иесінің тағылымды тағдыр жолы туралы бірер жыл бұрын ардагер-журналист Шаһарбек Нұрсейітов қалам тербеген болатын. Сол мақаладан үзінді келтірер болсақ, Әлия Төлеуованың да текті әулеттен шыққан абыройлы жан екенін аңғарамыз.

«Ә.Нұрадинқызы қыстақ орталығындағы №36 орта мектептің 8 сыныбын бітіргеннен ке­йін Қызылорда медициналық училищесінің фельд­шерлік факультетіне оқуға түсті. Арнаулы оқу орнын тәмамдаған соң аудан орталығында екі-үш жыл фельдшер болып жұмыс істеді. Орта буын қызметкер жоғары білімді маман болсам деп армандап, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының инженер-технолог мамандығына оқуға түсті. Диплом алғаннан кейін туған жерге оралып, аудандық тамақтандыру ме­кемесінде алғашында технолог, кейін директор болып қызмет атқарды. Осы мекемеде 13 жыл абыройлы жұмыс жасады. Одақ тұсында сауда саласында қызмет атқару асқан жауапкершілікті талап ететін. Басшы ретінде әрдайым әділеттілік ұстанымына сай жұмысты таза жүргізіп, сауда жоспарын орындауды жүзеге асырды. Соның нәтижесінде, өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарының бас кезінде Ә.Төлеуова Тереңөзек жұ­мысшылар кооперациясының төрайымы болып тағайындалды. Бұл қоғамдық формация өзгеріп, нарықтық қатынастар енгізіліп жат­қан аласапыран кезең еді. Сауда саласында заман ағымына сай басшылық жасап, жарқын іс­терімен көрінген Әлия Нұрадинқызы 1995 жы­лы аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды. «Адамды орта өсіреді» дейді халық да­налығы. Сол айтқандай, егемендігіміздің бас­тауында сайлаушылармен тығыз қарым-қа­тынас орнатып, олардың аманатын орындауда белсенділік танытқан халық қалаулысы ау­дандық мәслихатқа бас маман болып жұмысқа қабылданды. Одан кейін тексеру комиссиясының төрайымы болып сайланды. Аудандық мәслихат депутаты Әлия Нұрадинқызы 1998 жылы Астана қаласында өткен әйелдердің ІІ республикалық форумына қатысып, Елбасының қабылдауында болды. Мұндай құрмет таңдаулыларға ғана көр­сетілетіні белгілі. Осындай белсенді жанға аудан жұртшылығы сенім білдіріп, үш мәрте І, ІІ, ІІІ шақырылымдағы аудандық мәслихаттың депутаты етіп сайлады. Көпшілікпен жұмыс жасаудан мол тәжірибе жинақтаған іскер басшы зейнеткерлікке шығар қарсаңында екі жыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім басшысының орынбасары болып қызмет атқарды. Ол 2009 жылы «Лучшие люди Казахстана, России, Белоруссии, Украины» кітабына енді. Өмірлік белсенділігімен ерекшеленетін Әлия Төлеуова еңбегіне лайық марапаттарға да ие болды. Ол «ҚР Конституциясының 10 жылдығы», мәслихаттың – 10, 20 жылдығы, «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медальдарының иегері» деп жазған еді Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ш.Нұрсейітов.

Ынтымағы жарасқан ерлі-зайыптылар үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Нұргүл – Алматыдағы жоғары оқу орнында декан қызметін атқарады, техника ғылымдарының кандидаты. Қарашаңырақтың иесі Нұрлыбек – аудандық су­мен қамту мекемесінде инженер-технолог болса, Айымкүл – С.Асфендияров атындағы меди­ци­налық академияны қызыл дипломмен бітіріп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Америка Құрама Штатында тәжірибеден өтті. Қазіргі таң­да Назарбаев университетінде студенттерге дәріс береді. Ал кенжесі Әйгерім Талдықорған қала­сында тіс дәрігері болып еңбек етеді.

Осындай өнегелі ісімен өшпес із қалдырған, ұрпақтары өмірден өз орнын тапқан А.Сейілов 74 жасқа келер шағында дүниеден өтті. Жүйрік уақытқа тоқтам бар ма? Асыл азаматтың бақилық сапарға аттанғанына да жыл толыпты. Біз осыған орай ардагерлердің ұсынысы негізінде қолға қалам алып, жоғарыда атап өткеніміздей мақала жазуды жөн көрдік. Ұмытылмайтын ұлы тұлғаның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай!


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

02 тамыз 2022 ж. 478 0