Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел тірегі – еңселі елорда

Ел тірегі – еңселі елорда

Нұр-Сұлтан қаласы – бүгінде тұрғындарының саны миллионнан асатын еліміздегі ірі ме­га­полистердің бірі. Сары­арқа төсінде қар­қынды құрылыс дүм­пуі­мен бой көтерген жас ша­һар халықара­лық озық қалалардың үл­гісімен үздіксіз дамып келеді. Елордаға әр жылда қы­дырып бара қалсаңыз, қала­ның жыл жылжы­ған сайын жаңарып, жасарып, қарқындап ке­ле жатқанына көз жеткізесіз.

ХІХ ғасырдың басында Есіл өзенінің жағасындағы шағын қазақ бекінісінің хал­қы өздері тіршілік құрып жатқан елді мекеннің болашақта миллионнан астам халқы бар егемен елдің бас қаласына айналатынын, сірә, білмеген болар. Иә, 1961 жылы Ақмола қаласы жаңа серпінмен да­мудың даңғыл жолына түсті. Қала атауы «Целино­град» деп ауыстырылып, тың жерлер игеріле бастады. Кейін ел егемендігін алып, Тәуелсіздіктің ақ таңы атқаннан кейін қала атауы қайта Ақмола болып өзгер­тілді. Ал 1998 жылы астанамыз Алматыдан Ақмолаға ауысып, қаланың аты «Астана» болып бекітілді. Тұңғыш Президент Жарлыққа қол қойған уақыт 1997 жыл болса, сол жылы Ақмола қаласы ресми түрде «Елорда» деп жарияланды. Ал 1998 жылы 6 шілде күні қалаға жаңа атау беру жөнінде Жарлық қабылданды. Міне, осыған орай 6 шілде елорда күні ретінде республика көлемінде тойланып келеді.

Бас шаһардың төл мерекесі биыл жиырма төртінші рет тойлануда. Елбасының «Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға осында – ұлан-байтақ елдің кіндігінде хал­ық тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Ота­нымыздың жүрегі енді осы жерде соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мың­­жыл­­дықтың табалдырығында өзінің тари­хи тағдырын айқындайтын болады» деген сенімді сөзі бүгінде ақиқатқа айнал­­ды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Елордамыз – Нұр-Сұл­тан қаласы Қазақстанның жарқын жетіс­­тіктерін айшықтайды. Тұңғыш прези­ден­тіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың аста­наны көшіру туралы бірегей шешімі халқымыз үшін аса маңызды тарихи оқиға болды» деуі елдіктің маңызын еселей түскені айқын.

Бас қаланы алғаш Сарыарқа төріне ауыс­тырған кезде қалада жаңа ғимараттар болмаған. Деректерге сүйенсек, көшіп кел­ген барлық мемлекеттік құрылымдар ескі ғимараттарға қоныстанған. Қиын күн­дерді бастан кешсе де берілмей, үл­кен еңбектің арқасында бүгінде елордамыз дамып, өркендеді. Тарихқа көз жү­гіртсек, халықтың болашағы мен геосая­­си мүддесіне сәйкес, саяси орталығын ауыстырған елдер әлемде жетерлік. Се­бебі жаңа астана мемлекеттің жүрегі, елдіктің басты тірегі болып табылады. Мысалы, алпауыт ел саналатын Америка Британия империясының құрамынан бөлініп, жеке отау тіккелі өз астанасын тоғыз рет өзгерткен. Ал көршілес Ресей болса бас қаласын төрт рет ауыстырыпты.

Әл-Фараби данамыз өзінің «Қайырым­ды қала» туралы әйгілі трактатында жаз­ғанындай, Нұр-Сұлтан қаласы ізгі идеялармен қайта өрлеу сатысына қадам жасады. Осы аралықта елімізде өткен құрылтай, форум, кеңес пен конференциялар Қазақ елінің елордасын әлемдік өркениетке кеңі­нен танытты.

Нұр-Сұлтан қаласы әлемнің ең жас ас­танасы болғанымен, Еуразия кеңістігінің орталығы саналады. Сондай-ақ тек әкім­шілік орталық қана емес, өндірісі өрлеп, экономикасы еселенген орталық.

Елордамыз талай ақынның жырына, әншінің әніне арқау болған. Сұлу қала ақынның шабытын шырқау шыңға жеткізбей қоймасы анық. Көпшілік біле бермес, елордамыз туралы алғаш жа­зылған ән – ақын Амангелді Жұмабектің сө­зіне жазылған Ескермес Иманбайдың «Ақмола – бас қалам» әні. Бұл ән кезінде елорданың халықаралық тұсаукесерінде шырқалыпты. Ақмола қаласы астана болып жарияланған тұста қала жайлы үздік ән байқауы жарияланып, сонда осы ән же­ңіске жеткен. Десек те, әннің ғұмыры ұзаққа бармаған сыңайлы. Жаңа әндер дүниеге келгеннен кейін шығарма ұмыт болып қалғанымен, тарихта елорда туралы алғашқы ән болып қалары анық.

Ал 2019 жылы Парламенттің қолдауы­мен Қосым-Жомарт Тоқаев қала атауын өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл елордамыздың жаңа бір белесі болып тарихта қалды.

Қорыта келе, осынша уақыт тарихын­да ел астанасы заманға сай ерекше қар­қынмен дамып келеді. Бүгінде Сары­арқа төрінен орын алған бас қала­мыз­дың ке­лешегі кемел, болашағы жарқын деп се­німмен айта аламыз. Елорда – тұтас елі­міздің ертеңге деген үкілі үміті мен се­ні­мінің айнасы, арманы мен тілегінің кө­рінісі. Бас қала – жалынды жастардың ор­дасы. Жарқын болашаққа апарар жол да осы қаладан бастау алып жататындай көрінеді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
05 шілде 2022 ж. 330 0