Ертеңге деген сенімді еселейді
Есіл бойындағы еңселі Елорда елдің бағын еселеп, бірлігін бекемдеген құтты мекенге айналды.
Иә, бүгінде Арқа төсіндегі сәулеті мен дәулеті келіскен Нұр-Сұлтан – Алаштың рухын көтерген бас қаласы, бағаналы орда, бақ ордасы.Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл шешімімен бой көтерген Елорда – Елбасының төл туындысы. Заманауи Қазақстанның негізін қалаған тарихи тұлғаның алмағайып уақытта қабылдаған бұл шешімі қалай қарасақ та дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеді.
Елорда – саяси шешімдер сараланатын, әлем елдерінің көшбасшылары бас қосатын, ұтқыр идеялар жүзеге асатын қала. Жаһандағы ең жас астаналар қатарындағы Нұр-Сұлтан бізге ғана солай көрінбейді, әлем осылай таниды. Бұл – әрине, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бір кездегі батыл шешім, пәрменді саясатының нәтижесі.
Экономика тұралап, кәсіпорындар тоқтаған, жұмыссыздар саны көбейген егемендіктен кейінгі елең-алаң уақытта елді алға бастаған, тарихта тұңғыш рет атом қаруынан бас тартқан, ядросыз әлемге жол ашқан елдің Тұңғыш Президенті шекараны шегендеп, халықаралық құжаттармен бекітіп, тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында айтулы, жарқын жеңіске қол жеткізді. Бұл іргелі істердің маңыздылығын бүгінгі буын ғана емес, келер ұрпақ та айқын сезінері сөзсіз.
Ал, Арқа төсінде жаңа заманның қаласындай бой түзеген Елорда елдің жарқын болашағын елестетеді, ертеңге деген сенімді еселей түседі.
Абзал ЕРАЛИЕВ,
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты,
Қазақстанның Еңбек Ері.