ГҮЛДЕНГЕН, ӘСЕМ АСТАНА
Қайсар халық тәуелсіздігіне қол жеткізген күннен бастап тарихтың жаңа беттері ашылғаны белгілі. Азаттағымыздың айқындылығы үшін Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев үлкен мақсаттарды алға қойып, зор міндеттерді іске асыруға кірісті. Міне, сондай айқын міндеттердің бірі – Елорданы Ақмолаға көшіру идеясы болатын. Елбасының елдіктің келешегіне жасаған тарихи шешімі, яғни, мемлекеттің бас қаласын көшіру туралы бастамасы осыдан 20 жыл бұрын ресми жағдайда жүзеге аса бастаған еді.
Осы тұста, тарихқа сәл шегініс жасап, елордамыздың жылнамасына көз жүгіртер болсақ, сонау 1997 жылдың 20 қазанында Елбасы Жарлығымен Ақмола қазақ елінің астанасы болып жарияланып, ресми көшіру 10 желтоқсанда жүзеге асты. Алдымен, Бас қалаға Мемлекеттік нышандар салтанатты түрде жеткізілді. Сарыарқа төсіндегі Астана құрылыс алаңына айналып, зәулім ғимараттар бой көтере бастады. 1998 жылғы 6 мамырдағы Елбасы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертіліп, жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. Негізі, Ел Президенті астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру идеясын 1994 жылы 6 шілде күні Қазақстан Респубилкасы Жоғарғы кеңесінің жалпы отырысында ұсынған болатын. Міне, сол себепті де елімізде «Астана күні» 10 маусымда емес 6 шілдеде атап өтіледі.
Елорданы көшіру туралы идеяны Ұлт Лидері кейбіреулердің күдіктеріне қарамастан іске асырып, ел мақтаншына айналдырды. Бұл туралы Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «1994 жылдың 6 маусымында Парламент Мәжiлiсiнде мен астананы көшiру туралы идеяны жария еттiм. Сол кезде жұрттың бәрi менi қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептедi. Өйткенi, елдiң жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақылар уақытында төленбей жатты. Ал ендi бiреулер астананы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде бұл шешiм 2030 жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осыдан үш жыл өткенде депутаттардың өзi пойызбен жаңа астанаға көшiп келдi. Ендi шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды», - деп жазады. Осыдан-ақ, өркениетке ұмтылған елдің бас қаласы – Елбасының ерен еңбегі мен ерлігі екені айтуға болады. Қазақстан Президенті айқын мақсатының арқасында егемен елдің жаңа тарихының шынайы бейнесін қалыптастырды. Содан бергі 20 жыл ішінде Сарыарқа төрінде елеулі, еңселі Елорда әлемге танылды және елімізді әлемге танытты.
Бүгінде Астананың сәулеті мен дәулетіне көз тояды. Қаланың көркі келісті, дамуы өрісті. Мұндағы зәулім ғимараттар, айшықты нысандар қазақстандықтардың, сондай-ақ шет елден келген қонақтардың таңқалысын тудыруда. Тұңғыш Президентіміздің идеясымен іргесі қаланған жаңа Елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды. Бас қаламыз қазіргі таңда келісім ордасы саналады және барлық мемлекеттер бас қосатын Еуразия кеңістігінің орталығына айналған. Мұнда халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де әлемдік шаралар өтуде. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. Биылғы жылы халықаралық мамандандырылған «Expo-2017» көрмесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Жалпы айтқанда, 20 жыл бұрын әлем картасында пайда болған ел астанасы бүгінде халықаралық ынтымақтастық қаласына айналып, ел мерейін өсірген бас қала статусын иемденген.
Е.БЕРКІНБАЕВ
Пікір 3