Қандай тілек тілеп жүрсіз?

Той-жиын болсын, туған күн не отырыс болсын келгендер ақжарма тілегін арнап жатады. Кейде бата беру керек жерде үлкендердің өзі тосылып қалады. Ал батадан бұрын былайғы тілек айтып, сөз сөйлегендерді тыңдап отырсаң, небір қызық-қызық тілектерді естисің. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Қай тілегің қай кезде қабыл боларын білмейсің. Сондықтан тек жақсы сөз айту қажет дейді және үлкендер жағы.
«Зор денсаулық, ұзақ өмір, мол бақыт...» Осындай тілектерді естіген шығарсыз? Жақсысына жақсы ғой, бірақ мынадай бір мысал-әңгімені естігелі, «ұзақ ғұмыр» деген жаттанды тілекті өңін айналдырып, ойланып айтатын болдым.
Ертеректе бір ақкөңіл адам болыпты. Айналасына ұдайы қол ұшын созып, кез келген жерде көмектесуге дайын тұратын оған көмек сұраушылардың бәрі «көп жаса», «ұзақ өмір сүр» деп бата мен тілек айтады екен. Содан ай өтіп, жыл сырғиды. Әлгі адамның қызы тұрмысқа шығып, ұлы бөлек отау құрады. Сөйтіп, жапандағы лашық үйде жалғыз өзі қалса керек. Адам атаулы тұрмақ бала-шағасы сирек іздеп келеді, өзі де әбден қартайып күш-қуаты кемиді. Бірақ тірі адам тіршілігін ілініп-салынып жалғастырыпты. Сонда әлгі «Адамның шын көңілмен біреу үшін жасаған дұғасы, айтқан тілегі қабыл деген. Ел-жұрт «ұзақ жаса» деп ризашылығын білдіретін еді, япыр-ай, аз болса да, көп болса да өмірің мәнді болсын» деп неге тілемеді екен» деп «ах» ұратын көрінеді. Көп аузында тарап, бірден бірге жеткен аңыз әңгімені естіп, расында, сөз құдыретіне таң қалмасқа амал жоқ. Сөз құдыреті дегеннен шығады, дұға, тілек, бата яки қарғыс сөз тура келетін жайттар аз кездеспейді. Тіпті, аузы дуалы адамдардан арнайы бата алудың да астары тереңде.
Қазіргі жастар арасында жиі естиміз, «өзіме не тілесем, саған соны тілеймін» деп жатады. Жастар ғана емес, орта жастағы не үлкендер жағы да бұл қолданысты сөздік қорға әбден енгізген. Бұған біздің айтар уәжіміз бөлек. Расында, адам өзі үшін керегін Құдайдан дұға-тілек арқылы сұрайды. Тіпті, асыл дініміз дұға жасағанда дұға жасаушының алдымен өзіне керегін сұрауын құп көреді. Сондай-ақ абстрактілі заттармен қоса «бәтеңкеңнің бауына дейін Жаратушыдан сұра» дейді. Адам баласы өзіне ешқашан жамандық тілемесі анық. Десек те сіздің өзіңізге тілегеніңіз, ол сізге керек нәрсе. Бұл сөзді тереңірек ойлансаңыз, астарын ұға қоясыз. Яғни «Өзіме не тілесем, саған соны тілеймін» деген жаттанды сөзді де санаңыздағы «тойда айтатын тілектер» тізімінен шығарып тастаған абзал. Сондай-ақ «мақсатыңа жет» деген қолданысты да ойға, санаға икемдеп қолданған жөн.
Иә, «Шаршы топта сөз бастау қиын» деген осы болса керек. Көпшіліктің назарын аударып, жұрт алдында сөйлеу және әр сөздің астарына үңілу оңай емес. Десе де, қазақ сөз қадірін бәрінен биік қойғанын ескерсек, әр сөзді орынды, икемдеп пайдалану шешен халқымыз үшін таңсық болмаса керек.
Тілек тілеу дегенде туған күн кешіндегі торт үрлеу «салтанаты» да ойға оралып тұр. Торт бетіне шырақ жағып қойып, оны туған күн иесіне үрлетеді. Және үрлемей тұрып, тілек тілеуді талап етеді. Жалпы түркілік танымға салсақ, оттың, шырақтың мәні тереңірек. Отты үрлеп сөндіру қазақ дүниетанымында, наным-сенімінде, психологиясында өте жаман ырым. Қазақта «Шырағың сөнбесін» деген жақсы бата-сөз бар. Оның мәні «ұрпағың жоғалмай, ізіңді жалғасын, отың маздап тұрсын» дегенге саяды. Нанға балауыз түйреп қорлауды айтпағанда, жаңа жасқа қадам басқан адамға шырақ үрлету жөнсіз деп білеміз.
Тілек сөзге бір тоқталсақ, сынның ең ауыры – «қолыма су құюға жарамайсың» деген. Қазіргі кезде тұрмыстан шығып бара жатқан ізгі дәстүр – кішкентай баланың үйге келген қонақтың қолына шәугіммен су құюы азайып, тіпті жоғалып кетті деуге болады. Заман талабына сай әр үйде арнайы қолжуғыш бар. Үйдің баласы келгендерге су құйып «әуре» болмайды. Есесіне, үлкен ризық – үлкендердің батасынан құр қалады. Қолға су құю – ізет қана емес, ізгі амал. Елдің, халықтың алғысы, көпшіліктің шынайы тілеуі адам тағдырын өзгертуге де қауқарлы. Бұл туралы шынайы оқиға асыл дінімізде кездеседі. Қарап отырсаңыз, бұл ұлттық тәрбиенің маңызды бір бөлігі. Бұл арқылы үлкенді сыйлауға, сый-құрмет көрсетуге тәрбиелеген. Одан қалды, «Батаменен ер көгерер» деген астарлы сөздің мәні тереңде. Қазіргі автобуста орын бермей, үлкеннің жағасына жармасатын жастардың тәрбиесі осындай дәстүрлерден алшақтап бара жатқанымыздан емес пе деген ой келеді кейде...
Жалпы тілек пен батаның, сөздің мәні мен маңызын халық қашан да биік қойған. Сөз құдыретін түсініп, бір ауыз сөзге тоқтай білген халық бата мен сөзді оңды солды айтпаған. Әрбірімізге жиын-тойда тілек кезегі келетіні анық. Сол тұста қазақы танымға сай, халықтың мақалы мен мәтелін тұшымды етіп қолданып, балын тамызбасақ та, сөз астарына жете мән беріп, түзу сөйлегеніміз абзал.
Адамның өз-өзіне ғана емес, өзге үшін шынайы қуанып тілектес бола алуы да маңызды. Егер сіз біреуге жақсылық тілесеңіз, сізге ол неше есе сауап болып жазылады. Керісінше, ретсіз сөгер болсаңыз, оның да жазасы еселенері анық. Қалай сөйлесек те, «Жақсы сөз – жарым ырыс» екенін һәм сөздің киесін яки иесін табатынын естен шығармаған жөн.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ