Батаменен ер көгерер
Егемен еліміздің іргесі мықты, болашағы жарқын болуы үшін сол қоғамды құрайтын адамдардың ойлауы озық, білімді, иманды болуы қажет. Имандылық, әрине жүректе. Бата беру, алғыс айту, тілек білдіру – ол имандылықтың белгісі. Бата деген атау мұсылман түріктерде кездеседі. Оны көне түркілер алғыс деп атаған. Сондықтан алғыс пен бата – егіз ұғым.
Сәкен Сейфуллин ауылдық клубында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында – Алғыс айту күні мерекесіне орай ауданның жас батагөйлері арасында байқау өткізілді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен С.Сейфуллин ауылдық округі әкімінің қолдауымен, ауылдық клубтың ұйымдастыруымен өткізілген байқауға кент пен ауылдардан 13 талапкер қатысты.
Бата бізді өзге жұрттан ерекшелендіріп тұратын ежелден қалыптасқан адами қатынастың баға жетпес үлгісі. Ізгі ниет, ақ жол тілеп, бата беру халқымызда ежелден келе жатқан аталы дәстүр. Еліміз егемендігін алып, дініміз қайта оралғаннан бері бата беру салты түрлене түсіп, ел ішіндегі тәрбиенің ықпалы арта түсуде. Байқау екі кезеңнен тұрды. Оның біріншісінде жас батагөйлер өздерін таныстырса, екіншісінде бата беру дәстүрі жасалды. Бата – қазақтың жақсы салт-дәстүрінің бірі. Оның түрлері көп-ақ. Үйлену тойы, сүндет тойы, дастархан батасы, жастарға берілетін бата, тағы басқа да түрлері бар. Байқау барысында жас батагөйлер түрлі тақырыптарға бата берді.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, мазмұнға бай, ішкі иірімі терең, қастерлі сөз айтып, бата берген сәкендік Нұрахмет Мансұров бас жүлдеге лайық деп танылды. Бірінші орынды шағандық Дидар Жәнібекұлы иеленсе, екі екінші орынды айдарлылық Жанарыс Бегімбай мен тереңөзектік Нұржігіт Сейілхан жеңіп алды. Екі үшінші орынды Қалжан ахун ауылынан қатысқан Жантөре Камалов пен іңкәрдариялық Жанерке Жалғас өзара бөлісті. Алғыс айту күні осылайша лайықты аталып өтілді.
Шаһарбек Балтабайұлы