Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Баталы елге бақ қонар

Баталы елге бақ қонар

Уа, Құдайым бақ бер,
Берсең нақ бер.
Тілегіміз ақ болсын,
Көңіліміз шат болсын.
Ер-азамат жиналған,
Ел-жұртыңа бақ қонсын.
Қыдыр болсын жолдасың,
Жаратқан Алла қолдасын.
Киелі Қазақ еліне,
Бақ-береке орнасын.
Бірлігіміз нық болсын,
Байлығымыз құт болсын.
Халықтың саны көбейіп,
Қара ормандай жұрт болсын.
Көсегеміз көгерсін,
Керегеміз кеңейсін.
Төрткүл дүние төрінде,
Тереземіз теңелсін.
Көгімізде күн болсын,
Жерімізде нұр болсын.
Ер-азамат жиналған,
Әр қадамың гүл болсын!
Күніміз шуақты болсын,
Көліміз суатты болсын!
Қоныс өрісті болсын,
Еккеніміз жемісті болсын!
*****
«Көл пайда болып тамшыдан,
Дария толсын қаңсыған.
Құт-береке кетпесін,
Диқан менен малшыдан.
Ашық болсын аспаның,
Бақ кетпесін басыңнан.
Көп болып достарың,
Ажырамасын қасыңнан.
Жоқ болсын дұшпаның,
Тас ататын тосыннан.
Тазалық деген денсаулық,
Ұшынба ішкен асыңнан.
Тіккен туы қазақтың
Ғасырға өтсін ғасырдан.
Аман болып Елбасы,
Асық тұрсын алшыдан...
*****
Ырыс қонған жеріңе бата,
Меймандос еліңе бата,
Аққан суыңа бата,
Асқар тауыңа бата,
Қолдасын Қызыр ата!
Жерлеріңде жұт болмасын,
Төрлеріңе құт орнасын.
Ел-жұрттарың жамандық көрмесін,
Ұрпақтарыңның десі өрлесін!
*****
Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Дастарқаның мол болсын,
Абыройың зор болсын!
Кең жайлауды жайласаң,
Тай-құлынды байласаң,
Сабаң толсын қымызға,
Шараң толсын уызға.
Өрісіңе мал толсын,
Ақ тілеуің жар болсын!
Өрендерің өр болсын,
Мінезге бай ер болсын.
Отырған жері төр болсын!

Ұлы Отан Соғысының ардагері Яхия Тасыровтың баталары
14 сәуір 2020 ж. 813 0