Қаламгерлерге құрмет
Қаламгерлердің кәсіби мерекесіне орай аудан әкімі Мұрат Ергешбаев аудандық газет редакциясының ардагері Шаһарбек Нұрсейітовке Ел Президентінің, жас журналист Аружан Мұханбетқалиға «АМАNАТ» партиясы төрағасының «Алғыс хатын» табыстады. Марапаттау іс-шарасында аудан басшысы референдумның нәтижелі аяқталуына жергілікті журналистердің қосқан үлесі ерекше болғанын атап өтті.
Конституциялық реформалардың мәні мен маңызын халыққа түсіндіруге, насихаттауға журналистер де белсенді атсалысып, өз үлестерін қосты. Қаламгерлер түрлі форматтағы кездесуге қатысудан бөлек саяси сараптамалық мақалалар жазып, ақпараттық насихаттық жұмысты қоса ұйымдастырды.
– Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Еліміздің азаматтары ертең емес, бүгін бақытты болғанын қалаймын» деген еді. Осы ретте Қазақстан халқы үшін 5 маусым өте маңызды күн болды. Барша қазақстандықтар жұдырықтай жұмылып, таңның атысымен өз сайлау учаскесіне келіп, еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс берді. Референдумның нәтижесі билік пен қоғамның ел дамуына қатысты жоспарлар бойынша түсінігінің біртұтастығын көрсетті. Бұл президенттік реформаларды жүзеге асыруда қоғамдық қолдаудың нақты көрінісін білдіреді. Демократиялық үрдістің жаңа белесіне қадам басқан елдің ертеңі жарқын болады деген ойдамыз. Осы жұмыстарға жергілікті газеттің ардагерлері мен қызметкерлері зор үлес қосты, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде ардагер-журналист Ш.Нұрсейітов пен жас тілші А.Мұханбетқали көрсетілген құрметке алғыс айтып, ауданның дамуы жолында еңбек етуге әркез дайын екенін жеткізді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ