Сот саласының білгірі
Сот саласын заманауи үлгіде қайта жаңғырту күн тәртібінен түспейді. Жаңару жолындағы реформаны жүзеге асыруда әрбір кәсіби маманның рөлі зор. Күн сайын сан алуан адамның талап-тілегін тыңдайтын Нұрхан Әбдікәрім барлық жұмысқа жауапкершілікпен қарайды. Әрине, қатаң тәртіп пен асқан ыждағаттылық білікті маманның беделін биіктететіні сөзсіз.
Нұрекең жайлы сөз қозғағанда оның үлкен-кішіге зор құрметі мен ілтипатын ерекше айтқанымыз жөн. Құқықтық салаға ден қойған Нұрхан Есенкелдіұлы – өз ісінің білгірі. «Есейгенде заңгер боламын» деген бала арманына қанат бітірген ол еңбек жолын өзі туған Сәкен Сейфуллин ауылында бастайды. Негізінен, жас жігіт алғашқы мамандығын Қызылорда медициналық колледжінен меңгерген. Кейіннен отбасының үкілеген үміті Қазақ академиялық университетінде «Заңгер» мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде талапты жас негізгі мақсатын орындауға бел буады. Бір жылдары аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінде жетекші маман, білім ордасында оқытушы, «Бисенәлі Ж.Н» ЖК-нің директорының орынбасары қызметін атқарғанымен сот саласында еңбек ету көкейінде тұрды. Осылайша, осыдан 15 жыл бұрын Нұрхан Есенкелдіұлы аудандық соттың жетекші маман-сот отырысының хатшысы қызметіне орналасады. Әрине «әрбір сарбаз генарал болуды армандайды». Ал сот-отырысының хатшысы судья болуды мақсат еткен
– Әрбір адамның өмірлік мақсаты болуы тиіс. Жүрек қалауыңмен жасаған істе нақты нәтиже болады. Талай теледидардан сот залындағы бірнеше отырысты тамашалап, «мен де сол мінберден көрінсем» деген арман болды. Біздің салада адам өмірі үшін жауапты шешімдер шығарылады. Бір-бірімен араздасқан қаншама тараптың уәжін тыңдаймыз. Содан кейін байыппен мәселінің шешу жолын іздейміз. Сан түрлі тағдыр иесімен байланыс орнатып, Заң шеңберінде үкім шығаруға мүдделі боламыз. Күрделі мамандықты игеру оңайға соқпады. Аға буын өкілінің ақылын тыңдап, ар мен намысты жеке бастың мүддесінен биік қойдық. Содан болар 15 жыл бойы бір салада табан аудармастан қызмет етіп келемін. Осы аралықта тәжірибе толысып, сот саласының іс-қағаздарын жүргізуді жетік меңгердім. Құжаттың дұрыс жазылуы, мәселенің жан-жақты саралануы маңызды рөл атқаратынын білдім, – дейді білікті маман.
Сот саласын жетілдіруге Н.Әбдікәрім барын салып келеді. Өз кезегінде жетекші маман, бас маман қызметтерін абыроймен атқарған ол биыл аудандық соттың кеңсе меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Жауапты қызметтің қыр-сырына қаныққан сәкендік азамат кеңсе жұмысын оңтайлы үйлестіруде.
Кәсіби біліктілігі жоғары кәсіби маманның отбасында Есенкелді аға мен Алмаш апаның мағыналы тәрбиесінен төрт перзент үлкен өмірге қанат қақты. Қазіргі уақытта Нұрхан Есенкелдіұлының бауырлары түрлі салада еңбек етіп жүр.
– Біз қашанда ата-анамыздың қас қабағынан барлық жағдайды аңғаратынбыз. Үйдегі атмосфераны барлық отбасы мүшесінің көңіл-күйінен байқауға болады. Балалық шағымыз С.Сейфуллин ауылында өтті. Бүгінде өз мамандығымның бір кірпіші болып қаланғаныма дән ризамын. Кеңсе меңгерушісі бола жүріп, ұжымды ұйыстыра білу, түрлі бағыттағы іс-шараны ұйымдастыра айрықша мәнге ие. Аудан әкімдігі, аудандық прокуратура, полиция бөлімі секілді әрбір мекемемен берік байланыс орнатамыз. Өзіндік атқаратын фунционалдық міндетіне байланысты жекелеген бөлімнің қызметкеріне арнап семинар өткізіп тұрамыз. Сонымен бірге БАҚ-пен тиімді жұмыс жүргізіп, өз саламыз жайлы көпшілікті ақпараттандыруды көздейміз. Барлық істің басы-қасынан тәжірибелі әріптестерім табылады, – дейді Нұрхан Әбдікәрім.
Білікті маман Нұрхан Әбдікәрім зайыбы Айдан Бейсеналиевамен бірге 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отыр. Мереке қарсаңында сот саласының білгірі «Қазақстан Республикасының сот жүйесіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ