Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Менің ыстық ұям...

Менің ыстық ұям...

Бұқара халықтың көзі, құлағы һәм үніне айналған журналистика мамандығы кез келген жан оңай меңгеріп кететін сала емес. Олай болатыны журналистиканың қазанында қайнау үшін біраз тер төгіп, еңбек ету ләзім. Бұл салаға алдын ала дайындықпен келген журналист ортасынан ерекшеленіп тұрады. Сондай білікті маманның бірі – Балау­са Сыздықова.

Мектеп қабырғасында жүріп журналистикаға ерте араласқан Балау­са Қасымханқызы ауданның тумасы. Бүгінде облыстық «QYZYLORDA» телеарнасының жаңалықтар бөлімінде қызмет етеді. Алғашқы еңбек жолын аудандық «Тіршілік тынысы» басылымынан бастаған сәтте «сары уыз балапан едім» деп өз әріптестерін сағынышпен еске алады.

–Басқа әріптестерім сияқты менде журналистикаға өзімнің жүрек қалауыммен келдім. 7-сыныптан бастап аудандық газетте кішігірім өлеңдерім мен мақалаларым жиі жарияланып тұрды. Әлі күнге дейін есімде осы саланы ерекше жақсы көргендігім болар журналист маманын басқа сала маманымен салыстыра алмайтынмын. Себебі, менің санамдағы жорналшы болмыс-бітімі бөлек, халық пен билік арасына дәнекер бола білетін зиялы тұлға боп қалыптасты. Содан не керек мектеп бітірген соң күндізгі бөлімге түсе алмай сырттайға тапсырып, редакцияға жұмысқа орналастым. Ол кездегі газеттің бас редакторы Сәуле Сұлтанқызы «мектепті жаңа бітірген, түк тәжірибесі жоқ, шағын іс-шаралардан басқа терең тақырыптарға қалам тартып көрмеген «сары ауыз балапанды» тілші» деп жұмысқа қабылдады. Дәл осылай үлкен адамның өзіңе сенім артуы, болашағыңнан үміт күтуі саған екі есе жауапкершілік артатынын сол сәт­те сезіндім. Аудандық газеттен соң біршама жерде жұмыс жасадым. Бірақ шыны керек бірде-бір ұжым алғашқы ортам сияқты ыстық емес (ойлы кейіппен күлімсіреп). Мүмкін 10 жылға жуық осында еңбек еткенімнен болар. Ойлап отырсам, әпкемдей болған Сәуле апайдан, Мейрамбек аға мен Шолпан ападан үйренгенім көп болыпты. Ұжымдағы әр қызметкер жайлы жеке естеліктер айтуға болар еді. Оған уақыт тапшы. Әрқайсысының адами болмысы жаныма қуат беретін. Фото-тілші Ерхан ағай ортамызға қосылса күлкіге қарық болатынбыз. Бибісараның, Гүлсім апа мен Нұргүлдердің газет сапалы шығуы үшін қаншама тер төккенін жақсы білемін. Міне осындай бірлігі жарасқан, ұйымшыл ұжым маған жығылған соң қайта тұруға болатынын, жеңілістер жеңіске бастайтынын ұқтырды. Яғни бүгінде мен қандай да бір белесті бағындыра алсам онда «Тіршілік тынысы» газетінің үлесі бар деп айта аламын, – дейді Балауса Қасымханқызы.

Аудандық газеттен шыңдалған жас «Қазақ радиосының» облыстағы меншікті тілшісі қызметіне ауысады. Кейін облыстық телеарнада өз тәжірибесін шыңдайды. Ал дәл қазір бала күтіме байланысты декреттегі ана. «Неше бөпеңіз бар?» деген сауал қойғанымда өзінің бес перзенті барын, алтыншысын күтіп отырғанын жеткізді. Осындай қызметте жүріп, «батыр ана» атануға бел буған кейіпкерімнің өмірі жастарға өнеге деп білемін.
–Менің «ыстық ұямда» еңбек етіп жатқан әріптестерімді алдағы төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Шығармашылық ұжымның абыройы арта берсін, – деп өзінің жылы лебізін білдірді.


Майя ҚОЖАБАЙ

27 маусым 2020 ж. 548 0