Қырағы криминалист
Сан жылдар бойы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келе жатқан қырағылық қызметте Манас Райсовтың өзіндік орны бар. Ел тыныштығын күзеткен сайыпқыран сақшы сан мәрте қылмыс дерегін ашуда көзге түскен. Ең алдымен, жүректігімен дараланған ол – ішкі істер саласының нағыз майталманы.
Шіркейлілік Манас Қайратұлы аудандық полиция бөлімінде аға-криминалист қызметін атқарады. Ол Алматы қаласында әскери борышын өтеген. Темірдей тәртіп, қатаң бақылаудан өткен жас жігіттің көкейінде құқық қорғау саласының маманы болу тұрды. Осылайша, ол арманына қанат бітіріп, «Болашақ» колледжінде «Құқықтану» мамандығын меңгеріп шығады. Осыдан 15 жыл бұрын ішкі істер саласына қызметке келген Мәкең тылмен қамтамасыз ету, кезекші бөлімінің жүргізушісі болды. Осы аралықта «Заңгер» мамандығы бойынша білімін жетілдіріп, криминалистика мамандығының қыр-сырына қанықты.
– Біз үшін криминалистика саласының жауапкершілігі мол. Әркез қылмыс орын алған мезетте айғақ-дәлелдің табылуына себепкер атанамыз. Күдіктіні анықтау үшін жан-жақты тексеріс жүргізіледі. Ең алдымен, айғақ заттар алынып, оқиға орнына зерделеу жұмыстары жасалады. Оқиға барысын суретке түсіру, мәйіттерді тану маңызды рөлге ие. Кейбір жағдайда суға кеткен адамдарды тапқан жағдайда сараптама жүргізіліп, адамның түр-сипаты белгіленеді. Зерттеу барысында саусақ пен аяқ киімнің ізі күмәнді адамдікімен салыстырылады. Айта кетейік, криминалист мамандарына арнайы оқыту арқылы зерттеп-зерделеуге, тексеруге рұқсат беріледі. Біз рұқсат қағаздарына біліктілік курстарынан өту арқылы қол жеткізіміз. Мәселен, саусақ ізін анықтау, оқиға болған жерді қарауға рұқсат алу, суық қаруды тексеру бойынша мол тәжірибеден өттік. Алдағы уақытта автокөлік пен бұзылған құлыпты тексеруге рұқсат қағаз алмақшымыз, – дейді полиция майоры.
Қылмыс орын алған жерге жедел жететін полиция майоры күні-түні жұмыс жасауға бейімделген. Әріптестерімен бірге айғақ боларлық заттарды жинақтап, күдіктіні анықтауға кіріседі. Ең қиыны – белгісіз мәйіттерді айғақтау. Сала маманы талай мәрте денесін күйік шалған адамдардың түр-сипатын анықтауға көмектескен. Жақынынан айырылған ағайын-туысқа мәйіттің кім екенін айту оңай емес.
– Жасыратыны жоқ қазіргі уақытта қылмыс жасауға оқталған жандар барынша өздерін жасыруға тырысады. Ғаламтордан қылмыс жасау жолдарын үйренеді. Күнделікті қайталап машықтанады. Артынан із қалдырмау үшін түрлі амалдарды ойлап табады. Жақында аудан көлемінде бір қылмыстың ашылуына себепкер атандық. Бір кісіге шабуыл жасаған азамат қолына қолғап киеді. Бірақ, жәбірленуші қорғану барысында қолғаптың бір саусағын жыртып алады. Жыртылған қолғап ішіндегі саусақ іздері қылмысты ашуға көмектесті. Қылмыс болған жерден айғақ табу қиынның-қиыны.
Мәселен, қызмет бабында қызықты оқиғалар жиі орын алады. Есірткі алқабын іздеу барысында тікұшақты көрген күдікті тапырақтап қаша жөнеледі. Ізін жасырып та үлгірмейді. Мұндай жағдайда күдіктіні қолға түсіру жеңілірек. Кейде күдіктінің оқиға орнында өзі із қалдырып кетуі жиі кездеседі. Жақында кент орталығындағы көп қабатты тұрғын үйлердің біріне бір азамат ұрлыққа түседі. Ол құлаққаппен музыка тыңдап жатқан қыздың телефонын ұрлап кетеді. Бірақ құлаққапты қызды оятып алмау үшін қалдыруға жөн көреді. Ақырында құлаққапқа түскен саусақ іздері арқылы ұрлықшының кім екенін анықтадық, – дейді білікті маман.
Манас Қайратұлы отбасында 4 ағайынды. Әкесі Қайрат Райсов баласының құқық қорғау саласында абыройлы еңбек еткенін қалайды. Ана жүрегі қашанда қауіпті қызметте жүрген баласы үшін алаңдайды. Сондықтан анасы Ажаркүл перзентінің күні-түні тілеуін тілейді.
Полиция майоры өмірлік жары Самал Сақыбековамен осыдан 12 жыл бұрын отау құрған. Бүгінде жарасымды жұп 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіруде. Әркез қиындықты еңсеріп, қылмыстың ертерек ашылуына барын салатын тәжірибелі маманның кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Балтабай Аябекұлы