Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызмет пен отбасын ұштастырған

Қызмет пен отбасын ұштастырған

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқан мемлекеттік қызметші­лердің бірі – Лаура Нақпыт. Мемлекеттік қызметші 17 жылдан бері ауданның ауыл шаруашылығы саласында абыройлы қызмет етіп келеді. Биыл Шаған ауылдық округі әкімі аппаратында жетекші маман-заңгер қызметіне ауысып, жауап­кершілігі мол жұмыстың алға басуына атсалысып жүр.

Лаура Нақпыт – аудан орталы­ғындағы №36 орта мектептің 1997 жылғы түлегі. 2004 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлы техникалық университетінің ауыл шаруашылығы өнімдерінің сарапшы-аудиторы мамандығын алды. Жоғары білімді маман алғашқы еңбек жолын университетті бітірген жылы «Жихан» күріш ақтау зауытының зертханашысы болып бастайды. Бір жылдан кейін аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің жетекші маманы болып мемлекеттік қызметке қабылданады. 2006 жы­лы екі бөлім өз алдына бөлініп шығып, Лаура Нұрланқызы ауыл шаруа­шылығы бөлімінде жетекші маман болып қызметте қалады. Білікті маман қазір уақыт талабына сай екінші жоғарғы білім алып, «Болашақ» уни­вер­ситетінде оқып, жергілікті мемле­кеттік басқару мамандығын меңгерді.

– Мемлекеттік қызметші ретінде туған жердің өсіп өркендеуіне атсалысып келе жатқанымды мақтан етемін. Жауапкершілігі мол қызмет халықпен тығыз байланыс жасауды талап етеді. Осы ретте, алдыңғы толқын ағалардан үйренеріміз көп. Әрдайым мамандығымыз бен қызметімізге адал­дық танытудың нағыз үлгісі болған сала ардагері Бақыт­жан Лекеровтың ізгі жолы өнеге. Ұзақ жыл бойы абыройлы қызмет еткен сала ардагерінің ауданда ерекше қолтаңбасы қалды. Кейінгі жас кадр­лардың біліктілігі мен тәжірибесін то­лықтыруда ақыл-кеңесін аямайтын Бақытжан ағайдың ізбасары болып келеміз, – дейді тәжі­рибелі мем­лекеттік қызметші Лаура Нұрланқызы.

Ауданның ауыл шарушылығы саласында халыққа мемлекеттік қыз­мет көрсету, түрлі мәселемен келген тұрғындардың өтінішін қарау, арыздың қайталанып түспеуіне атсалысу, ауыл шаруашылығы жәр­меңкелерін ұйымдастыру мем­лекеттік қызметшінің осы күнге дейін атқарған қызметі. Әсіресе, қайбір жылдары аудан екі жыл қатарынан ауыл шаруашылығы бойынша чемпион атанғанда жас мемлекеттік қызметші күн-түн демей әріптесрімен абыройлы қыз­мет атқарғаны күні кешегідей есінде. Қазіргі кезде «Шаған» ауыл­дық округі бойынша жетекші маман-заңгер қызметін атқаратын қызмет­кер елді мекендегі барлық мәселені назарға ұстайды. Атап айтқанда жер алу бо­йынша өтінішпен келгендерді, пробация қызметін, Алтын алқа, Күміс алқа алушылардың құжатын дайын­­­­дау, көше атауларын беру т.с.с мәсе­лелермен айналысады. 4506 халық саны бар ең үлкен ауылдық округінің тұрғындарының арыз-шағымдарымен жұмыс жасайды.

Ең жауапты қызметте абыроймен жұмыс атқару ата-анадан сіңген қа­сиет болса керек. Ауданға белгілі ұлағатты ұстаздар Нұрлан Нақпыт пен Алмагүл Пірәлиева ұзақ жыл аграрлы-техникалық колледжде оқытушы болып, ардагер-ұстаз атанған жандар. Ата-анасынан алған тәрбиесі бү­гін­де мемлекеттік қызметшіге жөн сілтейген жарық сәуле іспетті.

– Үлкен атам Сақтаған Сәрсенов ауданда статистикалық басқарманы басқарған азамат. Ол кісінің еңбек жолын әрдайым үлгі тұтамыз. Қан­дай қиын қыстау кезінде абыройлы қызмет еткенін ел жақсы біледі. Ауданның дамуына, экономикасының өсуіне үлес қосқан азамат. Өз сала­сының мықты маманы болған. Мәсе­лен, сол жылдары ауданның бірінші басшысы Қ.Қазантаев алдымен құ­жатта атамның қолы болғанын қатаң қада­ғалайды екен. Алдымен сол кісі қол қойғаннан кейін барып, құжат­тың дұрыстығына көз жеткізіп барып бірінші басшы қол қойғанның өзі атамның қандай маман болғанын дәлелдесе керек. Атадан қалған абыройлы жолды жалғастырып келе жатқаныма қуанамын. Бастысы мем­лекеттік қызметте халықпен тығыз байланыс орнату, сыбайлас жемқор­лыққа жол бермеу, онымен күресу, Әдеп, этика талаптарын орындау, жү­ріс-тұрыста жат қылықтарға жол бермеу қажет. Мемлекеттік қызметке қабылданар тұста берген Антыма және шектеуге адалдық таныту өмірлік ұстанымым, әрі абыройлы мін­детім, – дейді Лаура Нақпыт.

Мемлекеттік қызметтегі абыройлы жылдар ішінде бірнеше мәрте аудан, облыс әкімінің, «Amanat» пар­тиясының белсенді мүшесі ретінде «Алғыс хатпен» марапатталды. Бұл да болса атқарған қызметке көрсетілген лайықты құрмет.

Лаура Нақпыт ауданда мемлекеттік қызметкерлер арасында көп балалы ана санатында. Ол өмірлік жолдасы Нұр­ланмен 4 бала тәрбиелеп отыр. Балаларының барлығы мектеп жасында. Мемлекеттік қызметшілердің кә­сі­би мерекесі қарсаңында Лаура Нұрлан­қызын төл мерекемен құттық­таймыз.





Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
21 маусым 2022 ж. 471 0