Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс арқалаған жас маман

Алғыс арқалаған жас маман

Әдетте ақ халатты абзал жандарды адам жанының инженері деп атайды. Бүгінгідей қауіпті кеселмен бетпе бет келгенде ақ халаттылардың өмір үшін күресте жан кешті еңбегі айқын көрініп отыр.

Аудандық аурухана басшылығынан қазіргі таңда жұқпалы аурумен күресте біліктілігі мен тәжірибесін, адам жанын кеселден арашалауға жұмсап, бұл жолда өз өміріне қауіп қатерге де тігіп жүрген дәрігер туралы сұраған болатынбыз. Олар аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бойынша дәрігері Гүлжан Евниеваны атады.

Жас дәрігер Гүлжан Анесбекқызы – Тереңөзектің тумасы. Кент орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі. Мектеп-лицейді бітірген бойда Астана қаласындағы мемлекеттік медициналық университеттің емдеу ісі факультетіне оқуға түскен. Университетті тәмамдаған соң бірнеше жыл Астана, Көкшетау қалаларында аймақтық дәрігер болып еңбек етті. Сырдария аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде соңғы бес жылдан бері жұмыс жасайды. Өз ісіне берілген жас дәрігер қазіргі жағдайдың қиындығына байланысты бізбен емін-еркін сұқбаттаса алмады. Тек Whatsapp желісі арқылы қысқаша тілдескен болдық.

– Адам денсаулығынан артық қымбат еш нәрсе жоқ. Демалысты ұмыттық, күндіз-түні сырқаттардың қасындамыз. Бөлімшеде емделіп жатқан әрбір науқас ерекше назарымызда. Олардың тезірек сауығып шығуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз, – дейді дәрігер.
Жас та болса біліктілігімен, елгезектігімен көзге түсіп жүрген Г.Евниева биылдың өзінде жан кешті еңбегі үшін ҚР Денсаулық сақтау министрінің, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қауіпті кеселмен күресте әрдайым мерейің үстем болсын дейміз біз де ақ халатты абзал жанға.


Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ 

11 шілде 2020 ж. 1 162 0