ЖҮРЕКТІ ЖЫЛЫ СӨЗ ЕМДЕЙДІ
Жас дәрігер Гүлзат Тыныштықбаева ақ халатты абзал жан болуды мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қалайды. Мұндай мақсат қоюға оған мына бір оқиға себеп болады. “Менің тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезім болуы керек, анам көзімнің алдында қатты науқастанып қалды. Оның дертіне шипа болған дәрігерлер дереу шешім қабылдап “өт қалтасындағы тас салдарынан приступ берген” деген шешімге келді. Сонда адамның жаны қиналғанда қол ұшын беруге даяр тұратын шипагерлерге риза болып, мен де халықтан алғыс алатын дәрігер болуды армандадым” дейді менің кейіпкерім, бүгінде аудандық емханада кардиолог-дәрігер болып қызмет атқаратын Гүлзат Қаппарқызы.
Иә, бұл мамандыққа адам кездейсоқ келмейді. Алдымен жүрек қалауы керек болса, дәрігерге ең қажетті мінез өжеттік, қайсарлық, қиындықтан қорықпайтын батырлық пен шыдамдылық. Бұл мінез туа бітті болмаса да медициналық оқу орнына түсіп, ең алғаш табалдырығын аттағаннан-ақ тұла бойына даритын қасиет болса керек дер едім. Әрине, білімге құштарлық, еңбексүйгіштік, ізденімпаздық мамандықты сүюге жетелесе, ұзақ жылғы жоғарғы оқу орнындағы жылдар нағыз дәрігер етіп шығарады.
Қасиетті Тереңөзек топырағынан түлеп ұшқан болашақ дәрігер мектеп бітірген жылы оқуға түсе алмаса да, бір жыл бойғы даярлық курсындағы тынымсыз еңбек Гүлзаттың жүрегі қалаған оқудың грантына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде жеті жыл бойы оқып, туған жерге балалар дәрігері мамандығын алып, дипломмен оралады. Осы жылдары ауданда “Дипломмен ауылға” бағдарламасының іске асуы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына себеп болады. Жас маман осы бағдарламаның қатысушысы ретінде жеңілдіктерге ие болып, бағдарлама игілігін көруге мүмкіндік алады. Аудандық емханада жұқпалы аурулар дәрігері болып еңбек жолын бастаған жас маман өзін медицина саласында жан-жақты болуы керектігін түсінеді. Көп уақыт өткізбей қайта даярлау, біліктілігін арттыру курсынан өтіп, жалпы тәжірибелік дәрігер атанады. Ол С.Сейфуллин мен О.Мәлібаев елді-мекен тұрғындарына аймақтық дәрігер ретінде белгіленеді. Тәжірибе жинақтап үлгірген маманға дер кезінде дұрыс бағыт-бағдар беру басшылыққа байланысты. Жас дәрігерді кәсіби шыңдау үшін сол жылдары ауданда тапшы болған кардиолог-дәрігерлікке мамандануға ұсыныс берген сол кездегі бас дәрігер өтінішін қуана қабылдап, көп ойланбастан жас дәрігер Алматы қаласына 4 айлық курсқа аттанады.
– Шын мәнінде осыдан 2-3 жыл бұрын ауданда бір ғана кардиолог-дәрігер қызмет етті. Қарлығаш Құлбаева өте білікті де тәжірибелі дәрігер. Оның сонша жұмысты бір өзінің атқаруы ерлікпен пара пар. Әрине, қиын, ауыр, артық жұмыс. Сондықтан мен де кардиолог болуға келісімімді бердім. Қазір бұл шешіміме өкінбеймін. Аз ғана уақыт ішінде біраз тәжірибе жинақтап, науқастарды емдеп жатырмыз, – дейді Г.Тыныштықбаева.
Ауданның 10 елді-мекеніне жауапты дәрігер жүрек ауруымен есепте тұратын науқастарды бақылап, дер кезде дәрігер қабылдауында болуына жұмыс жасайды. Ең алдымен аурудың алдын алуға күш салатын дәрігер қазір жүрек ауруына шалдығу жас талғамайтынын айтады. Бұған себеп адамдардың зиянды әдеттерге бой алдырып, күні бойы қозғалыссыз еңбек етуі. Дұрыс тамақтанбау мен салауатты өмір салтын ұстанбау да жүрек ауруына әкелетін факторлар. Дегенмен бүгінгі таңдағы аудандағы медицина жетістігі, атап айтқанда медициналық құрал-жабдықтар көп жағдайда аурудың алдын алуға, дертті ерте сатыда анықтауға мүмкіндік береді. Жүрек ауруына күдіктенген науқасқа холтер, смад, тридмил-тест тағайындап, қандайда бір жүрек ақауын анықтауға болады. Бір кездері мұндай құралдар қол жетімсіз болып, науқастар облыс орталығына сабылғанда, көп уақыт жоғалтып алатын. Енді осы құралдар мезгілсіз өлімнің болмауына бірден бір себепші десек, артық айтқандық болмас. Бір ғана жүрек ауруында кездесетін бірнеше дерттің түрін дәрігердің айтуынша дәрі-дәрмекпен алдын алып, емдеуге болады. Тіпті ота жасатқан науқастардың өзі дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмек пен кеңеске құлақ асса, дертінен құлан таза айғып кетеді екен.
– Менің дәрігер ретінде науқас кісіге алдымен айтарым, әрбір дәрінің не үшін қолданылатыны және оның қалай әсер ететіні туралы кеңес беру, түсіндіру. Әңгімелесу кезінде науқас тағайындалған дәріні өзіне қажет нәрсе екенін түсініп, ұғынады. Әрі қарай сауығып кетуіне өз-өзіне көмектеседі. Нәтижені көзіммен көріп, науқастың көзінен қуанышты көру дәрігер үшін үлкен бақыт, – дейді ақ халатты абзал жан.
Гиппократ антын қабылдаған дәрігердің ендігі мақсаты аудан үшін ең қажет жүректің Узи аппаратына мамандану. Қазір біздің ауданға өте қажет, әрі сұранысқа ие болып тұрған құрылғы болғанымен, оның тілін білетін маман жоқ. Сондықтан жас дәрігер халық денсаулығын жақсартуда осы құрылғыны меңгеруді алдына мақсат етіп қойғаны құптарлық жағдай.
Бүгінде уақытпен санаспай, жаны жабыққан, дертіне дауа іздеген жанның қасынан табылуға асығып тұратын дәрігер қызметін мінсіз атқаруға тырысады. Ол үнемі ақыл-кеңесін беруге даяр тұратын ақылшы аға буын дәрігерлердің есімін мақтанышпен айтады. Олар М.Садықова, Қ.Құлбаева, А.Жакупова, Т.Раманқұл, Ф.Әбдібекова, Р.Арғынбаев, Т.Баджанов. Дәрігерлер қашанда жас мамандарға көмектесуге, диагноз қоюда мүлт кетпеуге, “жеті рет өлшеп, бір рет кесуге” үйретуден жалыққан емес. Осындай аға буын өкілдерінің қолдауы болар, жас кардиологтың атына осы күнге дейін алғыстан басқа қатты сөз айтылған емес.
Күні бойы қабылдау жүргізіп, титтей болса да адамның көңілін тауып, дертіне шипа іздеген жанға пайдасын тигізуге асығып тұратын дәрігер мамандық таңдауда қателеспей, алғашқы жол сілтеген алтын ұя мектептегі ардақты ұстаздарына да риза. Шәкірт үшін мәңгі ұстаз болып қала беретін №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің мұғалімдері Ә.Көшербаева, Б.Бәкірова, Ү.Батишева есімдері ол үшін алтын әріппен жазылатын тұлғалар.
Сондай-ақ медицина саласында кәсіби шыңдалуға, үнемі жастарды қолдауға даяр тұратын, ұсыныс-тілектерін тыңдап, дәнекер болған бас дәрігер Н.Мырзағалиева мен облыстық медицина орталығының дәрігерлері Ш.Сақыбекқызы, Г.Бержаппарова, Б.Дауытбаев, Н.Лепесов сырдариялық дәрігерге қол созуға даяр тұрады. Мамандығына адал жандарды біздің басылым арқылы әріптесі төл мерекемен құттықтайды.
Гүлзат Тыныштықбаева медицина саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан жас дәрігер болумен қатар отбасында ибалы келін, 3 перзенттің анасы. Үлкен енесі мен кіші анасының, өмірлік серігінің қызмет етуге қолдау білдіріп отырғанның арқасында ол бүгін абыройлы еңбек етіп келеді. Ал, соңынан ерген үш бірдей сіңлісіне қамқор болуы ата-анасынан алған өнегелі тәрбиесі. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген осы емес пе?
Бибісара ЖАНӘЛІ