Отбасы – бақыт мекені

«Отбасы – кішкентай мемлекет». Менің жекеменшік мемлекетімде жеті адам бар. Отбасымның ұйытқысы, берекесі, мейірім-шапағат көзі – әкем. Ал сарқылмас мейірім мен тәрбиенің теңізі – анам. «Әке – асқар тау, ана – етегіндегі бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» дегендей, әр шаңырақта әке мен ананың алар орны ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Ана – шаңырақтың шаттығы, баланың өсіп-өнуінде ауадай рөл атқаратын жан. Мен үшін екеуінің де орны әрдайым биік. Әке қамқорлығын сезініп, ана махаббатына жылынып өскен баланың, сірә арманы жоқ. Менің бар байлығым – ата-анам, бауырларым. Әкем мен анама ыстық махаббаттары мен берген тәлім-тәрбиесі үшін алғысым шексіз.
Жалпы қай жерде болмасын, отбасың – ыстық ұяң, әркез қолдау көрсететін, өмірдегі теңдесі жоқ басты қазынаң. Шынында да солай. Отбасының бақыты үшін көп нәрсенің қажеті жоқ, бар керегі жанұя мүшелерінің сыйластығы, махаббаты, бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілгі болса жетіп жатыр.
Мен өзімді бақытты санаймын... Себебі, жанымда қорған болар әкем, өмірдегі ең қымбатты жан – анам бар. Тай-құлындай бірге өсіп келе жатқан бауырларымның ортасындамын. Үлкен бақыт – қандай жағдай болмасын сені жақсы көретін, бар кемшілігіңмен қабылдай алатын адамдардың барына сенімді болу әрі олардың жүзінен қуаныш пен күлкіні көру. Осының бірін ұғынсаң, отбасы – бақыт мекені екенін жүрекпен сезінесің.
Ата-ана тәрбиесі – өмірге бағыт беруші мектеп. Бала осы мектептен өнегелі құндылықтармен нәр алады. Бала – ата-анасының, отбасының айнасы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегенді жиі естиміз. Десек те қазір сол айнаға қараған сайын, жан ауыртар жағдайлар көп екені жасырын емес.
Отбасының басты қызметі – бала тәрбиесі. Ата-ана нәресте дүниеге келгеннен бастап оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды, саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толықтыру, дене және ой еңбегіне үйрету, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жаманнан жиреніп, жақсыны үйретуге, жастайынан бойына мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады. Әр балада ата-ана ықпалымен сүйіспеншілік, мейірімділік, адамгершілік қалыптасады. Осы қасиеттерді бойыма сіңіріп және біздің отбасының татулығын сақтап, бақыт мекеніне айналдырып отырған – ата-анам. Әр отбасы бақытты болса екен, еш қиындық көрмесе екен деп тілеймін.
Қорыта айтқанда, отбасы – бақыт пен шаттық мекені. Осы мекенге жете алмай жүрген немесе бар бақытынан ібіліс жолына еріп айырылғандар қаншама?! Бұл тұста «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген аталы сөз ғана ойға оралады. Ендеше алтынға тең келмейтін отбасымызды бағалай білейік. Өмірдің мәні – тату отбасында.
Айгерім Совет,
№37 мектеп-лицейдің
9-сынып оқушысы,
Шаған ауылы
№37 мектеп-лицейдің
9-сынып оқушысы,
Шаған ауылы