Әйелдер әлімжеттік құрбанына айналмауы тиіс
Ел өміріндегі өзекті мәселелердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық. Қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекеттерге заңмен тосқауыл қойылатынын әркімнің білуі маңызды. Қай халық болмасын әйел затына ықыласпен қараған, қазақ халқында әйелдің орны ерекше, ана деп құрметтеп, қарындас деп еркелетіп отырған. Ер азаматтың тірегі, қамқоршысы болған әйелдер – қамыққанда сүйеу, тарыққанда тіреу, қам көңілге жұбаныш бола білген.
Зорлық-зомбылық өз алдына тек жәбірленушілердің құқықтарын бұзып қана қоймай, өскелең ұрпақ үшін теріс үлгі болып табылады. Статистика бойынша отбасындағы зорлық-зомбылық әйел адамдарға қатысты жасалады, егде адамдар мен балалар зорлық-зомбылық әрекеттерге тап болатын жағдайлар да аз емес.
«Отбасы – шағын мемлекет» деген қанатты сөз отбасының қоғамдағы алар орнына байланысты айтылғандай. Осы бір ғибратты сөз босағаның берік, шаңырақтың биік болуын, халық санының көбейіп, қоғам байлығының еселеп артуына тигізер ықпалы бар болғандықтан да отбасын шағын мемлекетке теңесе керек. Өкінішке қарай түрлі жағдайларға байланысты шаңырақтың шайқалып, бейкүнә сәбилердің жаутаңкөзге айналып жататын кездері де аз емес. Әрине, берекесі мен бірлігі жоқ, күндегі айқай шудан шаршаған әйелдердің көбі ажырасуға мәжбүр болады.
«Тәрбие тал бесіктен басталады» дегендей отбасындағы ұрпақ тәрбиесі ешуақытта қоғамды бей-жай қалдырған емес. Тұрмыстық зомбылықта көбіне зардап шегетін әйелдер мен жас балалар. Заң тұрғысында да бірқатар өзгерістер енгізілген. Мәселен, әйелге қол жұмсағандығын растайтын құжаттар болса, әкімшілік жазаға тартумен қатар, 15 күндік абақтыға жабу да қаралған. 10-15 тәулік қамауда отырып шыққан адам үйіне оралады. Ашынған отағасы әйелге қол көтеруін бұдан кейін еселей түсуі де мүмкін. «Балалар да үйінде, мектепте және басқа да қоғамдық жерлерде қатыгездікпен және зорлық-зомбылықпен ұшырасып отырады.
Алайда осы кезге дейін қоғам бұл проблемаға зейін қойып көрген жоқ. Бала үшін ата-анасының үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейтінін айғақтайтын фактілер жиі кездеседі. Балаларға, әсіресе кішкентай балаларға зорлық-зомбылықтың үй, отбасы ішінде көрсетілуі көзге түсе қоймағандықтан, көп жағдайда мойындалмайды. Бұл отбасының басқа мүшелері сияқты қорғалу құқығы бар жаннан гөрі, ата-анасының меншігі ретінде қалыптасудың салдары. Дөрекілік, балаға күш көрсету, балалардың бағдарын өзгерту, зорлық-зомбылықтың дамуын және қылмысты тудырады.
А.Р.Рашидова,
Сырдария аудандық сотының іс жүргізу
инспекторы