Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Берік отбасы – есірткіден алыс

Берік отбасы – есірткіден алыс

«Отан – отбасынан басталады» дегендей отанды сүю – отбасынан басталатыны рас! Себебі, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Адамның жеке басының қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті де біз отбасын Отанның кішкентай бір бөлшегі ретінде қарастырамыз. Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес.

Біз шағын мемлекет - Досболаевтар отбасы. Отбасында алты жанбыз. Отбасымыздың қамқоршысы - әкеміз, отбасымыздың ұйытқысы - анамыз, және төрт қызбыз. Отбасының тірегі — сүйіспеншілік, бірлік және сенім. Отбасы жоқ адам қанатсыз құспен тең. Ал бір-бірін сыйлап, бірін-бірі сүйіспеншілікке бөлеп отырған отбасысы бар адамдар өте бақытты жандар. Себебі қандай да бір қиыншылық болған жағдайда, отбасыңның ауызбіршілігі мықты болса, кез келген қиыншылықтан жұмылған жұдырықтай өте шығасың. Біздің отбасымызда да осындай ұран қалыптасқан.

Тәрбие отбасынан басталады. Отбасының тірегі әлпештеген әке мен аялаған ана. Ата - анаға, үлкенге қызмет етіп, әкенің еңбегін, ананың ақ сүтін өтеу – біздің борышымыз. Ата - ана - отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әке туралы айтсақ, әке отбасының асыраушысы, қамқоршысы. Әкеміздің есімі Бақытбек. Мұнай компаниясында дәнекерлеуші болып қызмет етеді. Ана - отбасының ұйтқысы, жылуы, шуағы. Анамыз Ақжарқын. Анамыз №126 орта мектебінде мұғалімдік қызмет атқарады. Бізді әкеміз бен анамыз ешкімнен кем болмасын деп өсіріп келеді, тәрбиені де тәлімді де жетік беріп келеді десек болады. Үйде төрт қызбыз. Үлкені Назерке. Физика математика пәнінің мұғалімі. Екіншісі Аймерек. Қазіргі таңда Нұрсұлтан қаласында Білім басқармасында жетекші маман болып жұмыс атқарады. Үшінші қыз Аружан. Қарағанды медицина университетінің 4-курс студенті. Төртінші қыз -Сәбинұр. №126 орта мектептің 6 - сынып оқушысы.

Біздің отбасы әрқашан тату болуға, тыныштықты ту етіп өмір сүруге, үлкенді сыйлап, кішіге ізеттілік көрсетуге дәріптеп отырады.“ Отбасы кішкентай бір мемлекеттік ұя” деп бекер айтылмаған. Әдетте жақсылықтың бәрі отбасынан басталады. Отбасы - жұртты жақындастырушы, ұрпақ пен ұрпақты табыстырушы, ұрпақаралық тұтастықтың отын жағушы ерекше ұя. Сондықтан да отбасы - барша адамзатқа ең жақын, ең қасиетті ұғым. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік мықты болса, қоғамның діңгегі де берік болады. Адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап отбасының тәрбиесін алады. Ата – анам – өмірдегі ең қымбат адамдарым. Олар мені жақсылыққа әдептілікке, адамгершілікке тәрбиелейді.

Бақыт қайда барасың деп сұрағанда, ынтымағы жарасқан елге барамын депті. Бұл сөзде үлкен астарлы ой жатыр. Өзіндік отбасылық заңдылықтары, өзара сыйластықтарымен бірге тәртіп пен әдебі қалыптаспаған жанұяға бақыт та, бақ та қонбайды, шырқы бұзылады. Бұл отбасының ғұмыры да ұзақ болмайды. Нәтижесінде сәтсіз отбасылар пайда болады. Бұл мәселеге басты себеп – әкенің отбасылық жауапкершілікті жете түсінбей, аздаған қиыншылықтарға төтеп бере алмай ащы су мен есірткіге салынуы, қараусыз қалған жасөспірімнің де түзу жолдан таюына себеп болады. Дәл осындай отбасылардың саны көбейетін болса, онда жағдай жай емес. Жастары есірткіге еліткен елдің ертеңі күмәнді, болашағы күңгірт.

Нағыз отбасын құру үшін отбасы тірегі, қорғаны болар ер азаматтар, отбасылық, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуы тиіс. Ұлтымыздың тектілігін сақтауды мұрат еткен ата-бабаларымыздың аманатын орындауды мақсат еткені дұрыс. Бойларынан байсалдылық пен көрегенділік табылған әке мен анадан әсте, жаман ұл мен қыздың өсуі мүмкін емес. Өскелең ұл-қыздарымызға үлгілі ана-
әке, аға-әпке болуымыз керек. Бәлкім, сонда ғана берік отбасы қалыптасып, есірткі секілді адам денсаулығына кері әсерін тигізетін заттардан аулақ болатын еді. Ер жетіп келе жатқан ұрпаққа рухани байлығымызды дәріптеу, ұлттық тәлім – тәрбиені жастардың бойына сіңіру қажет. Сонда ғана арақ пен есірткінің ауылы алыстап, қазақтың әр шаңырағында еліміздің тізгінін ұстайтын ұл мен қыз тәрбиеленер еді...

Досболаевтар отбасы
Сырдария ауданы
#ҚЗОПДЕҚҚІҚБбайқауына
17 ақпан 2021 ж. 1 232 0