Орманды қорғау инженері

Сырдария ауданына тиесілі 236 мың 549 гектар орман қоры бар. Қойнауына құт дарыған Қарақұм мен Қызылқұм, ұлы Сырдария өзенінің жағалауы мемлекеттік орман қорына тиесілі. Осынша аумақты мекендеген жануарлары мен тамыры тереңге кеткен өсімдігін аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің қызметкерлері қорғауға және күзетуге алған. Мұнда жануардың сан алуан түрі мен «Қызыл кітапқа» енген қарақұйрық пен ақбөкен ежелден мекендейді. Ал қасиетті сексеуілі мен тораңғыл, тіпті шеңгелі мен жиде ағашы да, тал-теректің бәрі-бәрі көздің қарашығындай қорғалып келеді. 1988 жылға дейін мекеме Жаңадария орман шаруашылығының құрамында болды. Кейін ауданда құрылып, орман шаруашылығы өз алдына мекеме болды.
– Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемеде соңғы 5 жылдан бері қызмет етіп келемін. Мекеменің 13 орманшысы мен 3 орман шебері аудан аумағындағы мемлекеттік орман қорындағы жануарлар мен өсімдігін, флорасы мен фаунасын күзетумен, қорғаумен айналысады. Жылдың төрт мезгілінде де орман қорын тілсіз жаудан қорғап, өрттің алдын алу үшін жұмыла жұмыс істейді. Орманшылардың жұмысы қашанда қауырт. Жануарлар мен өсімдіктерге зиян келтірушілерді ұстап, заңсыз әрекеттері заң алдында жазасын алады, айыппұл төлейді. Биылғы жылы жануарларды қорғау бойынша Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы Кодекстің 382 бабымен аң аулауға рұқсатсыз шыққан 5 жағдай анықталып, хаттама толтырылды. Дегенмен заң бұзғандардың олжаланған аң-құсы болмағандықтан оларға ескерту шарасы көрілді. Орманды қорғау бойынша аталған Кодекстің 372-бабы бойынша орман заңдылығын бұзғаны үшін бір азаматқа 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл азамат орман қорына тиесілі жерді тұрмыстық қалдықпен бүлдіргені үшін жауапкершілікке тартылды, – дейді инженер Т.Сәтбайұлы.
Иә, қазақта табиғат пен адам егіз деген ұғым бар. Табиғат жанашырлары орман қорын күзетуде уақытпен санаспай қызмет етеді. Олардың тынымсыз қызметі – туған жердің табиғатын зиян келтірушілерден қорғау, қоршаған ортаның көркейіп-гүлденуіне атсалысу. Осыған орай соңғы 20 жылдың көлемінде кент сыртындағы мекемеге тиесілі №9 аялдамадағы саябаққа түрлі өсімдіктер егіліп, орманшылар үлкен тұқымбаққа айналдырды. Орманшылардың күшімен жыл сайын баққа өсімдік тұқымнан егіліп, жас қаламшалар мен көшеттер ауданның көркеюіне әкелініп, отырғызылады. Қазір бұл тұқымбақта жеміс ағаштары мен терек, үйеңкі, қарағаш, Сыр талы т.б. ағаштың көптеген түрін кездестіруге болады.
– Тұқымбақтың көлемі 20 гектар. Оның аумағы қоршалған. Ерте көктемнен бастап жас шыбықтар көшетке алынады. Бақтың алғашқы көшеттері 2003 жылдан бері аудан мекемелеріне таратылып берілуде. Жыл сайын мұнда өсімдіктер тұқымнан егілетіндіктен жас ағаштарды көшетке алуға ыңғайлы. Сондықтан бұл бақтың беретін өнімі ауданды қамтамасыз етуге жеткілікті. Қажетті ағаш көшеттері дұрыс егілсе, күтімге алынса ауданымыз жасыл желекке оранады, – дейді Т.Сәтбайұлы.
Табиғат жанашыры қызметіндегі жетістігі үшін бірнеше рет облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының, облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Бұл – нағыз маманның мінсіз қызметіне берілген лайықты марапат.
Білікті маманның айтуынша, аудан көлемінде мемлекеттік қорғауға алынған сексеуіл өсімдігі ерекше қорғауды қажет етеді. Бұл өсімдікті кесуге 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін рұқсат етілмейді. Осы уақыт аралығында сексеуіл қоры көбейіп, өсуіне жағдай жасалуы тиіс. Қасиетті ағаштың ақ және қара түрі Қызылқұмның ажарын кіргізіп, жайқалып өсуде.
Жалпы сексеуілдің қасиеті туралы айтар болсақ, сексеуіл құм көшкінін тоқтатады. Бір түп сексеуіл 4 тонна құмды ұстап қалады екен. Шөлге төзімді ағаштың жылуы ұзақ сақталатындықтан оны заңсыз кесіп алушылар да бар. Дегенмен аудан орталығында тұрғындар табиғи газды пайдалануға көшкеннен бері өсімдікті заңсыз алатындар да азайғаны қуантады.
Жыл сайын мемлекеттік орман қорындағы жерді тілсіз жаудан қорғау үшін ауданда сәуір айында оқу-жаттығу ұйымдастырылады. Мекеменің өрт сөндірушілері мен мамандары жаттығу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтап, ормандағы жануарлар мен өсімдіктерді қызыл жалыннан қорғау үшін дайындығы пысықталады. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, туған жердің табиғатын қорғауға атсалысады.
Айта кету керек, орман өрті өсімдіктерді ғана емес, оны мекендейтін жан-жануарларды да жояды. Сондықтан тілсіз жауды болдырмау – әрбір азаматтың парызы. Бұл ретте, табиғат сақшысы Таңатар Сәтбайұлы тынымыз еңбек ете бермек. Орманды қорғау инженері әрбір адам табиғатты аялау керектігін айтады.
Бибісара ЖАНӘЛІ