Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сексеуілді қорғайық

Сексеуілді қорғайық


Ауданымыздағы табиғатты қорғау жә­не күзету бағытында жұмыс жасайтын мекемелердің бірі – «Сырдария орман жә­не жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мем­лекеттік мекемесі» коммуналдық мем­лекеттік мекемесі. Жергілікті табиғатымыздың флорасы мен фаунасын қорғау мен күзетуді жоғары қоятын бұл мекеме қызметкерлері бүгінгі күні тынбай еңбек етуде. Орманшы жігіттер жоспар бойынша Қызылқұмда апталап жатып биылдың өзінде 400 қап сексеуіл тұқымын жинап, оны Қарақұмның 500 гектар жеріне сеуіп үлгерді. Әрине тұқым жинау жұмыстарының бәрі қолмен жасалады, сондықтан да болар былтырғы дәл осындай жерге еккен сексеуіл тұқымдары толық шыққан. Жылда тұқым жинау жұмыстарын үрдіске айналдырып алған мекеме жігіттері бұл науқан кезде әрдайым ұйымшылдық көрсетеді. Биылғы Қызылқұмға болашақ көшет үшін арнайы егілген 1 гектар жерде орналасқан тұқымбақта мекеме директоры Ешмаханов Жарбол да жігіттермен бірге егу жұмыстарына қатысты. 47 қызметкерден құралатын осы шағын мекеменің өзі, жоғарыда көрсетілген қаншама жер өлшемдеріне сексеуіл тұқымын жылда егеді. Ешкім тиіспесе орманға айналатын шөлге шыдамды бұл ағаш түрі тек табиғаттың қолдауымен өсіп-өнеді және бұл өсімдіктің биіктігі 7 метрге дейін жетеді екен. Алайда бүгінгі күні бұл өсімдіктің қас жауы адамзат болып отыр. Сондықтан мемлекетіміз оны кесуге қатаң тыйым салса да, кейде базарлардан және кәуап пісіретін орындардан жиі көріп қаламыз. Сексеуілді жастайынан кесіп, машинасына толтырып тиеп алған баукеспелердің талайы ұсталып, талайына айыппұл салынып, тиісті шаралар көріліп жатыр. Соған қарамастан бұл заңбұзушылардың әрекеттері азаймай отыр. Дегенмен де сексеуілдің отаны аталатын Қызылқұм мен Қарақұмда бүгінгі күні жас сексеуілдер табиғат пен жанашыр адамдардың көмегімен бой көтеріп қалғаны қуантады. Бойымызға жылу, табиғатымызға сән беретін сары сексеуілімізді әрбір адамзат қорғай білсек, отын қорымыз ұлғая беретіні сөзсіз.

Таңатар Сатбаев,
орман күзету және қорғау
жөніндегі патолог инженері
30 қараша 2017 ж. 2 332 0