Рәміздер – елдігіміздің белгісі
Мемлекеттік рәміздер күніне орай аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасында жиын болып өтті. Жиынды басқарма басшысы А.Жусупов ашып, айтулы күнмен құттықтады.
– Осыдан тура 29 жыл бұрын қабылданған ресми мереке – Мемлекеттік рәміздер күні елдігіміздің жарқын белгісі ретінде аталып келеді. Тәуелсіз ел тарихында өзіндік орны бар рәміздер шын мәнінде әрбір қазақстандық азаматтың мақтанышы. Елтаңба, Ту, Гимнді қастерлеп, құрмет тұту қасиетті борышымыз. Сондықтан, көкте Байрағымыз қалықтап, Гимніміз шырқалып, Елтаңбамыз жарқырап тұрған кезде болашағымыз жарқын болары сөзсіз, – деген басқарма басшысы мемлекеттік рәміздердің шығу тарихы мен авторлары туралы айтты.
Басқарманың бас маманы Ж.Мусаева «Мемлекеттік рәміздер туралы» баяндама жасап, әрбір нышанның сипаттамасына тоқталды.
Жиынға қатысқан аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов мемлекеттік қызметкерлерді мерекемен құттықтап, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енетін «Әкімшілік рәсімдік-процесстік туралы» Кодексі туралы ақпарат берді. Аудан прокурорының орынбасары Е.Алтынбайұлы сыбайлас жемқорлықты алдын алуға қатысты заңдағы өзгерістер мен толықтырулар туралы хабарлама жасады.
Мемлекеттік рәміздер мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шарада аудандық Қазынашылық басқармасының басшысы З.Рахымшаева ізгі тілегін жеткізді.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ