Алғыс арқалаған дәрігер
Дәрігер – құрметті мамандық. Адам жанының арашашысы. Біздің кейіпкеріміз Әнуар бала жастан ақ халатты абзал жан болуды армандады. Ол немеренің тұңғышы болғандықтан ата-әжесінің «бас ауырып, балтыры сыздаса» дәрігер анасымен бірге қарттарға қызмет жасап, бәйек болатын.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей Әнуар Тереңөзек кентіндегі №35 И.Тоқтыбаев атындағы орта мектепті үздік бітіргеннен кейін жүрек қалауымен Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік академиясының «емдеу ісі» факультетіне оқуға түсті. Арманына қол жеткен жас жоғарғы оқу орнында да өте жақсы оқыды. Тәжірибелі оқытушылардан тәлім алған Әнуар 2012 жылы жоғарғы оқу орынын бітіріп, дәрігер мамандығы бойынша диплом алды. «Білімімді одан әрі жетілдіремін, жақсы маман боламын» деген жасқа қашанда жол ашық. Әнуар Мұратбекұлы жоғары оқу орнынан кейін интернатураға қабылданды. Мұнда бір жыл оқып, дәрігер-терапевт мамандығын игерді.
Білімді жас сол жылы «Ұлттық ғылыми медицина орталығына», «Интервенциялық кардиология» мамандығы бойынша резидентураға оқуға түсті. Резидентурада үш жыл оқып, осы салаға жан-жақты маманданды. Бұл оқу орынын 2016 жылы ойдағыдай тәмамдап, Астана қаласы әкімдігінің №2 қалалық ауруханасына жедел көмек көрсету кардиологы болып жұмысқа орналасты. Аталмыш ауруханаға Астана қаласының белгілі кардиологы, резидентурадағы жетекшісі-Бауыржан Құралұлы Ешмұратовтың шақыруымен келген болатын. Әнуар Әбсадықов жетекшісінің сенімен ақтап, біліктілігін ары қарай жетілдіріп, рентген, хирургия және интервенциялық кардиолгия мамандығын игерді. Интервенциялық кардиолгия дегеніміз заманауи рентген қондырғысын пайдалана отырып, тамырішілік жүрекке ота жасау әдісі.
Қазіргі таңда Әнуар Әбсадықов еңбек ететін денсаулық мекемесі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жедел миокард инфарктты емдейтін бірден-бір аурухана болып табылады. Жылына мыңдаған науқастың өміріне араша түсіп, құтқарып келеді.
– Әр дәрігер өз білімі мен біліктілігін үнемі жетілдіріп, медицина саласындағы жаңалықтарды оқып-біліп отыруы тиіс. Жақсы жүрек маманы атану үшін білікті кардиолог болуы қажет. Осындай маман ғана жүрек соғысын тап басып айта алады. Университет қабырғасында оқып жүрген жастардың мұны ескергені жөн. Ең кем дегенде бес жыл кардиолог болуы тиіс. Медицинаны дамытуға бағыт алған елдер, осыған аса мән береді, – дейді білікті дәрігер.
Бүгінде тәжірибелі, білімді маманның есімі биылғы жыл жарық көрген «Қазақстанның Алтын кітабына» енген. Осы кітаптағы Ә.Әбсадықов туралы жазылған мақалада мынадай жолдар бар: «Әнуардың бойындағы бір ерекше қасиеті – адамға деген жанашырлығы. Кім-кімге болмасын аса бір мейірімділікпен қарай біледі. Ауырған жанның жанын түсініп, оның әрбір сөзін мұқият тыңдап, өзі қажетті ақыл-кеңесін беріп, тиісті ем шарасын кезең-кезеңімен тиянақты ұсынып отырады. Қолы қалай алтын болса, оның сөздері де сондай салмақты. Барынша жанашырлықпен қарап, қамқорлық таныта білетін Әнуарды емделушілер іздеп тұрады».
Ақ халатты абзал жанға бұл қасиеттер әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған десек, артық айтпағанымыз. Өйткені Тереңөзекте Әбсадықовтар – құрметті жандар. Әнуардың атасы Қонысбек – адал еңбегімен абыройға бөленген, ардақты ардагер. Ауыл шаруашылығы саласында 50 жыл бас маман болып еңбек етті. Шаруашылықтарда, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас есепші болды. Кезінде аудан экономикасының қарыштап дамуына бір адамдай еңбек сіңірді. Әнуардың әкесі Мұратбек көп жыл ауданның бас сәулетшісі болды. Қазір мұнай саласында жұмыс істейді. Білікті дәрігердің анасы Айгүл Қарсанқызы – ауданның маңдайалды дәрігері. Осындай отбасында тәрбиеленген Әнуардың қатарынан озық болуы заңдылық тәрізді.
Осы мақаланы баспаға дайындап жатқанда Тереңөзек кентінде бір ардагер ағамызбен жолықтым. Төрт-бес айдан бері жеті жасар немересі қатты сырқаттанып жүр екен. Қызылорда, Нұр-Сұлтан қаласындағы дәрігерлерге көрінгенімен сырқатының күрделілігінен диагноз қоя алмаған. Сол баланы көп жасағыр Әнуар Нұр-Сұлтан қаласына алдырып, шет елдің дәрігерлеріне қаратыпты. Бүгінде ауыр науқастың диагнозы анықталып, ем-шаралар қабылдануда.
«Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін, бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деген қазақта мақал бар. Сол айтқандай, білікті дәрігер Әнуар Әбсадықов – халқына пайдасы тиіп жүрген жанашыр азамат.
Ақ халаттылар үшін ең бастысы – халықтың алғысына бөлену. Өйткені ол марапаттың төресі болып саналады. Одан әрі дәрігердің еңбегі көрініп тұрады. Еңбекқор әрі ізденгіш абырой беделі үлкен дәрігердің бақыты да, мұраты да осы.
Шаһарбек Нұрсейітов,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
ҚР Журналистер Одағының мүшесі