Сыңғырла, соңғы қоңырау!
Әне-міне дегенше биылғы оқу жылы да өз мәресіне таяп қалды. Кеше ғана алғашқы қоңырау сыңғыры оқушыларды мектепке, оқу-білімге шақырып, Білім күні мерекесі тойланған еді. Ертең мектептерде соңғы қоңырау соғылып, мектеп бітіруші түлектерді үлкен өмірге шығарып салады.
Ауданымызда барлығы 8261 оқушы болса, биылғы оқу жылында 729 оқушы 9 сыныпты, 422 оқушы 11 сыныпты бітіреді. Аудан бойынша 30 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болса, 33 оқушы «Үздік аттестатқа» ұсынылуда.
25 мамыр. Ақ бантик тағып, ақ көйлек киген оқушылар мектепке асығады. Көңілде үміт, санада арман, мектепке емес-ау, үлкен өмірге қанат қағады. Мектеп бітірушілер үлкен өмірге жолдама алса, мектеп табалдырығын өткен жылы аттаған балдырғандар бірінші сыныпты тәмәмдап, ата-анасының көз қуанышына айналады.
Биылғы соңғы қоңырау салтанаты 25 мамыр күні өтсе, аттестат тапсыру рәсімі маусым айының орта тұсына жоспарлануда. Мектеп бітіру кешін ұйымдастыру барысында оқушылардың қауіпсіздігі баса назарға алынады. Бұл ретте білім басқармасының арнайы бұйрығы шыққанын айта кетейік. Мектеп бітіру кештері мектеп қабырғасында немесе мектеп ауласында өткізіледі. Үйде, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарында салтанатты іс-шара ұйымдастыруға тыйым салынады. Бұл кәмелет жасқа толмаған балалардың қауіпсіздігі үшін маңызды.
– Соңғы қоңырау салтанатын ұйымдастыруда оқушылардың қауіпсіздігі басты назарға алынады. Мектеп қабырғасынан бөтен орындарда кеш ұйымдастыруға қатаң тыйым салынады. Мұғалімдер мен ата-аналар тиісті орган қызметкерлерімен бірлесе отырып, түлектердің қауіпсіздігін басты назарға алады. Мектеп бітіру салтанаты жылдағы дәстүр бойынша мектеп ауласында өтеді, – дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж.Қойшыбаева.
Бұл – мектеп бітіруші жас түлектердің ғана емес, жылдар бұрын білім ордасын тәмәмдап, мектеп қабырғасынан ұзап, үлкен өмірге қанат қаққан түлектердің мерекесі. Он жылдық, жиырма жылдық, отыз жылдық түлектер дәл осы күні қарашаңыраққа жиналып, мәре-сәре болады. Мектепке құрмет көрсетіп, бала күнгі құрбы-құрдаспен кездесіп, өткен күннен сыр шертіседі. Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсе де, бойында жылуы бар әрбір парасатты азамат әріп үйретіп, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұя мектебін әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске алып отырады.
– Биыл біздің мектеп бітіріп, үлкен өмірге қанат қаққанымызға он жыл толып отыр. Алғашқы онжылдық, сәтін салса, өзіміз білім алған №210 мектепке барып, қара шаңыраққа сәлем береміз. 2012 жылы үлкен өмірге қадам басқан біздер арман қуып еліміздің түкпір-түкпіріне жолдама алдық. Бүгінде түрлі мамандықты жан серігі еткен бір кездегі жас түлек жер-жерде Тәуелсіз елдің кемел болашағы үшін қызмет қылуда, – дейді мектеп бітіргеніне он жыл толған Л.Сақтағанова.
– Бүгінгі ұрпаққа қарап шын қуанамыз. Өмір деген кезеңімен алмасып өтеді екен. Біздің мектеп бітіргенімізге биыл елу жыл толады. Білім нәрімен сусындатқан Сәрсен апайымызды, тәлім мен тәрбиені қатар үйреткен ағай-апайларымызды бір сәт ұмытқан емеспіз. Бүгінде ұстаздарымыздың көбі мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Бірге өскен құрбының да қатары сиреді... Мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсу, білікті маман болып, қызметке араласу – бұның бәрі мәртебе, өмір кезеңдері. Үлкен өмірге қадам басқан ел ертеңдерін маңызды сәтпен құттықтап, жолдарың ашық болсын деп тілек білдіреміз, – дейді И.Тоқтыбаев атындағы №35 мектептің 1972 жылғы түлегі Р.Қаратаева.
«Жас түлек» деген көгілдір лента тағып, ақ көйлек киіп, сарбаздай тізілген оқушылар көңіліндегі қобалжу сезімі кімді болса да ерекше әсерге бөлері сөзсіз. Соңғы қоңырау, соңғы вальс... Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтбаев «... 1 қыркүйекте не салтанатты шеру, не салюттер болмайды. Бірақ бұл күн – ешқандай мерекемен тең келмейтін, білімнің асқар шыңына жетелейтін, қайталанбайтын күн. Бұдан асқан ұлы мереке жоқ» деген екен. Оқу жылының абыроймен аяқталып, жылдың қорытындылануы да сондай ерекше мейрам.
Айта кетейік, соңғы қоңырау мерекесі аясында мектеп бітіруші түлектердің қайырымдылық істеріне қолдау көрсетіледі. «Мектепке кітап сыйла», ағаш егу бойынша «Мектепке сый» акциясы, әлеуметтік әлсіз отбасы мен балаларға «Шын жүректен – балаларға» акциясы, «Туған жерге тағзым», «Алғашқы ұстазыма алғысымды білдіремін» акцияларын ұйымдастыруға болады.
Оқу жылының қорытындысы бойынша ауданымыз жоғары жетістіктерге жетіп, әр жылды абыроймен аяқтап келеді. Соңғы қоңыраудың салтанаты келесі сыныпқа көшкен оқушылар үшін жазғы демалысқа ұласса, түлектерге сынақ тапсыру, жоғарғы оқу орнына түсумен жалғасатын болады. Он бір жыл мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындаған жас өрен үлкен өмірге қадам басады. Ендеше, сәт сапар, жас түлек!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ