Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Халық тілегінен туған бастама

Халық тілегінен туған бастама

Қоғамдық формация өзгерген сайын жаңа реформа ор­найтыны анық. Өйткені жаңа талаптарға сай адам­дардың да өмір сүру дағдысы өзгереді. Ал өзгеріс бар жер­де жаңашылдықтың болуы міндетті. Сондықтан рес­публикалық референдум жаңашылдықтың нышаны болып саналады.

«Елімізде екі рет референдум өтті»

Пандемия халықты қажытқаны рас. Әлемде дендеген жұқпалы ауру әбірге салып, халық тұрмысына айтарлықтай әсер етті. Одан кейін жаһандық жағ­дайлар да әлеуметтің әл-ауқатын әлсі­ретті. Соның ізін ала қымбатшылық ал­қымнан алғанда елде қаңтар оқиғасы орын алып, мемлекеттің тұтастығына қауіп төнді. Жалпы осы оқиғадан кейін елімізде саяси жаңару мен жаңғыру үде­рісі жедел жүзеге асырылуда. Оған себеп те бар, халық мемлекетте ашықтықты, жариялықты талап етуде.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жо­лы» атты халыққа арнаған Жолдауын­да мемлекетті түбегейлі трансфор­мация­лауға басымдық берді. Нә­ти­­же­сінде мем­лекеттік басқару саласында нақты қадамдар жасалуда. Соның бір парасы саналатын жалпыхалықтық рефе­рендум 5 маусым күні өтеді.

Негізінен, референдум мемлекеттік ма­ңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу дегенді білдіреді. Мұндай жүйе ал­ғаш рет Швейцарияда қолданылған. Бұ­ған заң немесе халықаралық шарт жобасы, басқару сипатындағы мәселелер ұсынылады. Ал арнайы даярлықты қажет ететін төтенше, шұғыл мәселе дауысқа салынбайды.

Енді «Тәуелсіз Қазақстанның тарихында қанша референдум өтті?» дегенге тоқталсақ. Ел тарихында халықтық таң­дауға салған екі референдум өткен. Оның біріншісі ҚР Президентінің 1995 жылдың 25 наурызындағы №2152 «1995 жылдың 28 сәуірінде республикалық ре­ферендум өткізу туралы» жарлығы не­гізінде өткізілді. Онда «1991 жылдың 1 желтоқсанында жалпыхалықтық сайлау арқылы сайланған Президент Нұр­сұл­­тан Назарбаевтың құзіретін 2000 жыл­дың 1 желтоқсанына дейін ұзартуға келісесіз бе?» деген мәселе көтерілді. Ел тұрғындары осыған таңдау жасап, қазақстандықтардың 95,46%-ы бірауыздан қолдады. Мұнан соң екін­ші рет 1995 жылдың 30 тамызында өт­кі­зіл­ген. Референдумда Қазақстан Прези­дентінің 1995 жылғы 28 шілдедегі №2389 жарлығына сәйкес «Сіз 1995 жыл­ғы тамызда баспасөзде жарияланған Қазақ­стан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген жалғыз мәселе ұсынылған. Бұған халықтың 90 пайызы қолдау білдіріп, Жаңа Конституция қабылданды.

Ел тарихында бірнеше рет референдум өткізуге ұсыныс жасалған кездер де болған. Мәселен, 2011 жылы Президент өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға байланысты референдум өткізуге ұсыныс жасалған. Бұл ұсынысты ҚР Парламенті мақұлдағанымен, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев одан бас тартып, референдум болған жоқ.

2016 жылы мемлекетімізде жерге қа­тысты халықтың наразылығы туын­да­ған болатын. Нақтырақ айтқанда, Ұлт­тық экономика министрі 1,7 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін аукцион ар­қылы сатылымға шығаратынын мә­лім­деген. Бұған жұртшылық қарсылық біл­дір­ді. Осыған орай қоғам белсенділері ауыл ша­руашылық жерлерін сату және шетел­діктерге жалға беру мәселесін рес­публикалық референдум арқылы шешуді ұсынды. Бұл бойынша да референдум өткізілмеді. Бұл ретте Президент ауыл шаруашылық жерлерін сату және шетелдіктерге жалға беруге 5 жылдық мораторий жариялады. Тағы бір рет 2019 жылы Астана атын ауыстыруға байланысты да референдум өткізілмей қалды. Сол жылы президенттік лауазы­мға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атын «Нұр-Сұлтан» деп ауыс­тыруды ұсынды. Президентке елорда атын ауыстыру туралы респуб­ликалық референдум өткізу туралы ұсы­­ныс жасалды. Президент мәселені Пар­ла­­менттің қарауына жіберу туралы ше­шім қабылдады.

Бұл жолғы референдум бұрынғыдан өзгерек

Ата Заңымызда «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген басты қағида бар. Соған орай қазақстандықтар еліміздің жаңа реформасын, яғни Конституцияның 33 бабына толықтырулар мен өзгертулер енгізуге өздері таңдау жасайтын болады. Президент Екінші Республиканың не­гі­зін қалайтын аса маңызды конституциялық рефор­маны ат төбеліндей аз топтың емес, бүкіл ха­лықтың талқысына салуды жөн санады. Бұл – құп­тарлық іс. Елімізде жалпыхалықтық референдум осымен үшінші рет өткізгелі отыр. Бұл жолғы референдумның бұрынғыдан өзгерек екені айқын.

Алдымен суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшуге ба­сымдық берілмек. Мұның негізі Мемлекет басшысы барлық азаматқа тең мүмкіндік берілуінің мызғы­мас кепілі болуға тиіс. Соған орай Президенттің жа­қын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілер, ква­зимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыла­ры лауазымдарын атқармайды. Сондай-ақ Ел Пре­зиденті саяси партия­ларда болмайды. Соның нә­тижесінде, барлық саяси партияны дамытуға бір­дей жағдай қалыптасады, дербес әрі әділ ше­шім қабылдауға жол ашылады. Одан бөлек, Пре­зиденттің аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату туралы құзыретін алып тас­тау көзделген. Сонымен қатар көптің талқысына түскен Конституцияның 91-бабынан Тұңғыш Пре­иденттің Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы де­ген мәртебесі туралы норма алынып тасталады. Мұның бәрі Президенттің өкілеттігін азайтып, өңірлік деңгейдегі басқару жүйесін күшейтпек.

Мұнан соң Парламент рөлін күшейтіп, мәрте­бесін арттыру бағытында да айтулы өзгерістер жасалмақ. Бірінші кезекте, Сенат Президент ен­гізетін Конституциялық Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің төрағалары лауазымына кандидаттарды келісу құқығына ие болады. Сондай-ақ Президент Сенатқа 15 емес, 10 депутат тағайындайды. Оның 5-еуі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша тағайындалады. Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы Се­нат­қа беріледі. Оның саны 9-дан 5 депутатқа қыс­қарады. Соған сәйкес Мәжіліс депутаттарының жал­пы саны 107-ден 98-ге азаяды.

Ал Мәжіліс депутаттарынан мандатты кері қай­та­рып алу құқығы енгізіледі. Мұның депу­таттардың сайлаушылар алдындағы жауап­кер­ші­лігін арттырады. Осы тұста республикалық бюд­жеттің ат­қа­рылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жо­ғары аудиторлық палата болып өзгеріп, оның төр­ағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттарының ал­дында есеп беретінін айта кеткен жөн.

Президент бастамашылық еткен түзетулердің ішінде қазірде өзекті болып тұрған мәселелерге қатысты өзгерістер бар. Атап айтқанда, басты құжатта жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені жайындағы норма нақты және кесімді түрде бекітілген. Меншік құқығын ха­лықтың атынан мемлекет жүзеге асырады. Бұл реформа бүгінде жерге қатысты дауларды шешуге мүмкіндік бермек. Яғни жерге қатысты маңызды реформалар жер иесі – халықтың пікірі ескерілмей шешілмейді деген сөз. Мұндай өзгеріс елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.

Жаңартылатын Ата Заңымызда азаматтардың құ­қықтарын қорғау тәсілдері де жетілдіріледі. Өлім жазасын жою туралы шешім конституциялық деңгейде түпкілікті бекітіледі. Сонымен қатар адам құқықтары жөніндегі уәкіл азаматтардың құ­қығы мен бостандығын қорғау кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелді болмайды, ешкімге есеп бер­мейді. Ол өз жұмысында Конституциялық Сотқа жү­гіне алады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заң арқылы айқындалады.

Осындай өзгерістер мен толықтырулар мем­лекет­тің жаңа тынысын ашпақ. Мемлекеттік істе халық пікірі ескеріледі. Жалпыхалықтық референ­думның өзі осының айғағы болса керек.

Жан-жақты талқылануда

Бүгінде конституциялық реформаға қатысты түсіндіру, талқылау жұмыстары қарқынды жүр­гі­зіліп жатыр. Мемлекеттік хатшы Е.Қарин «Ал­дағы референдумның ерекшелігі, Президент өз өкілеттіліктерін кеңейтпейтін, керісінше, оның бір бөлігін биліктің басқа институттарына бөліп бе­ретін Конституциялық реформаға бастамашы болып отыр. Сондықтан бұл референдумның өтуіне билік мұрындық болғанына қарамастан, мұны ха­лықтық референдум деп айтуға болады. Бұған телеграмм-арналарда және қоғамның түрлі топтары арасында жүргізілген сауалнамалар дәлел. Бұл қоғамның жаңаша бірігуінің, сондай-ақ халықтың билікпен ынтымақтасуының айқын көрінісі» деп атап, Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша бағыт-бағдар берді.

Мұнан бөлек бүгінше республикалық, облыс­тық штабтар құрылып, ел-халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Ауданда да белсенді азаматтардан құралған аудандық қоғамдық штаб пен «AMANAT» партиясы жанынан құрылған штаб жұмысын бастап, күнделікті сырдариялықтармен кездесуде.
Жалпы, конституциялық реформаның өту барысын 39 халықаралық байқаушы қадағалайтын болады. Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бо­йынша аккредиттеуге 3 халықаралық ұйымнан және 5 шет мемлекеттен 39 байқаушы ұсынылған. Оның ішінде 6 байқаушы ТМД-дан байқаушылар мис­сиясының құрамындағ 5-уі – Түркі мемлекеттері ұйымы байқаушылар миссиясынан және 17 бай­қаушы – ТМД ПАА-дан, сондай-ақ Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Грузия, Молдова елдерінен 11 байқаушы аккредиттелген.

Түйін. Ата Заңымызға енгізілетін өзге­рістер алдағы өміріміздің бағытын өзгертуге айтарлықтай әсер етеді. Оның ішінде біраз уақыттан бері көпшіліктің талқысына түсіп келе жатқан мәселелер көп. Сондықтан халық тілегінен туған бастамаға әрбір тұрғынның дауысы маңызды рөл атқарады. Бұған жауапкершілікпен атсалысу керек.




Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
24 мамыр 2022 ж. 303 0