Cаяси жаңғыру – жаңа өмірдің сипаты
Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауды жылдағыдан ерте жолдады. Жаңа Жолдау «Жаңа Қазақстанды» қалыптастырып, жаңару кезеңіне байланысты болды.
Біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылында жеткен жетістікті ұмытпауымыз қажет. Десе де қаңтар оқиғасы халықтың әлеуетін көрсетіп берді. Сондықтан елімізге түбегейлі өзгеріс енгізу қажеттілігі туындады. Осыны ескерген Президент жаңа жүйе қалыптастыруда тың бастамалар көтерді. Өз сөзінде Мемлекет басшысы «Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті» деп атап өтті. Сол себепті ашықтыққа негізделген жұмыстар жүргізіліп, халықтың мәселесін жылдам шешу тетіктері іске асырылатын болады.
Бұл ретте күшті Парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшуге бетбұрыс жасалды. Яғни, мұндай жүйе билік институттарының оңтайлы теңгерімін қамтамасыз етеді және елдің орнықты дамуына ықпал ететін болады. Саяси жаңғыру, елді үздіксіз дамыту, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер – мемлекетіміздің терезесін дамыған елдермен теңестірудің бірден-бір жолы. Сондықтан билік басында да адал, халыққа жаны ашитын басшылар отыруы керек.
Бұл Жолдауда тарихи шешімдер қабылданды. Тарихға тағзым жасалып, Абай, Ұлытау, Жетісу облысының құрылуы көпшіліктің арман болған. Сол орындалып, ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атаулары, ұлы тұлғаларымыздың есімі ұрпақ санасында жаңғыра түсті.
Жаңа Қазақстанның қозғаушы күші – біздің азаматтарымыз. Сондықтан жаңа міндет, ортақ мұратқа қол жеткізу үшін әрбір азамат өз саласында сапалы еңбек етуге тиіс. Президентіміз айтқандай, бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құру жолында баршамыздың жұдырықтай жұмылып әрекет етуіміз аса маңызды.
Мұса КЕЛДІБАЕВ,
аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы