Саяси өзгерістің батыл қадамы
Мемлекет мәселесін халық талқысына сала отырып шешу – демократиялық қоғам көрінісі. Осы ретте референдум өткізу, оған бір кісідей жұмыла қатысу маңызды. Себебі Конституцияға қатысты әр түзету терең талдауды қажет етеді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауында мемлекетті түбегейлі трансформациялауға басымдық берді. Нәтижесінде мемлекеттік басқару саласында нақты қадамдар жасалуда. ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді халықтың таңдауы арқылы жүзеге асыру бастамасы – қоғамдағы саяси өзгерістердің батыл қадамы. Референдум – халықтың нақты мәселеге байланысты пікірі, көзқарасы, таңдауы. Бұл арқылы халық өзінің пікірін білдіруге мүмкіндік алады.
Ата Заңымызда «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген басты қағида бар. Соған орай қазақстандықтар еліміздің жаңа реформасын, яғни Конституцияның 33 бабына толықтырулар мен өзгертулер енгізуге өздері таңдау жасайтын болады. Президент Екінші Республиканың негізін қалайтын аса маңызды конституциялық реформаны ат төбеліндей аз топтың емес, бүкіл халықтың талқысына салуды жөн санады. Бұл – құптарлық іс.
Референдумға бірлесе атсалысу арқылы егемен мемлекетіміз «Жаңа Қазақстанды» құрудағы алға қойған мақсаттарына нық қадам басады. Сол негізде суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшуге басымдық берілмек. Онымен қоса ауыл, аудан, қала, облыстар өз әкімдерін, мәслихаттарын сайлайды. Жер мен оның қойнауындағы дүниенің барлығы халыққа ғана тиесілі болып есептеледі. Өлім жазасына толық тыйым салынады. Сайлаушылар жеке мандатпен қайраткерлер мен тұлғаларды сайлай алады. Осындай күтілетін жаңалықтарға толы саяси реформалар жалпыхалықтық референдум арқылы анықталмақ.
Бүгінде конституциялық реформаға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан көлемінде белсенді азаматтардан құралған аудандық қоғамдық штаб пен «AMANAT» партиясы жанынан құрылған штаб халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Штаб мүшелері саяси реформаның маңыздылығын насихаттауда. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құру жолында әрбіріміздің пікіріміз маңызды екенін естен шығармайық!
Марат ОМАРОВ,
аудандық қоғамдық штаб төрағасы