Ұбт-ға тіркелу аяқталды
Мектеп бітірушілердің грант негізінде оқуға түсуі үшін Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш беру мерзімі 14 мамырда аяқталды. Бұл жайында аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков толығырақ айтып, ақпарат берді.
– Өздеріңізге белгілі, биылғы оқу жылын бітіруші түлектер үшін грант негізінде оқуға түсуге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілді. Осыған орай оқушыларды тіркеу 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында жүргізілді. Аудан бойынша осы оқу жылында мектепті 422 оқушы бітіреді деп күтілуде. Оның 354-і мамыр-маусым айларында екі мәрте ҰБТ тапсырады. Өткен оқу жылында маусымның 30-да ҰБТ тапсыру аяқталса, биыл 5 шілдеге дейін ұзартылды. Аудан түлектері 19 мамырдан бастап білім сынағын тапсыратын болады. Мамырда өтініш берген 100 оқушы сынақ тапсырса, соңғы күні, яғни 4 шілдеде 32 оқушы екінші мүмкіндіктен өтеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл республика бойынша грант саны да көбейді. 75 мың түлек ҰБТ нәтижесімен грант негізінде таңдаған мамандығына сәйкес жоғары оқу орындарында оқитын болады. Жалпы ескеретін жағдай, ҰБТ «1 компьютер, 2 камера, 1 тестілеуші» қағидатымен жүргізіледі. Ең жоғарғы ұпай – 140, берілетін уақыт – 4 сағат. Ерекше балаларға сынаққа берілетін уақыт ұзартылды. Оларға қосымша 40 минут беріледі. Қатаң ескерту – талапкер бірінші тестілеу кезінде ережені бұзса, онда екінші тестке жіберілмейді. Ал екінші тестілеу кезінде ережені бұзса, онда тесттің бірінші және екінші нәтижелері бұзылады, – деді бөлім басшысы.
Жыл сайын ауданның білім саласы ҰБТ тапсыру нәтижесі бойынша үздіктердің қатарында келеді. Биыл да оқушылардың білім сынағына дайындығы жоғары деңгейде. Мәселен, наурыз айында ҰБТ тапсырған 332 оқушының арасында 100-ден жоғары балды 35 талапкер алса, №42 мектеп-лицейдің оқушысы Ақжан Қасымхан 123 ұпай жинаған.
Айта кету керек, биыл аудан бойынша 29 мектеп бітіруші – «Алтын белгіге», 34 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ