Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ: жаңа ережемен өтеді

ҰБТ: жаңа ережемен өтеді

Биыл мектеп бітіруші түлектер үшін ҰБТ жаңа ереже бойынша өтеді. Түлектер тестті екі рет тапсырып, ең жоғарғы деген нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. Жаңа ережедегі жаңашылдықтар туралы білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтып өтті, деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.

Мектеп бітіруші оқушылар 6 мамыр мен 30 маусым аралығында өзіне ыңғайлы уақытты таңдап, ұлттық тест тапсыратын күнді белгілейді. Бұрынғыдай топтасып тест тапсыруға жол берілмейді. Тиісінше карантиндік шараларға баса назар аударылады. Яғни, 1 күнде 10-20 бала аралығында тест тапсыруы мүмкін. Бастысы арақашықтық сақталуы қажет.

«ҰБТ енді екі рет тапсырылады. Және бұл формат ашық әрі әділ өтеді. Бұл балалар үшін өте тиімді. Біріншіден, мектеп бітірушілер тест күнін күтіп, күйзеліске ұшырамайды. Екіншіден, тестті екінші рет тапсыру мүмкіндігі жүйкеге түсетін салмақты азайтады. Жалпы, биыл облыстағы 261 мектептен 7004 оқушы мектепті аяқтайды. Балалардың 90 пайызы ҰБТ-ға қатысады деп жоспарланып отыр. Ал сынақ тестілеу орталықтарында электронды форматта өткізіледі», – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Камбозұлы.

Айта кету керек, ҰБТ-ға қатысушы арнайы талап ережеге сай тексеріліп кіргізіледі.

«Тестілеу форматы биыл біршама өзгертілгенін білесіздер. ҰБТ-ға қазір 16 жасқа толмаған оқушы оқу орнының анықтамасымен ғана кіре алады. Тестілеуге кіргенде оқушы танысу актісіне қол қояды. Яғни, тыйым салынған заттар жоқ екендігін көрсету үшін бұл. Барлығы талапқа сай болғанда ғана, талапкер аудиторияға кіре алады. Ал ғимаратқа ұстаздар мен ата-аналар кіруіне тыйым салынды. Бұл енді карантин талаптарына сай жүргізіледі. Біз бұл жағдайды ескеріп, әрбір аудиторияға бейнебақылау орнаттық. Мұнда ата-аналар тестілеудің қалай өтіп жатқанын онлайн бақылай алады», – деді «U-Future» ЖШС Қызылорда облыстық филиалы тестілеу орталығы директорының орынбасары Шахар Қалыбекова.
21 сәуір 2021 ж. 351 0