Өтінімдер онлайн қабылданды
Мектеп бітіруші түлектер үшін 11 жылдық білім нәтижесін көрсететін уақыт таяп қалды. Қазіргі кездің өзінде қызу дайындық жүріп жатқаны анық.
Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты халық көп шоғырланған жерлерге баруды болдырмау үшін ҰБТ-ға өтініш қабылдау биылғы жылдың 15 сәуірі мен 10 мамыр аралығында онлайн режимде және дәстүрлі түрде өткізілді. Одан бөлек Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ және шетелдегі оқу орнын бітірген адамдар үшін құжаттарды қабылдау 15 мамырына дейін ұзартылды. Міне осы аралықта қабылданған өтінімдер саны бұрынғымен салыстырғанда рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Атап айтар болсақ, талапкерлер саны жыл сайынғы 70%-дық көрсеткіштен асып түсті, яғни биыл түлектердің 82%-ы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. Мамандардың айтуынша, онлайн форматтың артықшылығы көп. Осы уақытқа дейін мектеп әкімшілігі тарапынан үлгерімі төмен оқушылардың тестілеуді тапсыру мүмкіндігін шектеу фактілері орын алған болса, биылғы жылы бұл мәселе шешілген тәрізді.
Соңғы жылдары ҰБТ форматына өзгерістер жиі енгізілетін. Алайда биыл тестілеудің форматы өзгермейді. Оқуға түсушінің білімі бұрынғыдай бейінді және міндетті пәндер негізінде, сондай-ақ бұған дейінгі шкала бойынша бағаланады. Шекті балл жинай алмаған және бірінші академиялық кезең аяқталғанға дейін ақылы бөлімге қабылданған тұлғалар ҰБТ-ны бір жылдың ішінде тапсырады. Биылғы өзгеріс тек ҰБТ-дағы сертификатқа байланысты. Маусым айында өтетін тестілеудің қорытындысында бұрынғыдай қағаз түріндегі сертификат емес, электрондық сертификат берілмек.
Тағы бір жаңалық – мектепті биыл бітіріп, ҰБТ-да ең жоғары 140 ұпайды әділ жинаған әр түлекке соңғы модельдегі ноутбук сыйға беріледі. Ал тестілеуге кіргізу кезінде заңсыз зат табылған талапкер тестілеуге жіберілмейді және осы жылы ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылады. ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 25 тамызына дейін бейнебақылау жазбалары талданады. Талапкердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, оның ҰБТ және білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері жойылады.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, осы жылы ҰБТ-ға 131 471 адамнан өтініш түскен, оның ішінде 111 017-і – мектепті биыл бітіргендер, 20 454-і – колледж және бұрынғы мектеп түлектері. ҰБТ-ға қатысуға 100 мыңнан аса өтініш онлайн қабылданған. Аудан бойынша биыл мектепті 341 оқушы бітіреді. Олардың 273-і (80 процент) маусым-шілде айларында болатын ҰБТ-ға қатысуға ниетті. Бүгінде олардың барлығы өтініш беріп қойған. Қазіргі таңда оқушылар Ұлттық тестілеу орталығының сынама тесттерін онлайн режимінде тапсыруда. Биылғы жылы «Алтын белгіге» 45 оқушы, «Үздік аттестатқа» 18 оқушы үміткер.
Ердос БЕРКІНБАЕВ