Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас түлектің екі мүмкіндігі бар

Жас түлектің екі мүмкіндігі бар

Бүгінде биылғы мектеп бітіруші түлектер 11 жыл бойы оқыған білімін сарапқа салуда. Олар ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, өз біліктіліктерін дәлелдеу үстінде. Қазіргі жағдайға байланысты ҰБТ тапсыруда өзгерістер бар.
Ең басты ерекшелік – ҰБТ наурыз айынан бастап толықтай компьютерлік форматта өтіп жатыр. 1 тапсырушы 1 камера жүйесі бойынша сынақ жүргізіліп, тыйым салынған затты пайдалануға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ талапкерлерді отыр­ғызу тәртібі дәл тестілеу алдында белгілі болуда.
Компь­ютерлік жүйенің өзіндік артық­шылықтары бар. Мектеп бітіруші ЖСН нөмірді және парольді енгіз­геннен кейін сол сәтте талапкерге бірден жаңа нұсқа шығарылады. Нұсқалар ешбір оқушыда қайталанбайды. Жауап парағын бояған кезде қателіктер түзетілмесе, бұл жүйеде, яғни компьютермен тапсырғанда оқушы жауаптарын түзей алады. ҰБТ тапсыру үшін жас талапкерлерге 240 минут уақыт беріледі. Тестілеу кезінде 2 минуттық жә­не 15 минуттық үзіліске шығуға болады.
Негізінде, оқушыларға ҰБТ тапсыруға екі мүмкіндік берілуде. Алғашқы кезеңі наурыз айында өтті. Талапкерлер өз еркімен, ақылы, онлайн тіркеліп, тест тапсырды. Соның нәтижесімен талапкер ақылы негізде оқуға түседі. Ал енді екінші кезеңі сәуір айынан маусым айына дейін жалғасып, 100 күн бойы өткізіледі. Бұл аралықта оқушы 2 рет тапсыруына мүмкіндік алады. Екеуі де мемлекеттік грантқа тапсыруға жарамды.
Биылғы жылы ауданның орта мектеп курсын 387 оқушы бітіреді. Бүгінде олардың 324-і бірінші лек бойынша тестілеуге өтініш берсе, екінші лекке 321 оқушы өтініш білдірген. Осы 2 рет тапсырғаннан кейін мемлекеттік грант­қа сертификаттағы жоғары ұпай қатыстырылады.
Ауданның мектеп бітіруші түлектері ҰБТ-ны Қызылорда қаласындағы «Юстади» білім беру орталығында электронды форматта тапсырады. Оларды білім орталығына 2 рет тасымалдауға бюджеттен 1447,0 мың теңге қаралған. Қазір­гі таңда аудандағы барлық білім мекемелерінде жеке, топтық консультациялар жүргізілуде.
Ауданның жас талапкерлері мемле­кеттік грантпен оқу­ға түсу үшін 6 мамырдан бастап ҰБТ тапсыра бастады. Оқушылар 30 маусымға дейін тест тапсыратын болады. Жас талапкерлерге сәт­тілік тілейміз.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
07 мамыр 2021 ж. 468 0