Кіші футболдан ұстаздар арасында турнир өткізілді
AMANAT партиясының "Ардагерлерді ардақтайық!" жобасы аясында ағымдағы жылдың 14 жұлдызында С.Сейфуллин ауылының N137 орта мектебінде "С.Сейфуллин" бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз, білікті басшы болған Есназарұлы Мансұрдың 110 жылдығына арналған кіші футболдан ұстаздар арасындағы турнир өткізілді.
Тағылымы мол турнирге 8 команда қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында ауданымыздың Құрметті азаматы, Есназарұлы Мансұрмен бірге қызметтес болған Бәйменов Рақымжан мерейтой иесінің өнегелі өмір жолдарына тоқталса, шәкірті Фазылов Рақымжан ұлы ұстазының ұлағатын кейінгі толқынға өнеге қылса, туыс інісі Есназаров Сейтсұлтан мен ата жолын жалғастырушы баласы Есназар Серік жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысында өрнекті ойын өрнектерімен танылған N126 орта мектебінің командасы 1-орын, Қызылорда қаласының АЛТЫН ДОМБЫРА командасы 2-орынды, 3-орынды N137 орта мектеп командасы иеленді.
Турнирдің "Үздік ойыншысы" Ержеңіс Әбді, "Үздік шабуылшы" Роллан Бисенбаев, "Үздік қақпашы" Абылай Нұрышов, "Үздік қорғаушы" Мұрат Бөдеев танылды.
Жеңімпаздар "AMANAT" партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркебұлан Жақыптың, аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібековтың, білім қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы Алмас Зейноллаұлының арнайы Дипломдары мен Алғыс хаттарымен және ұрпақтарының қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.
1939 жылы Финляндия соғысына аттанып, одан әрі Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, елге жеңіспен оралып, аймағымыздағы білім саласының дамуына зор үлес қосқан, бірнеше білім ордасының салынуына ықпал еткен және бірнеше мектепті басқарған Есназарұлы Мансұрдың ғибратты ғұмыры жас ұрпаққа өнеге.
Турнир облыстық "Қазақстан - Қызылорда" арнасына түсірілді.
Жұмабек Ембергенов,
аудандық мәслихат депутаты,
«AMANAT» партиясының мүшесі
аудандық мәслихат депутаты,
«AMANAT» партиясының мүшесі