Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Берекелі отбасының тірегі

Берекелі отбасының тірегі

Халықаралық отбасы күні қар­саңында ұлт құндылығы саналатын салт-дәстүр мен әдет-ғұрып туралы сөз қозғауды жөн көрдік. Соның бірі қазақ ұлтына ғана тән қонақжайлылық. Бұйырған ма­мандығымыздың арқасында дас­тарханынан дәмі үзілмейтін, кең пейіл дархан көңіл мінезді талай отбасыларды көрдік, оларға қа­рап сүйсіндік, парасат пайы­­мын бойымызға дарыттық. Ұр­пақ тәрбиесіндегі ұстанатын қағи­даларын өзгеге үлгі еттік.Міне, сондай жарасымды, айналасына үлгі болатын отбасылардың бірі Шіркейлі ауылындағы Жанболат Назаровтың отбасы.

Бұл отбасында қонақжайлылық туралы сөз қозғаудың өзі бір ғанибет. Төрінен мейманы арылмайтын отбасында ізгі дәстүр сан жылдардан бері қалыптасқан. Жанболат Опабекұлының шаңырағы ауылдағы үлгілі, береке дарыған отбасы. Ал қонақжайлылық бұл отбасында атадан балаға берілген ізгі дәстүр.

«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы айтқандай, отбасы баланың өсетін, алғашқы рет өмір жолымен танысатын орны. Бүкіл ғасырлар бойы отбасы – адам баласы тәрбиесінің құралы болып келеді. Себебі отбасында баланың мінез-құлқы, әдет-дағдысы қалыптасады. Бұл қасиетті шаңырақтың иесі Жанболат Назаровтың отбасы құндылығы туралы пікірі.

–Туған ауылыма қызмет ету бұйырды. Ең мәртебелі мамандық иесі атанып, ұстаз болдым. Ата-анам қарапайым жандар болып өмірден өтті. Әкем Опабек ауылда 50 жыл күріш екті. Анам Тұрар 5 баланы дүниеге әкеліп, өмірін бала тәрбиесіне арнады. Екеуі де өнерден құр алақан болмады. Әкемнің суырып салма ақындығы бар кісі еді. Ал анам домбыраға қосылып ән салатын. Ата-ананың қанымен берілген осы қасиет бізге де сіңді. Отбасымызбен «өнер десе ішкен асымызды жерге қоямыз». Жұбайым Айгүл мектепте мұғалім, үлкен ұлым Биболат та ұстаздық жолда. Ақындығы бар, ауданда, облыста көптеген байқауға қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Қызым Әйгерім де мұғалім, тұрмыста. Кіші ұл Нұрбақыт студент. Түркияда білім алуда. Ағылшын-түрік тілінің маманы болсам деген арманы бар. Келінім Ақбаян Айкөркем деген немереміздің күтімімен үйде, – дейді отбасының тірегі ардақты әке.

Жанболат Назаровтың ауданға келген қадірменді мейманды қазақы салтпен домбырасын қолға алып, арнау айтып қарсы алғанына талай мәрте куә болдық. «Сегіз қырлы бір сырлы азамат» өнерінің арқасында көптеген байқауларға қатысып, шәкірт тәрбиеледі. Ұстаздықты өнермен қатар алып жүрді. Отыз жылға жуық ұстаздық етіп, соңғы сегіз жылдан бері Шіркейлі ауылындағы №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейдің директоры қызметіне тағайындалды. Зерттеуші-педагог, үшінші санатты мектеп басшысы атанды. Мұндай абыройға мектеп басшысы ұзақ жылғы еңбегімен жетті. 2014 жылы басшылық қызметке тағайындалғаннан кейін ауыл балаларының сапалы білім алуына жан-жақты жағдай жасап, білім сапасын арттырды. Нәтижесінде 2019 жылы білім ордасына мектеп-лицей статусы берілді. Оқу жылының қорытындысымен ауданда 4 рет «Үздік білім беру ұйымы» номинациясын жеңіп алды.

Білім беру саласындағы ұзақ жылғы еңбегі жыл сайын өз жемісін берді. Республикалық «Үздік директор – 2018» байқауының жеңімпазы атанған білікті ұстаздың марапаттарының өзі бір төбе. Бұл білім саласына сіңірген еңбегінің нәтижесі.

Дегенмен ұстаздар әулетінің тірегі Жанболат Опабекұлы бала тәрбиесіндегі ата-ананың ұстанатын басты қағидасы – баланы дер кезінде бағалай, қабылдай және құптай білу дейді. Бала тәрбиесіне қатысты пікір білдірген тәжірибелі басшы:

–Әйгілі зерттеуші әлем рекордына қол жеткізген 120 рекордшының өмір тарихын тоқтаусыз зерттеген екен. Бұл рекордшылар арасында дүбірлі додадан үздік шыққан спортшылар да, шебер мүсіншілер де, әуеніне ел сүйсінген музыканттар да, ғылыми салада дара шыққан ғалымдар да болған. Сонда зертттеушілердің қорытынды нәтижесі баршаны таңқалдырыпты. 120 рекордшының ешбірінің бойында туа бітті дарын байқалмаған. Бәрінің де әлемге әйгілі болуына ата-аналары тікелей себепкер болыпты. Ең басында бұл ата-аналар баласының бойынан байқаған болмашы қабілетті дер кезінде байқап, соны дамыта білген. Барлық рекордшының ата-анасы балаларының шын жанашыры да, жанкүйері де болудан жалықпаған. Бұдан шығатын қорытынды – ата-ананың бала тәрбиесіне деген білімі қаншалықты сапалы болған сайын баланың өсіп-жетілуіне соншалық зор ықпал жасайтындығы. Бір сөзбен айтқанда, біз балалардың тәрбиесіне жете мән беруіміз керек. Өйткені бала тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сәл нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала – отбасының бақыты, – дейді Жанболат Назаров.

Осындай мағыналы сөз, жақсы пікір білдірген ардақты ұстаз әрбір бала – ата-анасының көз қуанышы ғана емес, ол елінің ертеңгі ту ұстар азаматы деп біледі.

Иә, адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырым­дылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиет отбасында балаға сөзбен емес, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дегендей ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Отбасының қасиетін ардақтайтын азамат балаға махаббаты мен зейінін сыйлап, қандай жағдай болмасын өз балаңыз туралы жағымды түсінікте болуы маңызды. Ал барлық ата-ана өзінің сыртқы келбеті мен әрекетін қадағалап, баланың өзін мақтан тұту керектігін ұмытпағаны абзал.

Міне, отбасының арқа сүйер азаматы, білім ордасының білікті басшысы атанған Жанбалат Назаров бүгінде осындай қасиетінің арқасында ел құрметтісі атанды.



Бибісара ЖАНӘЛІ
14 мамыр 2022 ж. 793 0