Отбасы – бақыт мекені
Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта, қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі, ұлттың діңгегі. Қазақтың ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде «Отбасы – шағын мемлекет, Мен – президент, сен – премьер» деген екен. Сол айтқандай, отбасы – ол шағын мемлекет. Осында әркім өсіп-өніп, үлкен мемлекеттің, қоғамның бір мүшесіне айналады.
Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады» деген болатын. Осы ретте жанұядағы жарастық пен сүйіспеншілікті арттыру мақсатында Айдарлы ауылындағы Ғафурдин Жанұзақов атындағы ауылдық клубтың ұйымдастыруымен «Отбасы – бақыт мекені» тақырыбында онлайн отбасылық байқауы өткізілді. Отбасылық құндылықтарды насихаттау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйрету, ырысы мен ынтымағы ұйыған отбасыларды ел алдында дәріптеу шарасына елді мекеннен Әбсадықовтар, Әбдірамановтар және Оржановтар әулеті қатысты.
Онлайн байқауда айдарлылық отбасылар бір күнгі тыныс-тіршілігі мен жанұя арасындағы қарым-қатынастарын бейнежазбаға түсіріп, ұсынған.
Жеті қазынаның бірі болған асыл тұқымды жылқы жануарын киелі санап, оны көбейтуді мақсат еткен Оржановтар отбасы бұл кәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеп келеді. «Жастай берген тәрбие, жас шыбықты игендей» демекші, отбасының отағасы Серік ұлдарына осы кәсіптің қыр-сырын үйретіп бағуда. Ал отанасы Роза қыздарын үй тіршілігінен бөлек, қасиетті қара домбырамен қазақ мәдениеті мен өнерінің жанашыры болуға дағдыландырған.
Ауылда үлгі ететін отбасылардың бірі – Әбдірамановтар жанұясы. «Еңбек түбі – береке» дегенді басты қағида санайтын отбасы несібесін жерден тауып, еңбекпен көгеріп келеді. Отағасы Ермахан жастайынан қолөнермен айналысып, домбыра, қамшы және тағы басқа қолөнер бұйымдарын жасап, осыған ұлдарын баулыса, шаңырағының ұйытқысы бола білген Гүлжаухар ауыздан дәмі кетпес тәттілерімен ауыл халқына қызмет жасап қана қоймай, оны қыз-келіншектерге үйретуде.
Ал Әбсадықовтар әулетін ауыл жұртшылығы жақсы таниды. Олар ата кәсіп болған мал шаруашылығын дамытып келеді. Қазіргі таңда үйге ырыс-несібе әкелетін отағасы Бағдат пен отбасының отын өшірмей, түтінін түзу түтетіп отырған отанасы Ардақ машақатты еңбектің жөн-жосығын балаларына үйретіп, еңбекке баулып келеді. Осындай үлгілі отбасылар байқау барысында жанұядағы ынтымақты сақтауды өздерінің ізгі істерімен көрсете білді.
Игілікті шараға қатысқан айдарлылық отбасылар арнайы марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Туған жерді түлетіп, ауылдың рухани кемелденуіне, отбасы құндылықтарының дәріптелуіне үлес қосқан осындай отбасылар – елдегі татулықтың тірегі бола бермек.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ