Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әруаққа құрмет – ата дәстүр

Әруаққа құрмет – ата дәстүр

Ата-бабамыз әруақтар мәңгілікке тыныстаған қорымның тазалығына жіті мән берген. Тіпті бейіт басына дәретсіз аяқ баспаған. Құран оқып, мар­құм­дар рухына дұға бағыштау, әруаққа құрмет көрсету де дәс­түрімізде бар іс.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген тәмсілдің ас­тарына үңілсек те көп мән-мағына аң­ғарамыз. Осы ретте кент­тің арқа бетін­де орналасқан Асқар Тоқма­ғамбетов ауы­­лына бара жатқан жолдың сол жақ қап­талындағы «Бөріт» қорымы осыдан үш жыл бұрын ардагер-ағалардың ұсы­ны­сымен қоршалып, қасиетті Рамазан айында игі іс жасалған еді. Сонда қо­рымды қоршалаған жергілікті кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов әруақтар рухына Құдайы-ас беретінін айтып, игі ниетімен бөліскен болатын. Одан кейін пандемия, карантин секілді кедергілер болып, ел қалыпты қарым-қа­тынасқа енді ғана түсті. Бірақ уәде – Құдай сөзі. Атымтай азамат осы ниетін өткен аптада жүзеге асырып, Асқар Тоқ­мағамбетов ауылындағы мешіттің асханасында ас берілді.

Негізі Құдайы-астың берілетіні облыс­тық «Сыр бойы», аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне алдын ала жарияланған еді. Сол хабарландыруда көрсетілгендей, көпшілік қауым таңертеңгі сағат 10.00 мен түскі сағат 12.00 арасында жиналды. Асқа «Бөріт» қорымында жерленген әруақтардың ұрпақтары, облысқа белгілі зиялы қауым өкілдері, Қызылорда қаласы мен ауданымызға қарасты ауылдардың тұр­ғындары қатысты.


Жиналған көпшілікке Құран оқып, мар­құм­дар рухына дұға бағыштау, әр­уақ­қа құрмет көрсетудің сауабы туралы уағыз-насихат айтылды. Ауыл имамы Д.Бодықов Құран оқып, әруақтар рухына бағыштаса, ардагер-ағалар мен ақ жаулықты аналар пікір білдіріп, сөз сөйледі. Көпшілік өңірімізге ғана емес елімізге белгілі тұлғалар жерленген қо­рымның қоршалып, мал кірмейтіндей қа­лыпқа келуіне қолдау білдірген аза­мат­тарға, оның ішінде Расул Есеновке ерекше алғыстарын айтып, батасын берді.


Ауданның үлкен-кішісі риза болысқан тағылымды іс-шараға аудан әкімі М.Ер­геш­баев та арнайы қатысты. Аудан бас­шысы имандылық, тазалық, қайырым­дылық жасау секілді ізгі істер адам мен адамды жақындастырып, елдің бірлігін, тату тірлігін қалыптастыратынын атап өтті. Сондай-ақ ардагерлердің ұсынысын құп алып, киелі мекенді қоршалаған, ниет етіп, арнайы Құдайы-асын өткізіп жатқан Р.Есеновтің ата-анасына қазақы дәстүрмен шапан мен қамзол жапты.


Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты, «Сырдария ауданының Құрметті аза­маты» Р.Есенов асқа жиналған қа­уым­­ға шынайы ризашылығын білдірді.


– Бүгін бәріміз ата-бабаларымыздың әруа­ғына Құран бағыштау мақсатында жиналдық. Халқымызда «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген аталы сөз бар. Осы сөздің мәні мен мағынасын біліп өскен ұрпақтың өкілі ретінде әруақтарға қашан да құрмет көрсетіп келеміз. Бұл асыл дінімізде де парыз саналған. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл іргесіндегі «Бөріт» деп аталатын қорымды қоршап берген едім. Сонда бұйырса үлкен-кіші­нің басын қосып, Құдайы-ас беремін деп ниет еткен болатынмын. Дегенмен, соңғы жылдары өз­деріңіз білетіндей, пандемия болып, ел дертпен күресіп, уақыт өтіп кетті. Енді бәрі артта қалып, көктем айы да келіп жетті. Өткенде аудан, ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, Құда­йы-ас­тың күнін белгілеген болатынбыз. Бас­ты мақсатымыз – әруақтардың рухына Құран бағыштау, ардагерлердің батасы алу. Сіздерге уақыт бөліп келгендеріңізге рақмет айтамын. Алдағы уақытта да ауданымыздың игілігі үшін еңбек етіп, өздеріңізбен бірге жұмыс істейтін боламыз. Алла Тағала дұға-тілектеріміздің қабыл, мұраттарымызды асыл етсін. Құдайы-астың ұйымдастырылуына үлес қосқан баршаңызға, әсіресе А.Тоқмағам­бетов ауылының азаматтарына шынайы алғысымды айтамын, – деді Расул Әбутәліпұлы.


Құдайы-ас соңы ауыл ақсақалдарының ақ батасымен қорытындыланды. Жұрт­шылық жұ­ма күні ұйымдастырылған игі істе ризашы­лық­пен тарқасты.






А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ

12 мамыр 2022 ж. 438 0