Жеңіс хабары жеткенде

– Жеңіс!
Жетті хабар таң ата,
Таңмен бірге қуанышты тарата.
Жетті хабар май гүлінің иісі боп,
Бар ғаламды дүбіріне қарата.
– Сүйінші! – деп зыр жүгірген ана да,
– Сүйінші! – деп қыз сүйеді жеңгесін,
Жеңгесі оған қарыздар боп қала ма...
– Құтты болсын! – дескен жұрт.
Ел көгінен төрт жыл төнген көшкен бұлт.
О несі екен: бір жылап, бір күлгені, –
Айырылып-ақ қалғандай ма естен жұрт?..
Төрт жыл күтті-ау бұл күнді.
Бұл төрт жылда талай төзім жыртылды.
Бұл төрт жылда талай сенім бор болып,
Талай үміт сабағынан қырқылды.
Талай ана атты қарғыс қаһарын.
Талай жұбай бағы қара атанып,
Уын ішті қасірет-қайғы, қапаның.
Бұл төрт жылға лағнет айтты балалық.
Талай перзент жетім қалды жаутаңдап,
Әке алдында еркін өспей таралып.
Түңліктері ашылмастан тұр әлі.
Тағдыр бар ма басылмаған таңба боп,
аты өшкір фашизмнің ылаңы.
Қаламызды түтін басты өрт бунап.
Ашынды ел, қан айналды жүректе,
Бүкіл Отан кеудесінде кек тулап.
– Жеңіс үшін бәрі де!
Ұраны осы балаға да, кәріге.
Сол үшін біз аш құрсақ та боп жүрдік,
Сол үшін біз көндік үнсіз әлі де.
Сол үшін де бейнет шектік жан салып.
Сол үшін де қатпаған жас қабырға
Төрт жыл бойы көтермеді қанша жүк?
Жеңіс!
Жеңіс – біздің жанымыз.
Жеңіс біздің қасіретіміз, зарымыз.
Жеңіс біздің әке, ағаларымыз,
Жеңіс біздің қасиетті қанымыз!
Сөзіміз бұл сан қайталар бүгін де.
Ұмытылмай соғыстың зар зардабы
Өмір бойы; атар жүрек түбінде.
Әбіраш Жәмішов,
ақын