ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – ҰЛТ АЙНАСЫ
Ежелден қазақ халқы бар ауыртпалыққа сабырмен қарап, еңсесін түсірмей шүкіршілік етуді жаны сүйген. Іргесі сөгілмей ажырамас ағайынға айналған. Басқасын былай қойғанда бір әулет болып тіршілік етіп, абысын-ажындар мен жаңа түскен келіндер ененің қас-қабағына қарап,өзгеге үлгі атанған. Білмегенін үйреніп, кәдуілгі қазақ әйеліне тән жарқын болмысты сақтаған. Арасынан қыл өтпейтін татулықты мызғымастай берік ұстап, барлық жағдайда ер азаматына имене қараған. Ерінің айтарын қас-қабақтан аңғарған деседі. Ошақ қасынан бір елі ажырамаса да, қоғам өміріне белсене араласып ел анасы атанады. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмас» демекші әрқашан ата-ана балаларына қамқорлық жасап, бар мейірімін төгіп өсіреді. Бұдан бөлек бір анадан туған бауырлар өз еншісін алып, бөлек отау құрады. Қара шаңырақта үлкендер өздеріне қолайлы санаған перзенттерін қалдырады. Міне, қашанда рухы өлмейтін қазақ қоғамында осылайша отбасы құндылығы алдыңғы орындарға қойылады.
Бүгінгі таңда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы шеңберінде өткеніміз зерделеніп, тарихымыз жаңа ғасыр бет-бейнесіне айналып келеді. Оның ішенде еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін шағын мемлекет саналатын отбасы қағидаттарын өз тұрмыс-тіршілігіне байланысты қалыптастыру, салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту ұсынылады. Әулет абыройына кір келтірместен риясыз шынайылықты құдды ұлттың символы ретінде қарастырады. Бірінің артынан бірі ілескен балалар көпті көрген көнекөз қариялардан бар жақсылықты ұғынып өседі. Жамандықты бойынан аулақ ұстап, қатарынан оза шауып дараланады. Қыздарымыз ана ақылын жадына тоқып өседі.
Өзім көзбен көрген мына жайды айтқым келеді. Кентке жақын орналасқан елді-мекендердің бірінде жас келіншектің күйеуі қайтыс болып, төрт баламен жесір қалады. Үй болса құлайын деп тұр. Ауыл ақсақалдары ағайын туыс ақылдаса келе орталай қаражат жинап, әлгі келіншектің үйін тұрғызып береді. Бірі ақшадан бөлек есік-терезе әперсе, енді бірі шатырға көмектесіп, әйтеуір бір жазда әлгі үй ағайын-туыстың, ауыл ақсақалдарының жанашырлығымен тұрғызылды. Күзге қарай әлгі отбасы жаңа үйге кіріп, алдымен әруақтарға құран оқытып, үлкендердің батасын алды. Бұл жерде айтпағымыз «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» ұлтымыздың мейірбандығы қазір санадан өшіріле бастаған «асар» әдісінің тиімділігі, әрі айрандай ұйыған ауызбірлік. «Бірлік бар жерде – тірлік бар»- дейтіні де содан болса керек. Сондай «асар» әдісімен кентке қарасты Б.Момышұлы көшесіне де екі бірдей көпір салынғанына жұрт куә.
Міне, біздің ұлттық құндылығымыз деп дәріптеп жүрген ауызбірлік пен ынтымақ осы. Қош, делік, сананы жаңғырту арқылы ұлтымыздың, тек қазақ халқына тән осындай қасиеттерді жаңғырту керек-ақ. Әйтпесе мына тасбауыр қоғамның аламан жарысында осындай керемет үрдістеріміз бен салт-дәстүріміз шаңға көміліп қала бермек. Ал, Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы сол ұмыт бола бастаған дәстүрлерімізге жаңаша сипат беріп қайта жаңғырту, мәңгі ұлтымыздың мәңгі ұстанымына айналдыру.
Балтабай ОРДАБЕКОВ