Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КӘСІПТЕН НӘСІП ТАПҚАН...

КӘСІПТЕН НӘСІП ТАПҚАН...


Сламбек ағаның бұрыннан абыройлы, елге сыйлы, адал азамат екенін білемін. Тағы бір білетінім ол кісі ешқашан, ешкімге өтірік айтпайды, алдамайды, біреуге қиянат жасамайды.
Еліміз 1991 жылы өз алдына отау тігіп, егемендігін алған, Тәуелсіздікке қол жеткізген жыл. Қазақ елі аяғын енді апыл-тапыл басқан сәби секілді жас мемлекет. Алып Одақ ыдыраған соң шаруасы шатқаяқтап тұрған кез. Мамандығы құрылысшы болғанмен құрылыс атаулы тоқтаған шақта Сәкең көп ойланбастан күнкөріс қамына кірісті. Алла Тағала берген балаларды аяқтан тұрғызу керек, шаңырақты шайқалтпау керек. Сөйтіп, әр түрлі кәсіпті жасап жүрді. Кезінде ауданда қауын базасы болған. Соны кәдеге жаратсам деген ой мазалап жүрген. 1995 жылдан бастап сол базаны қолға алды. Тым биік салынған платформаны қайта жөндеуден өткізіп, айналасындағы қоршауын жөндеді. Сөйтіп, аудан халқына қажетті көмір тасуды қолға алды. Біреу арқылы емес, көмір шығаратын кен орны басшыларымен тікелей жолығып, қатты отын та- сымалдай бастады.
Осы тұста Сәкеңнің тіл білетіндігі, адам- дармен тез тіл табыса алатындығы, уәдеге нық, сөзде тұратындығы көп көмегін тигізді. Сөйтіп, кәсібі өрге домалаған кәсіпкер ата- нып, «Нұргүл» серіктестігін құрды. Бүгінде ауданға белгілі кәсіпкер бюджеттік мекемелерді, жеке тұрғындарды қатты отынмен тұрақты қамтамасыз етіп отыр.
Біз кәсіпкердің тағы бір қырын танып білдік. Ол жүрегінің кеңдегі, жомарттығы. Бойында Меценаттық қасиеттің болуы. Бір оқиға есіме түсті. Осыдан бірнеше жыл бұрын аудан әкімінің бастамасымен Жаңа жыл қарсаңында тұрмысы төмен, аз қамтамасыз етілген отбасыларына қамқорлық жасау, көмек көрсету мекеме басшыларына тапсырылды. Бізге де бір отбасы бұйырды. Азық-түлік апарып беріп әлгі отбасына көмір керек екенін білдік. Өтінішімізді Сәкеңе айттық. Ол кісі сөзге келместен түстен кейін бір машина көмірді әлгі отбасына түсіріп берді. Мұнан басқа кенттегі әуез мектебіне, бала бақшаларға қаржылай көмектескенін білеміз. Бірақ, сөзге шорқақ ағамыз «ондайды айтуға болмайды» ғой дегеннен әріге бармады. Демек, өзінің бергенін тек сауап үшін, Алланың разылығы үшін – деп беретін кәсіпкер өзін мақтаншылықтан аулақ ұстайды.
Сәкең зайыбы Әсия апай екеуі бақытты шаңырақ иелері. Екі ұл, екі қызды өмірге әкелген ерлі-зайыптылар бүгінде ұлды ұясына, қызды қиясына қондырған, немере сүйіп отырған жайы бар.
Әрбір тиынды есептеп, әрбір тапқан табыстың қажырлы еңбекпен келіп жатқанын түсінетін ұрпақтары Сәкеңнің кәсіптегі нағыз көмекшілеріне айналған.
- Мен кейде жерлестеріме ренжимін, - дейді Сәкең бізбен әңгімелесіп отырып. - Неге десеңіз, үнемдеуді білмейді, иегінің астындағы кәсіпті игергісі, тер төккісі келмейді. Мен көпке топырақ шашудан аулақпын. Несие алып, той жасап, бір- екі күндік қызық үшін қарызға белшеден бататын ағайынға үнемдейік, әр жұмсаған тиынның ар- тында зор еңбек жатқанын, әр басқан қадамды жеті рет өлшеп, бір рет пішкен абзал дер едім, - дейді.
Иә, ысырапшылдыққа келгенде алдымызға жан салмайтынымыз рас. Сондықтан әр ісін, басқан қадамын есептеп, мүлт кетуге, жаңылыспауға, отбасы ұйытқысы, балаларының бақыты үшін, тер төгуге үндейтін өзге қиналған жанның қасынан табылатын Сәкеңнің өмірі өзгеге үлгі ететіндей абыройлы азамат.
С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
21 желтоқсан 2017 ж. 1 815 0