Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ


 Пхенчханда өтіп жатқан ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарында әйелдер арасындағы биатлоннан 4х6 шақырым эстафеталық жарыста Беларусь командасы топ жарды. Жеңімпаз команда құрамында қазақ қызы Динара Әлімбекова да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
    Динара Әлімбекова 1996 жылы 5 қаңтарда Қарағанды облысы Абай ауданында дүниеге келген. 3 жасында отбасымен Беларусьтің Чаусы қаласына қоныс аударған. Оның әкесі – қазақ, анасы – беларус. Өзінен кейін Евгений атты інісі бар.
    Алғашында Динара шаңғы спортымен айналысқан. 2008 жылы биатлонға ауысады. Сол жылы республикалық «Снежный снайпер» жарысында жеңімпаз атанған. Шаңғы жарысы бойынша Беларусь біріншілігінде, халықаралық сайыстарда (2009) және жазғы биатлон бойынша республикалық спартакиадада (2011) чемпион атанған.
    Одан бөлек, Динара Беларусь құрамасымен Әлем Кубогына қатысып жүр, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, Беларусь Республикасының спорт шебері атанған.
    Қазір Динара Беларусь мемлекеттік дене тәрбиесі университетінің шаңғы спорты және биатлон кафедрасында білім алып жатыр.
    Айта кетейік, Пхенчхандағы ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарында биатлоннан әйелдер арасындағы 4х6 шақырымдық эстафеталық жарыста беларусьтік спортшылар жеңіске жетті. Команда құрамында Надежда Скардино, Ирина Кривко, Динара Әлімбекова және Дарья Домрачева сынға түскен еді.
23 ақпан 2018 ж. 1 405 0