Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өмір жолы өнеге

Өмір жолы өнеге

Әлемнің екінші ұстазы атанған ұлы ойшыл Әл-Фараби: «Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көр­ген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақ­тайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деп айтқан екен. Қандай құдіретті сөздер десеңізші?! Мұндай асыл сөздер тек қана ұлағаты мол ұстаздарға арналып айтылғаны қандай ғанибет!

Тілшілік тірлікте небір жақсы жайсаң­дар­мен әңгімелесудің сәті түсті. Соның ішінде ұстаздармен сұхбаттасу адамға ерекше рухани күш беретініне көзім жетті. Себебі жаратылысынан ұстаз болып туылған адамның бойында көрегенділіктің, ізгіліктің нәрі есіп тұрады. Міне, осындай жүрегі жұмсақ, кең пейіл, ақ адал жанмен сырласудың орайы келді. Бүгінгі менің кейіпкерімнің есімі ардақты ардагер-ұстаз – Дана Омарова.
Дана Абдолқызы – Аралдың тумасы. Айдынды Аралдың Сексеуіл стансасында 1949 жылы дүние дидарын ашқан. Үлкен отбасында ата-анасының екінші перзенті Дана өзінен кейінгі бауырларына қамқор әпке болып өсті.

Туған жері Аралдың қасиетті топырағынан нәр алған, білімге құштар қыз оқушы кезінен тілге жүйрік болды. Талабына қанат бітірген ардақты әкесі Абдол қызын орыс мектебіне оқуға беріп, болашақта мықты мұғалім болатына сенген. Балалық шақтағы естелікке кезек бергенде Дана апай еш мүдірместен сағынышқа толы әңгімесін бастады.

– Бала кезімізде әкем отбасымызды алып, өзінің туған ауылы Шығанаққа апарды. Сон­дағы көргенім көз алдымнан кетпейді. Бір-бірін құрақ ұша қарсы алған ағайындар мәз-мейрам болып, азан-қазан болды. Ал мен болсам тура ертегі әлеміне еніп кеткендей сезімде тұрдым. Көз алдымда асау толқындары ашық аспанға қарай атқылап, буырқанған, ұшы-қиыры жоқ Арал теңізі жатыр. Шіркін, нет­кен әсем та­биғат, қарасаң көзің тоймайды. Келесі күні теңіз жағасына келіп, ау салып, балық аулап жатқан балықшыларды көрдік. Біз қайыққа мі­ніп, әкемнің ата-анасы жерленген ауылға барып, мал шалып, Құран бағыштадық. Кейін әкем­нің әңгімесінен сол барған үй оның немере ағасы болып келетін, әлемге танылған «Қан мен тер» романының авторы жазушы Әб­ді­жәміл Нұрпейісовтың үйі екенін білдім, – деді балалық шағы туралы Дана апай.

Дана Абдолқызы жүрек қалауымен бала кездегі арманы мұғалім болу үшін Ақтөбе қа­ласындағы педагогикалық институтқа оқуға түсті. Студент кезінде өмірлік серігі аралдық азамат Бердіхан Омаровпен бас қосты. Ол кезде жұбайы Орал қаласындағы Батыс Қа­зақстан Ауыл шаруашылығы институтында оқиды екен. Жас жұбайлар сол кездегі талап бойынша жолдамамен туған жерден жырақта жатқан Тереңөзекке келеді. Алғашқы еңбек жол­­дарын қос маман ауданға қарасты «ХХІ партсъезд» атындағы кеңшардан бастайды. Бірі ғалым-зоотехник, екіншісі мұғалім болып қызметке араласады.

– Алғаш ауданға келгенде жолдасыма бі­лік­ті басшы Сейілбек Шаухамановпен бірге қызмет ету бұйырды. Ол кісінің бай тәжірибесін меңгеріп, көп нәрсе үйренді. Мықты маман болып қалыптасуы сол кісінің қамқорлығының арқасы деп білемін. 1975 жылы кеңшардың фермасы екіге бөлінді. Біз С.Сейфуллин болып іргесін көтерген ауылға көштік. Сонда ұзақ жыл еңбек еткен жұбайым кейін Ильич атындағы совхозға, қазіргі Ақжармаға қоныс аудардық. Бас зоотехник болып абыройлы еңбек еткен жолдасым 1987 жылы ауданаралық жарыста чемпион болып, Мәскеуге атақты ВДНХ көрмесіне қатысып қайтты. Содан соң 1988 жылы басшылықтың тапсырмасымен бұрынғы «ХҮІІІ партсъезд» атындағы кең­шарға, қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылына қызметке ауысты. Осы ауылда өмірінің со­ңына дейін мал шаруашылығын басқарып, ауыл халқының алғысына бөленді. Жұбайым қайда болса, отбасы жанынан табылдық. Ол кісінің адамгершілігі, ар-намысы, тектілігі мен жомарттығы кісі сүйсінерліктей еді. Ада­ми қасиеттердің барлығы бойынан табыла­тын азаматты әркез мақтан еттік. Шыншыл­дықты, әділдікті жаны сүйетін жолдасым бар игі қасиетін ұрпағына дарытты деп ойлаймын. Аллаға шүкір, балаларым, немере-шөберелерім барлығы аталарына ұқсап, өнерлі, талантты, ең бастысы талаптары зор, «сегіз қырлы, бір сырлы» болып өсіп келеді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы болар, сірә, – дейді естелік әңгімесін жалғастырған салиқалы ана.

Бүгінде ардагер-ұстаз атанған Дана апай – 45 жыл бойы шәкірттерін білім нәрімен су­сын­­датқан ұлағатты жан. Әрбір шәкіртінің жүрегіне жылылық нұрын ұялатқан аяулы ұс­таз. Адамзат баласы құрметтейтін маман­дық иесі үшін ең қадірлі ұғым саналатын «Ұстаздан тәрбие алған», «Ұстаз алдынан шы­қ­қан, алдын көрген» деген сөзден артық ұлы­лық жоқ екенін тереңнен сезінеді. Ұлағатты ұстаз өмір бойы өз бойындағы асыл қасиетін шәкірттеріне сіңіріп, тер төкті. Ұстаздық атты тағылымды да, терең өнерді меңгерді, нағыз ұстаз атанды. Жаңашылдық пен ізденісті са­бақтастырып, білімі мен біліктілігін адал ең­бекпен ұштастырды. Жүздеген шәкірт тәр­бие­леп, білім беріп, әдепті үйретті. Сол үшін шәкірттерінің алдында сыйлы әрі бойтүзер, үлгі алар ардақты жан атанды. Сүйікті ұстаз­дары берген білім нәрімен сусындап, саналы тәлім-тәрбие алған талай шәкірттері бүгінде тәуелсіз еліміздің өркендеп-дамуына аянбай үлес қосуда. Қазірде жетістікке жеткен ұл-қыздарын көргенде апай жапырақтарының жайқалып өскеніне, жапырақтармен бірге ді­ңі­нің де қатайғанына шексіз риза. Бұл – ұзақ жыл­­ғы еңбектің қайтарымы әрі Алланың берген үлкен сыйы.

Сонымен қатар үздіксіз еңбегі үшін Дана Омарова Қазақ ССР Білім министрлігі мен салалық кәсіподақтың «Құрмет грамотасымен», бірне­ше рет аудандық білім бөлімінің, об­лыстық білім басқармасының, білім қызмет­керлері кәсіподақ ұйымының, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Қызығы мен шыжығы қатар жүретін маман­дықтың иесі болуға алдымен әкесі одан соң өмірдің өзі икемдегені жоғарыда айтылғандай әкесі балаларын ел-жер көрсін деп көптеген қалалаларға апарған.
– Мәскеуге бірнеше рет бардым. Әкеммен бірге «Қызыл алаңда» болдым. Мавзолейді көр­­дім. Кремльдегі «Царь пушканы», «Оружейная палатаны», «ВДНХ»-ны тамашаладым. Ой-өрісі кең, көзі ашық әкем білімді болу үшін барлық жағдайымызды жасады. Анам үй шаруасында болғанымен әркез тәрбиемізге көңіл бөлетін. Балаларының барлығына жоғары бі­лім алуына жағдай жасады. Әлі есімде туып өскен Сексеуіл станциясы ең үлкен теміржол торабы болатын. Ерсілі-қарсы өтетін пойыздар сағаттап, тіпті тәуліктеп тұратын. Бірнеше рет вагондарға тиелген хайуанаттар бағының жыртқыш аңдарын көрдік. Пойыз станцияға келіп тоқтағанда темір торларға тиелген аң­дарды қызықтадық. Тегін зообақ бізде ғана болды. Қанша күн тамашаласаң да өз еркің. Осын­дай естен кетпес балалық шақ сыйлаған әке-шешеме мың алғыс, әруақтары риза болсын. Ата-анамның ақ батасымен қосағыммен қо­са ағардым. Небәрі жиырма жасымда тұр­мыс құрдым. Қарапайым отбасына келін болып түскенімде екінші анамдай болған енем біздің жағдайымызды жасады. Менің ойымша келіннің жақсы болмағы анасына байланысты болса, содан кейін барған жеріңде ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесін үй­ретіп, бағыт-бағдар беретін енеге де көп нәрсе байланысты. Марқұм енем даналығы мен көрегенділігі дарыған, ер мінезді, қайсар жүректі, еңбексүйгіш адам еді. Өте қайратты болатын. Үй шаруасына келгенде пысық, шап­шаң қимылдайтын. Ер азаматтардың қара жұмысына да кірісіп кететін. Маған үнемі «ең бірінші күйеуіңді сыйлай біл, күйеуін пір санаған әйел ғана бақытты болады» дейтін. Қазір өзім де келіндеріме осы өсиетті айтып отырамын. Шүкір төрт келінім бар. Барлығы мені алақандарына салып, сыйлайды. Енем бізді ешуақытта жұмыстан қалдырған емес. Немерелеріне өзі бас-көз болып, барлығын да өсіріп берді. «Алладан осылар ер жеткенше менің амандығымды тілеңдер» дейтін марқұм. Ұл-қыздарымды жарық дүниеге әкелгенім болмаса, барлығын өзі бағып-қағып, түн ұйқысын төрт бөліп, өмірінің соңына дейін көмегін бер­ді менің асыл енем, – дейді бүгінде өзі де жеті баланың анасы атанған ардақты жан.

«Жақсы сөз жарым ырыс» деп бекер айтылмаса керек. Жаныңа жақын адамдардың жақсы қасиетін жүректе ұстау, ұмытпау нағыз адамшылыққа жатады.

Өмір бойы елдің баласы үшін жұмыс жасаған ұстаз «болдым, толдым» деп айтқан емес. Ізденіс үстіне ізденіп, үнемі алға жылжып, білімін, біліктілігін арттырып отырды. Атақты жазушы Мұхтар Әуезов «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» дегендей, уақытпен санас­пай балалардың болашағы үшін қызмет етті. Басшылық қыз­мет атқарған жұбайының жағдайын жасап, қонағын да күтті, ақ дастарханынан дәм үзіл­меді.

– Ата-анамыз – елге қызмет еткен жандар. Жастайынан қол ұстасып, Сырдария ауданына маңдай тіреп, осында қызмет атқарды, дос тапты. Бір-біріне демеу болып, үлгілі отбасы атанды. Қазір ортамызда анамыз бар. Шүкір, ұрпақтары түрлі салада қызмет етеді. Арамызда инженер де, дәрігер де, ғалым да, ұстаз да бар. Ең бастысы, бізді жақсылыққа тәрбиеледі. «Қиындықсыз өмір болмайды» деп үйретті бізді ата-анамыз. Дегенмен оны жеңе білу жігеріңе байланысты. «Алып анадан туады» демекші, әрқайсысымыз анамыз үшін бір төбеміз. Бізде балаларымызды солай тәрбиелеп келеміз, – дейді анасының жолын қуған ардақты ұл, ұстаз Қалихан Омаров.

Естелік әңгіме құрған кейіпкерім ұстаздық қызметте қатар жүріп, құрбы-құрдас болып ауыл балаларына білім берген байырғы әріптестері туралы да жылы лебіз білдірді. Олар Бибісара Алмағамбетова, Гүлбарам Ос­па­нова, Болат Қайранбаев, Жәнібек Маханбет, Әлима Есмұратова, Набат Әмірова секілді құрметке бөленген, бейнеттерінің зейнетіне жеткен ұстаздар қауымы. Ардақты ұстаздар ел ертеңі жас­тарды, жас өркенді тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп, өнегелі өмірімен жастарға үлгі болды.
Зейнет демалысына шықса да қарап оты­ру­ды жаны қаламайтын Дана апай қо­ғам­­дық жұмыстың бел ортасында жүреді. Бала кезінен анасының ақ сүтімен дарыған өнер­ге деген сүйіспеншілігі болса керек, жа­ны ән айтқанды қалайды. Осы күні ұлағатты ұстаз – А.Тоқмағамбетов атындағы клуб жанынан 2014 жылы құрылған «Асыл әжелер» ансамбілінің жетекшісі. Құрамында 11 әнші бар ансамбль халық әндерін, патриоттық ән­дер­ді, Ш.Қалдаяқовтың әндерін орындайды. Өнерлі әжелер «Бейбітшілік әлемі» атты өнер фестивалінде жергілікті ақын М.Жүнісовтың «Туған жерім», «Ақболтай» әнін сахнада тұң­ғыш рет орындап, бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар отбасымен мұғалімдердің кәсі­би мерекесі құрметіне арналған облыстық «Білім берген, ой берген...» апталығы аясында ұйым­дастырылған «Үздік ұстаздар әулеті» байқауының жеңімпазы атанды.

Мамандықтың ең асылы әрі қасиеттісі саналатын ұстаздық жолда абыройлы болған асыл жан Дана Омарова – балалары үшін, әрбір шәкірті үшін қайталанбас тұлға. Барлық перзентінің, 22 немересі мен 6 шөбересінің тілеуін тілеп отырған ақ жаулықты әже өзін бақытты адам деп санайды.



Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
30 сәуір 2022 ж. 579 0