Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жұмылсақ жұдырықпыз

Жұмылсақ жұдырықпыз

Мамыражай ма­мырдың алғашқы күні – елімізде бірлік күні ретінде тойланады. Атау­лы күн елдегі мыз­ғымас бірлік пен тату тірлікке не­гізделген және астарында Тәуелсіз мемле­кет тұғыры биік болу үшін тұрақ­тылықты ту ету ке­рек деген мағына бар. Ынтымағы жарасқан мемлекеттің алар асуы, бағындарыр белесі жоғары болмақ.

Соңғы жылдары жаһан жұртын әбігерге салған пандемия, ке­ше­гі қаңтар оқиғасы мемлекет тұтастығының қаншалықты маңыз­­ды екенін көрсетіп берді. Сондай сындарлы сәттерде ел­дің ауызбірлігі мызғымастай болмаса, мемлекеттік мүддеге айтар­лықтай кері ықпалын тигізері анық еді. Десе де бірлікке бекем болу – ықылым заманнан қазақтың бойтұмары. Сондықтан ол ке­зең­ді де ел болып артта қалдырдық.

Бүгінгі таңда әлемдегі құбылыстарды зерделей қарасақ, бей­біт өмір мен тұрақтылықтың, тыныштықтың қадірін арттыра тү­сетін жағдаяттар аз емес. Жаһандық аумалы-төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, бір­лігі сөгілген елдердің саны артып келе жатқанын көріп отырмыз. Әсіресе жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның не­бір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Сол себепті де бүгін бізге татулыққа нық берік болуымыз қажет. Бейбіт күннің қадірін біл­геніміз жөн.

– Өткенге көз қиығын тастап, тарих тұңғиығына терең бой­ласақ, бірліктен артық байлық көрмейміз. Бұны жете түсінген қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын «Бірлік болмай, тірлік болмас», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп түйген. Ерте заманнан бірлік елдіктің басты кепілі саналған. Қазір біз жаһандық ауқымдағы мәселелер мен сын-қатерлер көбейіп келе жатқан заманда өмір сүріп жатырмыз. Осы тұста бір-бірімізге түсіністікпен қарап, қоғамымызда қарапайым сыйластық ұстанымдарын орнат­сақ, іргеміз сөгілмейтіні анық, – дейді аудандық мешіттің бас имамы А.Асқаров.

Қазақ танымында, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінде ынтымақ, ауыз­бірлік, татулық ежелден елдің айнымас тұғыры саналады. Күлтегін бабамыз «Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп» десе, бертін келе Майқы би «Бірлік түбі – береке» деп ырыстың алды ынтымақ екенін нақты көрсетті. Көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Біз жиылсақ – көппіз, жайылсақ – жоқпыз» деуінің астарында да тұрақтылық негізі татулықта екенін аңғаруға болады.

Бір ғана мысал, ежелгі Грекияның дарынды математигі Архимед егде тартқан жасында Сиракуза қорғанысында өмір сүр­ді. Сол кезде римдіктер қорғанысқа шабуыл жасайды. Тас­тан қаланған қаланың үш жағын теңіз қоршаса, құрлыққа шыға­тын бір ғана жол болған. Жау әскері құрлыққа шығар жолды жауып, қорғанысқа кемелер арқылы шабуылды үдеткен. Сол сәт­те Архимедтің өнертабысы – үлкен айнасы қолданылған. Жаға­лауғаға үлкен айна орнатылып, жанына қала халқы қолбасшының айтқанымен үйлеріндегі кішкентай айналарды әкелген. Барлығы бірлікпен айнаға түскен күн сәулесін бір кемеге бағыттады. Шағылысқан сәуле кемені жоюға қабілетті болды. Сөйтіп, осын­дай ауызбірлікпен жауға қарсы тойтарыс берген. Содан «Ха­лықтың пейілін бір арнаға бұрып, бір кісіге бағынса, тауды да қопаруға болады» деген тәмсіл қалған. Қазақы дәстүріміздегі «Біз жұмылсақ – жұдырықпыз, жұмылмасақ – құрыдық біз» дегеннің түп-төркіні де осы.

Көпұлтты мемлекет саналатын Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруі үшін береке мен ынтымақ, бірлік пен бейбітшілік аса қажет. Осыған байланысты да бірлік күнінің қазақстандықтар үшін маңызы зор. Бүгінде ауданда 453 өзге ұлт өкілі өмір сүріп келеді. Олар аудан орталығындағы «Достық» үйінде жиі-жиі кездесіп, ұлтаралық ынтымақтастықтың үлгісін көрсетуде. Өзге ұлт өкілдері түрлі іс-шараларға қатысып, қоғаммен тығыз байланыс орнатқан.

Көптеген ұлттың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бей­бітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгілік жолды нұсқап келеді. Үлгі дейтініміз, ел иесі, жер иесі саналатын қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген өзге жұртты бауырына басты. Қазақтың кеңпейілділігін көрген олар осы байтақ елде мәңгілікке тұрақтап қалды, өсті, өнді, ұрпағы жалғасты. Бүгінде олар қазақ еліне шексіз ризашылықтарын білдіреді.

– Мен балалық шағымнан бастап осы өлкеде тұрып келемін. Қазақ халқымен етене араласып кеттік. Қонақжай ұлттың өзге ұлт өкілдеріне қандай көмектер көрсеткенін жақсы білемін. Сон­дықтан да көп ұлтты бір шаңырақ астына топтастырып, тату-тәтті өмір сүруіне жағдай жасаған халыққа айтар алғысымыз шексіз, – дейді Шаған ауылының тұрғыны А.Альбиходжаева.

Айтулы күн ұлттардың бірлігін ұлықтап, Қазақстандағы бар­лық ұлысты жұмылған жұдырықтай тұтастыруға үндейді. Бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамы көп этностың басын бір арнаға тоғыстырған елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды.



Ердос БЕРКІНБАЕВ
30 сәуір 2022 ж. 391 0