Тұрақтылық пен бірлік – тұтастығымыздың тірегі

Егемен еліміздің жүріп өткен жолы мен жинақтаған тәжірибесінен, бағындырған белестері мен жарқын жетістіктерінен гуманизмнің, адал еңбек пен ақ ниеттің, шынайы достық пен ризашылықтың мыңдаған дәлелін көруге болады. Халқымыздың кең пейілінің арқасында және Елбасының тікелей бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының жемісті жұмысының негізінде миллиондаған тағдырлардың тоғысуы, жүздеген этностардың араласуы, олардың дәстүрлері мен ұстанымдарының ұштасуы ұлт болып ұйысуымызға, еңселі ел болып қалыптасуымызға негіз болды. Бұл – Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген барлық жетістіктерін айқындап, дамудың даңғыл жолына түсуімізге жол ашты. Сондықтан елді ынтымақ-бірлікке үндеген Ассамблея – елдегі татулық пен тұрақтылықтың тірегі ретінде бағаланады.
Сындарлы сәттерде сыр бермеген, игілікті істерге ұйыса білген, бірлігі бекем, тірлігі көркем Сыр жұртшылығы жабырқағанның жанынан табылып, жылағанды жұбатып, қиналғанды қуантуды ықылым заманнан азаматтық парыз санайды. Құт қонып, бақ дарыған қасиетті өлке тұрғындарының бір-біріне деген алғысы алқаусыз, ризашылығы риясыз, көңілі ақ, тілегі пәк болуы да заңдылық. Алаштың анасы, ұлтымыздың ұйытқысы бола білген Сыр өңірінің өсіп-өркендей береріне сенім мол. Ең бастысы, жүрегімізден жылу, жүзімізден мейірім, жанымыздан жақсы істер кетпесін! Кең пейіліміз бен мәрттігіміз кемелденуімізге жол бастап, ауызбіршілігіміз бен ынтымағымыз арта берсін!
Ақтөре Ибрагимұлы,
Сырдария аудандық мәслихатының депутаты,
Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі