Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Артына өшпестей із қалдырған

Артына өшпестей із қалдырған

Аманкелді ауылын­дағы №42 Қ.Бай­мағанбетов атын­­да­ғы мектеп-лицейінде та­ғылымы мол іс-шара ұйым­дас­тырылды. Бұл жо­лы ауыл әкімдігі, аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің қол­дауымен Құланбеков Базарбай Сақтан­ұлының еске алу арнал­ған тур­нир өткізілді.
Тал бесіктен тәлімді тәрбиені бо­йы­на жиып, жас та болса бастамашыл, іскер, білімді әрі жаңашылдыққа жаны құмар жан Құланбеков Базарбай Сақтанұлының дүниеден өтке­ніне бүгінде он жыл өтті. Бойына жи­ған қа­сиеті мен қабілеті арқылы аз ғана уақытта өзі қызыққан ғылым саласына, қызмет еткен ортасына, туған мекен мен өлкесінің дамуына теңіз тамшысындай қосқан үлесі Аманкелді ауылы тұрғындарының жа­дын­да жаңғырып жүретіні анық.
«Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдыр­ған…» демекші, өзі өмірден өткенімен артында өшпестей із қалдырған азаматтар аз болмаған. Жұртшылық ерек­ше естеліктермен еске алатын Базарбай Құланбеков шәкірт тәрбиелеумен қатар қазақша күрес­тен аудандық, облыстық, респуб­ликалық жарыстарда жеңіс биігінен көрініп, спорт шебері атанған азамат еді. Ерекшелігі сол, спортпен қатар шығармашылыққа да жа­­ны жақын болды. Шалғай ауылда тұрса да белсенділігімен көз­ге түсіп, «Республикалық жігіт сұл­таны» са­йысының екі дүркін жүл­дегері атанды. Жүрегі кең тұл­ғаның ұстаздығымен қатар әуесқой саз­герлігі мен ақындығы кез кел­генін таңдандырушы еді. Көзі тірі­сін­де үл­кен­ге кішіпейіл іні, кішіге қамқор аға, шәкіртіне ұстаз, отбасына аяулы жар, асыл әке бола білген 45 жыл­дық ғұмырында:
«Қосапан бойын жайлаған,
Ел едік бірлік ойлаған.
Тойларың тойға ұлассын,
Боламын менде қайнағаң» деп өзі өскен Аманкелді топырағында келін­дердің беташар рәсімін өткізіп, бақ тілеген. Сонымен қатар мәде­ниет үйінде әртістік, сазгерлік, ақын­дық қабілетімен танылып, бірнеше өлеңдер жазған. Ұстаз-ақынның қа­­ла­мынан «Бал бөпем», «Жиырма бес», «Төрт қатар өлеңі еді Базе­кеңнің», «Шайырлардың бірі едің», «Балдаурен еді-ау сол бір кез» атты өлеңдері өмірге келген.
«Оның рухани жан дүниесі та­за, мейірі мол жан еді» деп ес­ке алып, арнайы ас беріп, кеш өт­кіз­ген мектеп директоры Зейнұр Жа­манқұлов бастаған ұжым, саламатты өмір салтын насихаттау, білім саласы қызметкерлерінің тә­жірибесі мен спорттық шеберлігін арттыру мақ­сатында II бөлімнен тұ­ратын турнир өткізді. Алғашқы бөлімде оқу­­шы­лар қазақша күрестен 3 сал­мақ дәрежесінде бәсекеге түсіп, 35 келі салмаққа дейін Әлмағанбет Дін­мұхаммед бірінші орынды жеңіп алды. Ал Сақтан Абылайхан екінші орын иеленсе, Нәрікбай Нұрислам үшінші орын тұғырынан көрінді. Мұ­нан бөлек 35 келіде жоғары палуандар бәсекесінде Жақыпбек Бейбарыс бірінші орын иеленді. Сәбитбекұлы Ра­мазан екінші орын алса, Шәден Нұр­сұлтанға үшінші орын бұйырды. «Түйе палуан» атағымен Базарбек Аман­­дық есімді мектеп оқушысы мара­патталып, ақшалай сыйақы та­быс­талды.
Ұлағатты ұстазды еске алуға ар­налған турнирдің екінші бөлімінде волейболдан жарыс өткізілді. Турнир барысында №139, №174, №147, №44 және №42 мектеп-лицей ұстаз­дарынан жасақталған 6 команда са­йыс­қа түсті. Нәтижесінде I орынды №147 мектеп қанжығасына байлап, 30000 теңге сыйақымен, II орынды №42 мектеп-лицейі иемденіп, 20000 теңге сыйақымен марапатталды. Сондай-ақ III орын №44 мектепке бұйырып, 15 000 теңге сыйақы та­бысталды. Үздік ойын көрсеткен әр команда ойыншысы «Алғыс хатпен» және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Аталмыш кештің қорытынды бө­лі­­­мінде ұстаз, сазгер, ақынның жұ­байы, сыныптас достары мен қыз­­мет­тес достары қонаққа келіп, ес­те­лік­те­рімен бөлісті. Адал тірлігінің ар­қасында өзінің өрнекті мектебін қалып­тастырған, елінің құрметіне бөленген, халықтың қалаулысына ай­налған, қоғамдық өмірдегі толымды тұлғалық бейнесін қалыптастырған Базарбай Сақтанұлының өмір жолы жастарға үлгі-өнеге етілді. «Еліне аян­бай еңбек еткен Базекеңнің жүріп өткен жолын таразылай қарағанда жүрек тыныштығы сезіледі. Өйткені оның қалдырған ізі тарихтың үлкен белес­терінде, халқының жүрегінде мәңгілік сайрап тұр» деп тәмамдады өз сөзін келген қонақтар легі.
Ұлағатты ұстаз, ақын, сазгер Б.Құлан­бековті еске алу іс-шара­сының жо­ғары деңгейде өтуі­не аудан­дық спорт бөлімі, №42 Қ.Бай­мағанбетов атындағы мектеп-лицейі­нің ұжымы, Б.Құланбековтің достары, шәкірттері, отбасы, «Айгүл» ба­ла­бақшасының меңгерушісі, «Науановтар» отбасы де­меу­шілік жасады.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
23 сәуір 2022 ж. 812 0