Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өзіндік орны бар азамат

Өзіндік орны бар азамат

Маған Мәкең туралы жазуға ұсыныс түс­кенде жылы қабылдадым. Неге? Өйткені бұл азаматты елу жылдай уақыттан бері бі­леді екенмін. Біздің Марат Омаровпен достығымыз бала кезімізден бастау ал­ған. Біз Тереңөзектің табанында бірге ер жеттік. Яғни біз де «Майжарманың суына шомылып, қармағымызды асынып, «Әйтектен» балық аулап, «Қалғандарияда» доптаяқ ой­нап, мектепке бірге барғанбыз. Міне, осыдан-ақ бала шақтағы достықтың мәңгі бо­латыны айт­паса да түсінікті.

«Болар бала он бесінде баспын дер...» дегендей, ол мектепте үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Ол жастайы­­нан өз қатарлары арасында көшбасшы бо­луға бейімделді. Сонымен қатар Сыр бойында туған бала өскенде мұрап болуды мұрат тұтты. Оған себеп атасы Оспан Мәлібаев: «Мамандық таңдасаңдар мұрап болуға ұмтылыңдар» деп айтып отыратын. Өйткені су тіршіліктің бастауы екені бесенеден бел­гілі. М.Омаров орта мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда политехникумының гид­ро­меллиорация фа­куль­тетіне оқуға түседі. Арнаулы оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған соң екі жыл Украинада азаматтық борышын өтеді.

– Әскерден келген бойда Тереңөзек ау­дандық су шаруашылығы басқармасына ма­мандығым бойынша инженер-гидрометр болып жұмысқа орналастым, – деп еске алады Марат Жүсіпәліұлы жалынды жастық жыл­дарын. – Содан соң «Жаспен жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір» дегендей, кө­ңіліміз жарасқан Гүлбахарам арумен мәңгі бір болуға шешім қабылдап, отау кө­тердім. Келіншегім сол жылы Қызылорда қа­ласында медицина училищесінің фармацевт бөлімін бітірген болатын. Жұмысқа орналасуға жолдама сол кездегі Тереңөзек ауданы «Қазақ ССР 50 жылдығы» атындағы (қазіргі Н.Ілиясов ауылы) кеңшарға берілген. Сол ауылға қол ұстасып бірге бардық. Мен ау­дандық су шаруашылығы барқармасының сол жағалаудағы учаскесіне су өлшеуші аға-инженер болып бардым. Гүлбахарам дә­ріханаға орналасты. Кеңшардың директоры Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов ағамыз бізге жас маман ретінде үй берді. Көршіміз шаруашылықта жүргізуші болып еңбек ететін Дәурен ағай бізді қамқорлыққа алып, ауылда тұратын болған соң мал ұстауымыздың қажеттігін айтып, жол көр­сет­ті. Өйткені шайға қататын сүтті ауылда ешкім сатпайды. Малы өсімтал жақсы жер­ден сауын сиыр алуымызға көмектесті. Ауыл – алтын бесік. Сол жылдары төрт бағытқа мал кезегі ұйымдастырылатын. Ауылда Дөненбай деген ағамыз кезек кестесін қағазға сол жердегі бағанға жазып қоятын әрі қадағалайтын. Айына бір келетін кезекке мініс аттарын қамдап, бас мамандардан бастап қатысатын, – дейді М.Омаров.

Қолынан іс келетін, көпшілікті ортақ іске жұмылдыра білетін, ұйымдастырушылық қа­білетін бағалаған шаруашылық басшылары Марат Жүсіпәліұлын Нағи Ілиясов ауылына бас инженер-гидротехник қызметіне тағайындайды. Шаруашылыққа су бөлуден тәжірибесі мол бесаспап маман егін өсіруде барлық агротехникалық талаптарды сақтай отырып, кеңшардың дамуына елеулі үлес қосты. Бас маман ретінде жауапкершілікті өз мойынына алып, кездескен қиындықтарды жеңе білді. Бірде мынадай қиын жағдай орын алды. Тәжірибе үшін жасалған жүз гектар алқапқа күріш шықпай қалады. Тұ­қымды тоқтан өткізгенде күйдіріп жібер­ген болу керек. Тәжірибе жасаған ғалымдар үл­кен жауапкершілікке тартылу қаупі туындап, өзекті мәселеге айналды. Бас агроном Байлы Есмағамбетов екеуі дереу іске кірісіп, қиындықтан шығудың жолын іздейді. Кәнігі мамандар бірнеше тонна тұқым әкеліп, үш күн аянбай еңбек етіп, ұшақ арқылы әуеден өнбей қалған алқапқа суын қашырып тұқым себеді. Мұны ғылым тілінде «аэросев» деп атайды екен. Абырой болғанда әуеден сепкен тұқым көп ұзамай көк алып, егін-терім жиналғанда әрбір гектардан 55 центнерден өнім алынады.

Озат шаруашылықта бірнеше жыл бас маман болған М.Омаровты аудан басшылары «ХХІ партсъезд» атындағы кеңшарға бас инженер-гидротехник етіп тағайындайды. Еліміз Тәуелсіздігін алып, қоғамдық форма­ция өзгеріп, әкімдік институт енгізілген 1994 жылы 35 жастағы Марат Жүсіпәліұлы Қалжан ахун ауылына ауыл әкімі болып жұмысқа кіріседі. Бұл айлық, зейнетақы уа­қытылы беріл­мейтін ауыр кезең еді. Азық-түлік, оның ішінде басты өнім ұн да тапшы. Жас әкім ауылдастарымен бірге бұл ты­ғырықтан шығудың жолын іздеді. Қолы шебер азамат Сәрсенбай Ізтаев, Жақсылық Әлжапбаров ауылда ұн диірменін іске қосты. Сөйтіп, әр үйге кезекпен шелектеп ұн таратқан қиын кезеңдер бірте-бірте артта қалды.

Мына бір оқиға да тағылымды. Қал­жан ахун ауылында бір ауызы дуалы қарт өмір сүріпті. Өткен ғасырдың 90-ыншы жылдардың ортасында 90 жасқа жақын­дағанда өмірден өтіпті. Сол абыз ақсақал бақиға аттанарынан 4-5 ай бұрын таршылық заманға қара­мастан бір малын сойып, ауыл активін, оның ішінде әкім де бар, үйіне шақырыпты. Ешқандай бұйымтай айтпаған. Тек қонақ­тарды сыйлап жіберген. Бұл оқиға ұмы­тылып кеткен. Он-шақты жылдан кейін әлгі қарттың келіні ауданда жұмыс атқарып жүрген М.Омаровқа келіпті.

– Аға, қиын жағдайға душар болып тұр­мыз. Күйеуім ішкілікпен ұсталып, аудандық ішкі істер бөліміне түскен. Енді олар ең­бек ететін мекемесіне қатынас жіберсе, жұ­мысынан айырылады. Соның айлығына кү­нелтіп отырмыз. Атам қайтыс болар алдында: «Қиындыққа душар бол­саң­дар, осы үйде болған жігіттердің бас көтеріп, жұмыс істеп жүргеніне барыңдар, көмектеседі» деп аманат айтып кетіп еді, – депті әлгі келін.
Аманаттың жолы ауыр. Сол кезде жі­гіттерге жалғыз ұлын тап­сырып кеткенін түсінген Мәкең АІІБ-нің бас­тығына барып, мән-жайды айтады. Ол да мәрт жігіт екен, екі сөзге келмей өтінішті орындайды. Біле-білгенге бұл – әруақты сыйлау, аманатқа адалдық таныту.



Ауылда мектеп руханият ордасы саналады. Оның талапқа сай болғаны жас ұрпақтың сапалы білім алуына қызмет етеді. Өкінішке қарай Қалжан ахун ауылындағы мектеп бұрынғы кезде асармен салынған ескі ғимаратта орналасқан. Шатырының сау жері жоқ, төбесінен тамшы ағатын. Жаңа ғасырдың басында көктемшілік осы ауыл­ға аудан әкімі Әріп Қожбанов ке­леді. Ғима­раттың жағдайы мүшкіл еке­нін кө­реді. Сыртта жаңбыр жауып, төбеден су кетіп жатыр. Мектеп директоры Қ.Нұры­баев аудан басшысына «Әреке, 200 шифер алуға ықпал етсеңіз, шатырын жаңалар едім» деп өтініш айтады. Қай кезде де батыл шешім қабылдайтын, іскерлігі азаматтығына сай Әріп Қожбанов «Жаңа мектеп саламыз» деген ойын білдіріп, сол жерде ғимараттың жобасы да сызылады. Көп ұзамай ауылға Сейтқали Алшынбаев бастаған құрылысшылар келіп, іске кі­ріседі. Ауыл әкімі олардың алаңсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Мектепке бүкіл ауыл болып қаражат жинайды. Зейнеткерлер, мектеп мұғалімдері бір-бір айлығы мен зейнетақысын, қолдарындағы малдарына де­йін қосты. Шаруашылық басшысы Алданберген Құлбаев қоймадағы тұқымына дейін берді. Көп болып, ауыл әкімі, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бәку Күшікбаев, мектеп директоры Қайрақбай Нұрыбаев бастаған ауыл азаматтары қомақты қаржы ұйымдастырды. Жергілікті тұрғындар құры­лыс­шылардың бірде-бір бұрауына тимейді. Керісінше, балаларының білім ордасын салып жатқан жігіттерге ерулік береді. Білім саласының белгілі меценаты, облыстық мәс­лихат депутаты болған Сейтқали Алшынбаев жас ұрпаққа қуаныш сыйлауды қасиетті мекен Қалжан ахуннан бастаған екен. Бү­гінде белгілі кәсіпкер аймақ бойынша 10-15 мектеп, балабақшаны өз қаражатына сал­ған деген анық ақпарат бар. Ал Қалжан ахундағы мектепті білікті құры­лысшының бригадасы 5 айда салып бітіріпті.

Қашанда ел басқару оңай емес. Ха­лық­­қа қызмет жасаған адам ел есінде қа­лады. Ауылдың ауызбіршілігін сақтап, 13 жыл әкім болған Марат Жүсіпәліұлына қал­жан­ахун­дықтар әрдайым құрметпен қарай­ды. Той, ас-құдайыларынан қалдырмайды.

М.Омаров ауыл әкімдігінен кейін 10 жыл «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды. Елмен етене араласа білетін па­расат пайымы жоғары, білікті азамат бұл қызметте де абыройлы жұмыс жасады. Кент пен ауылдарды аралап, қоғам­дық қабылдаулар өткізді. Елдің өзекті мәселелерін шешуге белсенді атсалыс­ты. Ғасыр құрылысы саналатын «Сырдария» өзеніне салынған кө­пірге жерлесіміз, сол кездегі ҚР Мәжіліс депутаты Жақып Қажыманұлы Асановтың еңбегі зор. Ал сол құрылыстың сапалы жүр­гізілуіне сол кездегі аудан әкімі Ғанибек Қазантаевтың тапсырмасымен ауданнан Марат Жүсіпәліұлы партиялық бақылау жа­­сады. Нәтижесінде жұмыс сапалы аяқ­талды. Аудандағы теміржол вокзалын жөн­деуге халықты ұйым­дастырып, 2010 жылы алты миллионан астамға қаржыға ша­тырын жауып, әрлеп қайтадан қалпына келтірді. Ау­дан­дағы асармен жасалған құры­лыс­тардың басынан Мәкең табыла білді.

Әрбір істен оңды нәтиже көруді көз­дей­тін іскер азамат 8 жыл аудандық Қо­ғамдық кеңесті басқарды. Бұл құрылым билік пен халық арасындағы алтын көпір саналады. Қоғамдық кеңес арқылы аудандағы көп­теген өзекті мәселелер оң шешімін тапты. Жұмысқа орналасу, сыбайлас жем­қор­лықтың алдын алу, кадр мәселесі кеңес­те тал­қыланып, әділетті шешіліп отырды. Біздің аудандық Қоғамдық кеңестің тәжірибесі үлгі ретінде республикаға тара­тылғаны мә­лім. Оған зиялы қауым өкілдерімен бірге М.Ома­ровтың да еңбегі сіңді.

Марат Жүсіпәліұлы 2017 жылдан бері ау­дандық мұражайға жетекшілік етеді. «Сыр­дария ауданының Құрметті азаматтары» Сейітмұрат Ембергенов пен Алма Бақтия­ро­ваның мұражай саласындағы ізгі істерін одан әрі жалғастырып, бұдан 2-3 жыл бұ­рын аудандық «Еңбек даңқы» музейінің ашы­луына белсенді атсалысты. Мыңдаған құнды деректер мен экспонаттардың жиналуына басшылық жасады. «Еңбек – әлемнің әміршісі» дегендей, бүгінде ауданға келген мәртебелі меймандар музей жұмысымен танысып, оң бағасын беріп жүр.

Қоғамдық жұмыста азаматтық бел­сен­ділік танытып, отбасында үлгі болып жүр­ген Марат Жүсіпәліұлы – жарасым­­ды жанұяның басшысы. Сүйікті жары Гүл­бахарам екеуі қыздарың қияға, ұлын ұяға қон­дырып, олардан алтын асықтай неме­релер сүйіп отырған бақытты ата-әже. Ұлы Нұржан әке жолын қуып, мемлекеттік қызметтен тәжірибе жинақтауда. Ұрпақтар сабақ­тастығы Омаровтар отбасында осылайша лайықты жалғасын тауып жатыр.

Пайғамбар жасын бағындырып отырған қарапайым, парасатты азамат Марат Жүсіпәліұлына зор ден­саулық, отбасына бақыт пен шаттық тілей оты­­­рып, әлі де қоғамға, ауданға қа­жет­ті, игі­лікті істерді көптеп атқарады деп сенемін.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
ҚР Журналистер
Одағының мүшесі
19 сәуір 2022 ж. 480 0