«Айтбай арығы» немесе қолмен қазылған канал
Мені жер-су атаулары қызықтырады. Кезінде жоғарғы оқу орнының география факультетін бітіргенмін. Бір-екі жыл осы пәннен сабақ бергеннен кейін журналистика саласына ауыстым. Оған да міне, 35 жыл болыпты. зымыраған уақыт деген осы. Жалпы, География – таңғажайып әлем болса, журналистика барлық ғылымдардың жылнамашысы іспетті.
Біз «Айтбай арық» атауын бала күнімізден естіп өстік. Есейген соң оның адам атына байланысты қойылғанын білдік. Осы орайда, әр атаудың өзіндік қойылу ерекшелігі болатынын айтқан ләзім. Мысалы, Тереңөзектің «Майжарма» каналы 1926 жылы май (мамыр) айында пайдалануға берілгендіктен осылай аталған. Канал қолмен қазылған. 400 кетпенші қазды деген дерек бар.
Жоғарыда мені жер атаулары қызықтырады деп айтқанмын. Бала күнімізде ауылдан Қызылордаға автобуспен баратынбыз. Жолда қалаға жақын елді мекенді көпшілік «Көліс» дейтін. Неге бұлай аталды екен деп ойлайтынмын. Жақында оның шешімін тауып, жаңалық ашқандай болдым. «Көлістің» неден шыққанын табуға көпжасағыр құрдасым Жұмабай Байзақұлының «Бесарықтан Берлинге дейін» атты кітабы көмектесті. Бұл жерде соғысқа дейін «Колос» деген колхоз болыпты. Атау содан берілген екен.
Ал, «Айтбай арық» атауын зерттей бастағанда оның тарихы тағылымды болып шықты. Тереңөзектей қасиетті мекеннің бір аумағын суландырған адам тегін бола ма? Қолдағы деректерге сүйенсек, Айтбай Нұрымбетұлы – Сыр өңірінде суару жүйелерінің негізін қалаушылардың бірі, мұрап. Ол кісі «Майжарма» каналының қазылуына жол көрсеткендердің бірі. «Майжарма» каналы дариядан бастау алатын «Әйтек» каналынан су алып, аудан орталығын қақ жарып өтеді. Орталықта тұратындар осы каналдың игілігін көрсе, сол кездегі «Қызылдихан» колхозының тұрғындарына, егінге, бақшалық жерге аяқ су жетпейді екен. Мұны көптен ойластырып жүрген Айтбай Нұрымбетұлы «Әйтектен» Қызылдиханға қарай өзі бастап, ауыл адамдарын жұмылдырып, арық қазады. Бұл туралы мұраптың қызы Күләш Таюпова былай деп еске алады:
– Мен ол кезде 5-6 жаста болуым керек. Арықты қазғанда әкем мені қасына ертіп жүрді. Алғашқыда өзі бастады, содан кейін колхоз адамдарына бес сырықтан (метр) бөліп берді. Ол кезде қазіргідей техника атымен жоқ. Бәрі қолымен қазылды. Арық қазушылардың көбі әйелдер болды, – дейді К.Таюпова.
«Әйтектен» бастап қазылған үлкен арық теміржолға дейін созылып жатыр. Алғашында таяз болған арық табанына су барғаннан кейін тереңдеген, кеңейген. «Қызылдиханға» аяқ су жетіп, ол халық игілігіне айналған соң, арыққа Сыр мұрабының есімі берілген.
Бір қуанарлығы, бұрынғы «Қызылдихан» қазіргі О.Мәлібаев ауылында атақты мұрабтың көзін көрген адамды да кезіктірдік. Ол тоқсанға аяқ басқан Құрманкүл Емжарова апамыз.
– 1950 жылы «Қызылдиханға» келін болып түстім, – деп сөзін сабақтады Құрманкүл апа. – Ол кезде бұл маңда бақша көп болатын. Айтбай аға бастаған колхозшылар тал, жеміс ағаштарын егіп, ауылды көркейтті. Үлкен арықтың сағасынан бастап табанын қазып, су жібергеннен кейін шалаудан тазартатынбыз. Бұл жұмыс атақты мұрабтың бастауымен жыл сайын атқарылатын, – дейді ол.
Бүгінде «Айтбай арық» каналы О.Мәлібаев ауылының негізгі суландыру жүйесі болып саналады. Ауыл тұрғындары жаз бойы есік алдындағы егістерін суарып отыр. Кезінде Сыр мұрабы ұйымдастырған үлкен жұмыстың нәтижесінде мұнда қазір аяқ суға қатысты мәселе жоқ.
2019 жылы Айтбай Нұрымбетұлына ас беріліп, О.Мәлібаев ауылына кіреберіс көпір жанынан белгі қойылды. Тағы бір айта кетерлігі, «Айтбай арық» каналы көптен бері тазартылған жоқ. Арықты тазарту қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі