Тоғыз түлектің бірімін
Қасиетті қарашаңырақ, білім ордасы, бізге өмірге жолдама берген №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектептің ғасырлық мерейтойы биыл өтетіндігі жайлы ақпаратты аудандық «Тіршілік тынысы» газетінен оқып, білдім. «Көк дөнен жүйрік пе, көңіл жүйрік пе?» дегендей, осыдан 73 жыл бұрынғы жастық шағым ойға оралды.
Тереңөзек ауданы орталығындағы №35 М.Калинин атындағы орта мектепті 1946 жылы 9 оқушы бітірдік. Бұл білім ордасын Ұлы Отан соғысы басталудан бұрын алғашқы болып бір топ оқушы бітірген екен. Мектепті екінші болып бітірген түлектердің қатарында менімен бірге Сәпиулла Абдулпаттаев, Әбілда Ахметов, Сұлу Бержанова, Нағима Бұхарова, Муса Ысқақов, Қауыш Қазбеков, Қани Сейдахметов, Нұрылда Уәлиев болды.
Біз мектепте оқыған жылдары оны Оспан Абдулпаттаев ағай басқарды. Қадір Бердалиев тарихтан, Мұқаш Жақсылықов химиядан, ал Алтайбек Дүйсенбаев математикадан дәріс берді. Арамыздағы Сәпиулла Абдулпаттаев Алматыдағы ҚазГУ-дың тарих факультетіне, ал Әбілдә Ахметов, Нұрылда Уәлиев, Қани Сейдахметов және мен төртеуміз Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне оқуға түстік.
Нағима Бұхарова аудандық комсомол комитетіне, Муса Ысқақов есепші болып қызметке кірісті. Сұлу Бержанова тұрмысқа шығып кетті.
Түлектердің арасында С.Абдулпаттаев тарих ғылымдарының докторы, Нұрылда Уәлиев тарих ғылымдарының кандидаты, Қызылорда облыстық комсомол, партия комитеттерінде басшы, «Ленин жолы» газетінің бас редакторы, Ә.Ахметов, Қ.Қазбеков пен Қ.Сейдахметов мектеп директоры, М.Ысқақов совхоздың бас экономисі болып қызмет атқарып, өмірден озды. Ал мен 12 жыл аудандық партия комитетінде жауапты жұмыстар атқарып, 20 жыл мектеп директоры болып, зейнет демалысына шықтым.
№35 мектептің үшінші түлектері Алмат Пірімбетов, Сақыбек Алданазаров, Нұрылда Әбдірәсілов, Қали Дайрабаев, Мүзаппар Байхожаев екенін білемін. 1951-1952, 1952-1953 оқу жылдарында осы мектептің бұрынғы түлектері – жоғарғы педагогикалық білім алған Ә.Ахметов, Н.Әбдірәсілов, Қ.Сейдахметов және мен өз мамандықтарымызмен түлеп ұшқан мектебімізде мұғалім болып еңбек еттік.
Мектеп директоры болып әуелі Омадияр Адамбаев, сонан соң Уайда Бисембаев болды. Сол жылдары қарт педагогтар Оспан Абдулпаттаев, Шайхы Нұржанов, Шәймен Сапарбаев, Әбдіғаппар Сәменов, Аққайыр Қоржынбаев, Бибіажар Боранқұлова, Рахима Қызылхожаева, Ырысмахан Мығымбаев, Қали Дайрабаев, т.б. ұстаздармен бірге қызмет еттік. Мектептің оқу ісін Нұрғали Серікбаев, Мәлік Науанов басқарды.
Мектептегі қызмет еткен жылдарда қоғамдық негізде бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болдым. 1952 жылы Ырысмахан Мығымбаев екеуіміз ауданда тұңғыш рет пионер лагерін ұйымдастырдық. 1953 жылы әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышымды өтедім. Кейін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімді қосып, білім саласында ұзақ жыл еңбек еттім.
Аудан тарихында өзіндік орны бар №35 орта мектебінің алғашқылардың бірі болғанымды мақтаныш етемін.
Рақымжан қажы БӘЙМЕНОВ,
Сырдария ауданының Құрметті азаматы,
тыл және еңбек ардагері