Бағы жанған Бақдәулет
«Болар бала болмысынан» демекші, талабы таудай талантты оқушы Бақдәулет Төлебай болашақта биік белестерді бағындырып, ата-анасының үміті мен ұстаздарының сенімін ақтайды деп ойлаймыз. Өйткені өнерге құштар тереңөзектік өреннің аяқалысы жақсы, жетістігі де көп. Өткен аптада балақай әжесі Роза Рахымбаевамен бірге редакцияға келіп, бізге жетістіктерін баяндап, мәнерлеп өлең оқып, арман-мақсаттарымен бөлісті.
Бізбен сәлемдескеннен кейін «Мен әжемнің баласымын» деп бастады алты жасар Бақдәулет әңгімесін. Пейілі пәк, ниеті ақ балақайдың айтуынша, құжатта тегі Бақытжанұлы деп «қате» жазылған екен. Балақай өзінің тегі Әжеұлы деп жазылып тұруы қажет деп санайды. Бұл – баланың әжесінің мейір-шапағатына, кіршіксіз махаббатына бөленіп, ерекше жылылық сезінгенін аңғартты. Сөйтіп әжесінің баласымен біз әңгімемізді жалғастырдық.
Жасы алтыда демесеңіз Бақдәулет үлкендерше сөз саптайды. Отбасында бір ағасы, бір әпкесі және бір інісі бар екен. Қазір №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің даярлық сыныбында оқып жүрген ол балабақшадағы тәрбиешілерін де ұмытпапты.
– Менің балабақшада Гүлсім, Әлия, Жадыра, Гүлбарша деген апайларым болды. Гүлсім апай мені көп жарыстарға қатыстырды. Кейін әнші Руслан аға (авт – Руслан Садықов) қолдау көрсетті. Содан Болгария, Украина елдеріндегі және өзіміздің еліміздегі халықаралық, республикалық шығармашылық байқауларда топ жардым. Көп дипломдар алдым, – деді ол.
Немересінің сөзін әжесі Роза Мәлікқызы жалғай түсті. Ол кісі баласының талабы мен талантын ұштастырып, бос уақытын жақсы істерге бағыттаған балабақшасына, мектеп ұжымына зор ризашылықпен алғыс айтты.
– Немерем қазір кішкентай «жұлдыз». Бәріміз Бақдәулеттің жетістігіне қуанамыз. Ұстаздарына мың алғыс. Әсіресе №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі даярлық сыныбына қабылдап алған Гүлмира Сүлейменоваға, қазіргі сынып жетекшісі Әйгерім Жақсылыққа алғыс айтамыз. Немерем қазір мектепішілік іс-шаралармен қатар аудандық деңгейдегі мәдени-көпшілік, рухани-танымдық іс-шараларда өнер көрсетіп жүр. Көрнекті ақындардың өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқиды. Сізге де бір өлең оқып берсе, – деді әжесі.
Біз бәрекелді десіп, талантты баланың шабытына дем бердік. Бақдәулет бізге ақын Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңін оқып берді. Оқу дағдысы, дауыс ырғағы, кейіпкердің өлеңдегі сезімі мен толқынысын эмоциямен жеткізуі көңілімізден шықты. Қол соғып, арқасынан қақтық. Болашақта өнер, мәдениет саласының қайраткері атанып, өмірден өз орнын тапсын деп тілектестігімізді білдірдік.
Енді Бақдәулеттің жетістіктеріне тоқталсақ. Ол былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілген республикалық «Тәуелсіздік – маңдайдағы бағым бұл» атты өнер байқауында бас жүлде иеленіпті. «Жұлдызды қолтаңбаңды бізбен бірге қалдыр» жобасы аясында ұйымдастырылған байқауда «Көркөмсөз» аталымы бойынша топ жарған балақай жетекшісі Әйгерім Жақсылық екеуі дипломмен, сертификатпен марапатталған. Мұнан бөлек өнерлі өрен Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген халықаралық «ALASH STAR» өнер байқауының бас жүлдесін иеленген. Осы байқауда Бақдәулеттің талантын «Дарын» жастар сыйлығының иегері, жырау Күнсұлу Түрікпен мен белгілі күйші Ардақ Елеусіз жоғары бағалапты. Ал продюсер, «ALASH» өнер орталығының директоры А.Бақсейтқызы өнерлі бүлдіршіннің болашақта өнер өлкесінің жарық жұлдызы атанатынына сенім білдірген. Мұның бәрі – үздіксіз ізденіс пен еңбектің нәтижесі.
– Даярлық сыныбында 22 бала білім алады. Бақдәулет орыс сыныбында оқыса да қазақшаға жетік. Соңғы кездері баланың қарым-қабілетіне қарай орыс халқының көрнекті ақындарының патриоттық өлеңдерін де жаттатып жүрміз. Сыныбымызда Бақдәулет секілді белсенді, оқуда озат Нұршах Нұрбол, Жанель Нұрхан, Алинұр Кеңесбай есімді оқушылар бар. «Әр бала – бір жұлдыз» демекші шәкірттерімнің білімді, өнерлі болуына қолдау көрсетуді міндетім деп санаймын, – дейді сынып жетекшісі Әйгерім Ғазизқызы.
Сегіз қырлы, бір сырлы оқушы бүгінде аудандық мәдениет үйі жанындағы «Сыр жастары» драма үйірмесінің мүшесі ретінде мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысып жүр. Драма үйірмесінің жетекшісі Дәулет Асановтың айтуынша, Бақдәулет былтыр Тұңғыш Президент күніне орай өткізілген салтанатты іс-шарада ауыл баласының рөлін сомдаған. Сондай-ақ «Көксерек»-тегі басты рөл иесі Құрмаштың бейнесін сахнаға жоғары деңгейде алып шыққан. Аудандық балалар кітапханасындағы танымдық, әдеби кештерде ақын Абай Құнанбайұлының, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқып, түрлі көріністерге қатысып жүрген белсенді оқушыдан болашақта жақсы актер шығады дейді өнердегі аға-әпкелері. Бұл ізденісті серік еткен Бақдәулеттің өнерге, әдебиетке деген құштарлығын білдіреді.
– Немеремнің әр жетістігіне ерекше қуанамын. Бұлар біздің болашағымыз ғой. «Балаң өскенше, немерең өлгенше» деген рас екен. Бақдәулетім былтыр «Bala Daryn» жобасы аясында Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай балабақша, мектеп оқушылар арасында өткізілген «Кел, балалар, оқиық» атты республикалық байқаудың І орын иегері атанды. Сонымен қатар республикалық «Мұқатаев оқулары» өнер байқауының жеңімпазы болды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған «Тіл болашағы – балабақшадан» байқауында да диплом алды. Немеремнің марапаттары мен естелік сыйлықтары үйіміздің сәнін ашып тұр, – дейді әжесі бізбен әңгімесінде.
Балабақшада жүріп-ақ жетістіктерге жетіп, байқауларда топ жарып тәрбиешісі Гүлсім Құлымбетовамен, анасы Шынар Бекетаевамен бірге «Qyzylorda» телеарнасына сұхбат берген бала Бақдәулеттің алар асу алда деп ойлаймыз. Бағы жанған өнерлі өренге шығармашылық сәттіліктер мен бақытты балалық шақ тілейміз!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ