Білімді бүлдіршін
Кәусар Ербол – №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің бастауыш сынып оқушысы. Ол балабақша мен мектеп табалдырығын аттаған кезден бастап алғыр, талапты, ізденімпаз оқушы болып өсіп келеді. Бүгінде балақай халықаралық білім бәсекелеріне қатысып, топ жарып жүр.
Шуақты мереке қарсаңында озат оқушының талабына дем беру мақсатында оның жетістіктері мен арманы туралы жазуды жөн көрдік. Балақай бізге жаттаған тақпақтарын зор құлшыныспен айтып берді.
– Маған тақпақ жаттаған ұнайды. Сабағымды да жақсы оқимын. Әкем де, анам да сабағымды қадағалап отырады. Ал сынып жетекшіміз Зина Досжанова қазіргі таңда білім алудың, көп тіл меңгерудің маңызды екенін айтады. Сондықтан болашақта көп тіл меңгергім келеді, – дейді талабы таудай бүлдіршін.
Айта кету керек, бүлдіршін әнші, эстрада жұлдызы Жеңіс Ысқақованың жиеншары. Ол дарынды әншімен әр кездесуден ерекше әсер алатынын, болашақта ел сенімін ақтаған талантты тәтесіндей өнерлі, ел танитын тұлға болғысы келетінін айтады. Мектептегі ұстаздары да Кәусарды белсенді, ізденімпаз оқушы санайды.
– Кәусар Нұрболқызы жақында ғана республикалық деңгейде өткен зияткерлер олимпиадасына қатысып, І орын иеленді. Ол халықаралық «Пони» әлемге жол ашады» атты конкурстың да жеңімпазы атанды. Озат оқушы – аудандық жарыстар мен мектепішілік іс-шаралардың да белсенді қатысушысы. Болашағынан көп үміт күтеміз, – дейді сынып жетекшісі З.Медетбайқызы.
Озат оқушының ата-анасы балаларының оқуы мен тәртібіне ерекше мән береді. Ал Кәусардың үлкен әжесі Күлпәш Беркімбаева мен нағашы атасы Шері Әлиев немерелерін өмірдің бар байлығы мен бақыты деп санайды.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ