Бағы жанған Бақдәулет
Талабына нұр жауған Бақдәулет үш жастан бастап түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындармен қанжығасы майланып келеді.
Биыл беске толған балақай мәнері мен нақышын келтіріп, арқаланып өлең оқығанда тыңдарманның аузына еріксіз «әп, бәрекелді» түседі.
Тілі шыққаннан өлең сөзді жаттауға, оны мәнерлеп оқуға деген ерекше таланты мен талабын байқаған ата-анасы балаларын өнер жолында баули бастаған. Бақдәулеттің талай сайыста бағы жануына үлкен септігін тигізген, кішкентайынан тәрбиелеп өсірген әжесі – Р.Рақымбаева.
– Бақдәулет – әжесінің баласы. Кішкентайынан есте сақтау қабілетінің мықтылығы мен ерекше дарынын байқап, түрлі байқауларға қатыстыра бастадық. Баланы шығармашылыққа бағыттап, ықтияттап тақпақты жаттатын да әжесі, – дейді өнерпаз бүлдіршіннің анасы Шынар Бекетаева.
Алғашқыда онлайн байқауларда бақ сынаған өнерлі балапан маусым айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Alash star» байқауына қатысып, ауданның ғана емес, облыстың мерейін үстем етті. Халықаралық байқауда тақылдап тұрып, еш саспай М.Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін жатқа оқыған бүлдіршін бас жүлдені жеңіп алып, арнайы «Алғыс хат» пен кубокқа ие болды.
Бұған дейін Парижде өткен халықаралық «Торонто», Польшада өткен «Калейдоскоп талантов», Украинадағы «Яркие таланты осени» фестивальдерінде, Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Алаш оқулары», «Мақатаев оқулары» байқауларында, Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай өткізілген республикалық «Кел, балалар, оқылық» жарысына онлайн қатысып, жүлделі орындарды еншілеген балақай өлең оқуға біртіндеп төселіп келеді.
Қазір кент орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей жанындағы «Балапан» шағын орталығының тәрбиеленушісі Бақдәулеттің бағымен қатар бабын келтіріп жүрген ұстаздары Г.Құлымбетова мен Ә.Берденованың еңбегі ерен.
Отбасындағы төрт баланың ортаншысы Бақдәулет Төлебай аға-әпкесінің ізін басса, соңынан ерген інісі Рамазанға үлгі болып жүр.
Ертеңінен көп үміт күттіретін кішкентай өнерпаздың болашағы жарқын, жолы ақ болсын деп тілейміз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ